Еңбекпен ғана ел дамиды немесе кооперативке бірігудің тиімділігі қандай?

Еңбекпен ғана ел дамиды немесе кооперативке бірігудің тиімділігі қандай?

Еңбекпен ғана ел дамиды  немесе кооперативке бірігудің тиімділігі қандай?
ашық дереккөзі
241
Елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса назар аударылатыны белгілі. Қолға алынған маңызды шаралардың бірі – ауылшаруашы­лығы кооперативтерін құру.  Кооперативтің шынайы мәні – кооператив мүшесінің кіріс алып, еңбек өнімділігін арттыруы. Егер ол қолда бар ресурстармен сол жер телімінде, сол мал санымен көп өнім өндірсе, онда ол көп ақша жасап, өз бизнесін дамытады. Сондықтан, 2015 жылы қазан айының соңында ауыл шаруашылығындағы шағын өндіріс мәселелерін шешуге арналған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы Заң қабылданды. Ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың маңыздылығын шетелдік тәжірибелер дәлелдейді. Мысалы, АҚШ-та 1950 жылдан 2006 жылға дейінгі аралықта шағын шаруа қожалықтарының саны 3 есеге азайған, ал орта шаруа қожалық иелері 2 есеге өскен. Кооперативтік шаруашылықты құрудың негізгі шарты – оны ұйымдастыру үшін біріктірілген кәсіпорындардың және шаруашылықтардың мүдделерін сақтау. Қызметтің мақсаты мен сипатына байланысты кооперацияның төмендегі түрлерін анықтауға болады: тұтынушылық, өндірістік, кәсіп­ші­лік, жабдықтау, өткізу, несиелік, тұрғын үй және т.б. Қазақстанда ұсақ тауарлы шаруашылықты кооперациялау жұмысы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы заңның қабылдануы кооперацияны дамытудың негізгі кедергілерін жоюға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, кооператив мүшелері табысты өзара бөлісу құқығына ие болды. Кооператив қызметіне жыл сайын аудио жүргізу, ревизиялық одақтар институтын дамытуға жағдай жасалды. Үш заңның орнына бір заң қолданылатын болды. Арнайы заң «Мал шаруашылығы кооперативі» деп аталады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызмет түрлері нақты сәйкестендірілді. Фермерлік шаруашылықтарға, шаруа қо­жалықтарына, ауыл шаруашылығы ко­опе­ративтеріне, жеке кәсіпкерлерге 6 түрлі кредиттік өнімдер бойынша микрокредиттер беру жалғасады. Айтпақшы, ол несие қаражатты қорасында мал ұстайтын ауылдықтар (жеке қосалқы шаруашылықтар) да иелене алады. Оның екі жолы бар. Бірінші, олар өнімін дайындаушы орталықтарға өткізіп тұруы қажет. Екінші нұсқа бойынша, жеке кәсіпкер, фермер не шаруа қожалығы мәртебесіне өтуі шарт. Өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі құралы «көлденең» және «тік» (зәкірлік) кооперация болмақ. Зә­кірлік кооперация шағын және орта шаруа қожалықтары мен фермерлердің және олар құрған кооперативтердің өңдеуші және жүйе құраушы кәсіпорындармен серіктестігін көздейді. Кооперативтерге қауымдастықтар немесе өздерінен де ірі кооперативтер құруға мүмкіндік беріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтар да кооперацияға «дара кәсіпкер, фермер, шаруа қожалығы формасында» қатыса алады. Бұл дамыған елдердің үлгісінен алынды. Жаңа Зеландия, Голландия, Швеция, Дания, АҚШ және Оңтүстік Кореяның шағын және орташа фермерлері ірі кооперативтерге бірігіп, өздерінің тиімділігін арттыруда және нарықтарды бірлесе жаулап алуда. Кооперативтерге кепілдік жүктемені азайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан арнайы механизм мақұлданып, іске қосылды. Егер кооператив несиелік қаржыға сүт қабылдау бекетіне немесе мал сою бекетіне қажетті модуль сатып алатын болса, кепілдікке сол модульдің өзі алынады. Шілде айынан бастап модульдерге сүт тасымалдау көлік пен рефрижераторлар қосылды. Мұндай жағдайда кооперативтің инвестициялық шығындарының 50 пайызы мемлекеттен субсидия арқылы жабылады. Тағы бір жаңалық сол, кооперативтерге қызмет көрсету үшін арнайы портал құрылатын болды. Сонда әр кооператив тіркелуге міндетті. Бұл портал ақпарат жинауды автоматтандыруға және кооператив деректерін мониторингтеуге, нәтижелерін бағалауға, жұмыс орындары санының және әр қатысушының еңбек өнімділігінің есебін жүргізуге, цифрлық сауаттылыққа оқытуға, кооперативтер мен қатысушылар арасында өзара рейтинг жүргізуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияның арқасында шаруа қожалықтары өз өнімін ірі сауда орындарына, тіпті шетелдің нарықтарына сата алады. Бүгінде ірі сауда ұйымдарының картоп, ет, көкөніс және тағы басқа өзімізде бар өнімдерге сұранысы өте жоғары болып тұр. Бір шаруа қожалығы ондай сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Ал дүкендер үшін бірден үлкен тапсырыстармен жұмыс істеген тиімді. Міне, дәл осындай жағдайда кооперацияның артықшылығы мол. Жаңа бағдарлама аясында сиыр сауып, өздігімен пайда тауып жүрген шаруалар өзара бірігіп, сүт қабылдау бекетін аша алады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес, бес жылдың ішінде республика бойынша мыңға жуық сүт кооперативтері ашылады. Оған қатысатын адамдардың саны 350 мыңнан асады деген болжам бар. Осы кооперативтерден жиналатын сүттің бәрін зауыттарға жіберіп, отандық өндірісті толыққанды жүктеу көзделген. Сөйтіп, қазақстандық маркамен шығатын сүт пен сүт өнімдерін барынша арттыру жоспарланып отыр. Сүт қабылдау бекеті ашылғаннан кейін үкімет оған кеткен шығынның жартысын өтеп беруге әзір. Оған қоса, сүттің әрбір литрі үшін қосымша ақша, яғни субсидия төлейді. Былайша айтқанда, ауыл xалқының сүтті отандық зауыттарға тапсыруға деген ниетін күшейту үшін мемлекет әрбір литр үшін қосымша ақша төлейді. Бұрын ондай субсидияларды тек ірі фермерлер ғана алатын. Енді, ондай қолдау шаралары барлығына тең болады. Ал сүт қабылдау бекетіне кеткен шығынның жартысын мемлекет «ҚазАгро» xолдингі арқылы өтеп береді. Кооператив тек шаруалардың бірігуімен ғана шектелмейді. Оның аясында ветеринария, агроxимия, жем-шөп дайындау, тұқым, теxника, қолдан ұрықтандыру мен несие беру қызметтері кіреді. Осындай үлгіде ет, құс пен көкөніс кооперативтерін де құру жоспарланған. Қорыта келгенде, бүгінгідей алма-ғайып кезеңде «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп әркім өз бетінше тірлік қылмай, ортақ мүдде, ортақ істің төңірегіне бірігіп, жұмыла еңбек ету уақыт талабы болып отыр.

Әсел ӘНУАРБЕК

«Тúrkistan»

Серіктес жаңалықтары