818
Аягүл МИРАЗОВА: Ұстазға деген шынайы құрмет қана оның мәртебесін көтереді
Аягүл МИРАЗОВА: Ұстазға деген шынайы құрмет қана оның мәртебесін көтереді
Тәуелсіздік жылдарында білім саласында көптеген реформалар жасалды. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Тамыз кеңесінде де жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар сөз болды. «Үш тұғырлы тіл» саясаты, ұстаз мәртебесі, оқулық сапасы сынды күн тәртібіндегі проблемалардың ара-жігін ажыратып, тарқатып айту үшін Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, ардақты ұстаз Аягүл Миразовамен сұхбаттасқан едік.
– Аягүл Төреқызы, әңгімемізді таяуда ғана елордада өткен Қазақстан мұғалімдерінің алқалы жиынынан алған әсеріңізбен, ойыңызбен бастасақ...
– Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Білім және ғылым» атты дәстүрлі Тамыз кеңесінің биылғы жаңалығы көп болғаны рас. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан ұстаздар мінберге көтеріліп, өздерінің көкейлеріндегі ойларын ортаға салды.
Тағы бір қуантқаны – алқалы жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, келелі мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген сөзін келтірді. Ұстаз осы ұлағатты ойды, ізгілікті өсиетті әрқашан алға қоюы тиістігін тағы да айтып өтті.
Ұрпақтың тәрбиесі, білімділігі – еліміздің таптырмас байлығы. Бірақ оған саналы, сапалы түрде жетуге қандай мүмкіндіктер бар немесе қиындықтар бар. Осыған жете мән беру керек. Електен өткізіп айтылып жатқан пікірлерді қолдап, дұрыс-бұрыстығын таразыға сала отырған абзал. Президент осындай шындыққа жанасатын сындарға тоқталып өтті. Мұғалімнің біліктілігін арттыру мәселесіне, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына ерекше көңіл бөлу қажеттігін де әңгімеледі. Білімді дамытудың стратегиясын сөз етті.
Президент қала мен далада да білім деңгейі бір шамада болу керектігін әкімдерге, білім саласы жетекшілеріне ескертті. «Материалдық, техникалық, қаржылық және сауаттылық жағынан да қала мен дала мектептерінде айырмашылық болмауы керек» деді. Бұл көпшіліктің көкейіндегі жиі айтыла бермейтін сөз болатын. Соның назарға алынғанына қуандық.
Отандық ғылымды қаржыландыру мәселесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мынадай тамаша сөзін тілге тиек етті: «Елді түзетуді бала оқытуды түзетуден бастау керек». Сонда бала оқытуды жүйелесек, біз керемет елдің іргетасын қалаймыз дегені ғой. Өте керемет, қай заманда айтылса да, бүгін де өзектілігін жоймаған ғибрат. Бұл жерде ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын да меңзеп тұр. Яғни, білімді бала жадына тәрбие арқылы сіңірген дұрыс. Бұл тек Үкіметтің ғана жұмысы емес, бұл – әрбір азаматтың, ата-ананың жауапкершілігіндегі шаруа. Жауапкершілікпен жасалған жұмыстың нәтижесі сөзсіз көрінеді.
– Менің білуімше, осы Тамыз кеңесінде қоғам талқысында жүрген бірқатар түйткілдер де сөз болды. Мәселен, жаңа өзіңіз айтқандай, бала тәрбиесі, «Үш тұғырлы тіл», әліппе мәселесі, жалақының жыры... Осы дүниелерге қатысты ойыңызды білгіміз келеді.
– Иә, қазіргі таңда үш ауысымдық мектептерге қатысты әңгімелер бар. Шағын мектептерді жабу қажет деген пікірлер айтылып жүр. Ал ауылдағы мектеп жабылса, онда сол ауылдан түгел айырыламыз. Бұл орайда, керісінше, мектептерге жағдай жасап, ауылды көркейтуге күш салуымыз қажет деп білемін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында үштілділікке мән беру қажеттігін айтты ғой. Ұстаз ретінде айтсам, ауыл балаларының ағылшын тілін меңгеруі қиын. Ал қаладағы балалар, көпке топырақ шашпаймын, керісінше ана тілін ұғынбауда. Әдеби тілді түсінбейді. Өйткені, олардың ата-аналарының тілі орысша. Бұл баланың да, ата-ананың да кінәсі емес.
Кешегі жиында қозғалған Тұңғыш Президенттің осы тұрғыдағы үштілділік саясатын Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдайтынын айтты. Бүкіл әлем меңгеріп жатқан тілді біз де меңгеруге тиіспіз. Бұл – өте қажет дүние. Осы орайда айтарым, әрбір қазақ баласы алдымен өз тілін жетік білуі керек. Ол сонда ғана өзге тілді де бойына оп-оңай құйып алады. Мен мұны осы өмірімде де, еңбек жолымда да көріп, көз жіткізгенмін. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті». Бұл – Ахмет Жұбановтың айтқан сөзі. Бұл орайда Мемлекет басшысы ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқыту туралы ой тастады. Мұны енді жергілікті тиісті мекемелер қолға алуы тиіс.
Ал бала тәрбиесіне келсек, шын мәнінде кейбір ата-аналардың мектепті орынсыз кінәлап, мұғалімдерді жерден алып, жерге салатын кездері болады. Бұл ешкімге пайдасын тигізбейтін дүние. Ата-анаға да, ұстазға да, екеуінің арасында жүрген бүлдіршінге де пайда әкелмейді. Осы жағынан алғанда, «Ұстаз мәртебесі туралы» заңды қаңтар айына дейін енгізу туралы ұсыныс жасалды. Енді осы қолдау тауып, орындалатын болса, дұрыс іс болады деген ойдамыз. Ұстаздық – ұлық қызмет саналуы тиіс.
– Алқалы жиында гимназия, лицейлер алты күндік оқу тәртібінде, жай мектептер бес күн ғана оқитыны айтылды. Аталған бастама қаншалықты жөн деп ойлайсыз?
– Бес күн оқу деген, әрине жақсы ғой. Алайда, су бетіне шыға бермейтін көптеген факторлар бар. Гимназияларда сағат саны көбірек жай мектептерге қарағанда. Балаға жүктеме көп. Сағаттар кестеге сыймай жатады. Қазір бір ауысымдағы мектептер жоқ. Бір сыныпта қырық, тіпті одан да көп оқушылар бар. Бұл мектептерде бос бөлме жоқ деген сөз. «Білім туралы» заңға сәйкес, бір сыныптағы оқушы саны жиырма бестен кем болмау керек, әрі кеткенде отыздан аспағаны жөн. Одан көп болса, білім беру өз дәрежесінде бола бермейді. Өйткені, өзі бір сабақ қырық минут болады, қырық минутта бір мұғалім қырық балаға не тәлім бере қояды? Осы жағынан келгенде білім сапасына нұқсан келіп жатқаны рас.
Әйтпесе, тың бастамалар қолға алынып жатыр. Күні кеше Алматы қаласындағы ұстаздардың Тамыз кеңесі өтті. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мұғалімдердің жағдайын жақсартуға, білім сапасын көтеруге, қосымша тәлім-тәрбие, білім беруге негізделген шығармашылық үйлерін көбейтуге күш салатынын айтты. Мұндай бастамалар барлық өңірде қолға алынып жатыр деп ойлаймын.
Сөз орайында айта кетейін, Қазақстанда білім саласына келгенде мемлекеттен аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мәселен, сонау тоқсаныншы жылдары мемлекетіміз қандай жағдайда қалды? Сонысына қарамай Елбасымыз «Болашақ» бағдарламасын құрып, жас ұрпақ білім әлеуеті зор елдерде оқып, олардың алды қазір елге қызмет етіп жүр. Осы орайда айтарым, білімге салынған қаражат қайтарымды. Одан бөлек Назарбаев университеті ашылды, зияткерлік мектептер жыл санап көбеюде. Мұның барлығынан түлеп ұшқан ұрпақ елімізге қызмет етеді, туған жерін көркейтуге үлес қосады.
Тамыз кеңесінде әліппенің қайтарылатыны айтылды. Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы маңызы зор баяндама жасап, көптеген жаңашылдықтарды жеткізді. Енді сол азаматтарға күш-қуат берсін деп тілеймін. Қанағаттанарлық көп ойға қанықтық. Оның бәрі бір күннің шаруасы емес. Өйткені, білім – ең күрделі, қиын сала. Білім мәселесі қоғамның мәселесі.
– Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысына да түрлі үстемелер қосылып, көбею үстінде. Бұл саладағы кадр тапшылығын жоятын шығар деген үміттеміз...
– Рас, Тамыз кеңесінде жалақы мәселесі де сөз болды. Жалақы деген ептеп көтеріліп жатыр. Бірақ ұстаз жалақысының көтерілуі оның еңбек өтілі мен аттестациялауға байланысты болып тұр. Яғни, айлық ақшасын көбейткісі келген мұғалім сапалы білім беріп жүргенін дәлелдеуі керек. Бірақ нарық бір орында тұрақтап тұрған жоқ. Бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысы көбейсе болды, нарық тауарлары да еселеп қымбаттап кетеді. Жас мұғалімдер қашан жоғарыдағы көрсеткіштерге ие болғанша аз жалақымен қалай күнін көреді? Осы мәселені қайта қарау керек сияқты.
Жас педагогтардың жалақысы қашан көтерілмейінше, мектепте жақсы маман тұрақтап қалуы үлкен проблема күйінде қала береді. Біздің жалақымыз еңбек өтіліне, жоғарылаған санатымызға байланысты. Ал ондай көрсеткіштерге жету үшін кемінде он жыл керек. Жас мұғалім он жылға дейін қалай өмір сүреді? Сондықтан кадр тапшылығы қалада да бар, ауылда да бар. Мәселені қайта қарамай, жалғаса береді деп ойлаймын.
– Ұстаздық, басшылық еңбек жолыңызда көкейге түйгеніңізді айтсаңыз, білім беруді жетілдіруге әлі қандай қадамдар жасалуы керек?
– Жамбыл облысының Билікөл өңірінде туып-өстім. Осында мектеп бітіріп, алғашқы мұғалімдік жұмысымды бастадым. Сондағы ұстазым, мектеп директоры, бүкіл аймақта беделді, мәртебелі педагог Сайлаухан Слямханов ағай тұлға ретінде ерекше адам еді. Сол директордың қол астында тәрбиеші, математика мұғалімі, директордың орынбасары қызметтерін атқардым. Шындығында, бұл кезең менің болашағымды анықтаған нағыз өмір университеті еді. Сайлаухан ағай қызметкерлерінің, шәкірттерінің үнемі көңілдерін өсіріп, өздеріне сенімді болуға үйретіп, жолға салып, көтермелеп жүретін. Сондағы жинаған тәжірибе менің өмірлік қазынам болды десем, артық емес. Ол кейін бір мектепке үздіксіз 25 жыл басшылық еткен шағымда негізгі рухани тірегіме, 45 жыл оқушыларға математикадан сабақ бергенімде басты оқу-әдістемелік құралыма айналды.
Осы жерде азырақ шегініс жасасам деймін. Өзім ширек ғасырдай еңбек еткен Алматы қаласындағы №159 мектепті ашу бастапқыда өте қиынға соқты. Ол кезде бүкіл Алматыда 3-4 қана қазақ мектебі болды. Сол тұстағы көрнекті қазақ зиялылары, әдебиетші ірі ғалым Рахманқұл Бердібаев, белгілі режиссер Асқар Тоқпанов, жазушы Жүніс Ыбырай, Тоқтар Абайділдаев т.б. қайраткерлер күні-түні жоғары жақтың табалдырығын тоздырып жүріп, 1991 жылы тамыз айында ашқызған еді. Бұл – тәуелсіздігімізге қол жеткізген жыл. Міне, сол бейнет текке кеткен жоқ. Тәуелсіздіктің құрдасындай болған Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп 2001 жылы және 2011 жылы республикамыздағы «Ең таңдаулы мектеп» конкурсының екі дүркін жеңімпазы болды. 2008 жылы осы мектептің оқу-тәрбие жұмысының бағасы ретінде директоры болып жүрген маған Қазақстанның Еңбек Ері атағын, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін берді. 2006 жылы және 2016 жылы мектебіміз Алматы қаласы бойынша ең үздік мектеп деп танылды. Бұлар республика, қалалық деңгейіндегі мәртебеміз болса, күнделікті табыстарымыз, оқушыларымыздың, мұғалімдеріміздің еңбек жетістіктері ұшан-теңіз еді.
Ұстаздар қауымына айта кеткім келеді, қарама-қайшылықтардан, қиындықтардан жаңа даму туындайтын заңдылық бар. Мәселен, Цифрлық Қазақстан қоғамын құруға ұмтылып жатырмыз. Соның бір көрінісі – мектептерде енгізіліп отырған электрондық журналдар және тағы басқадай электрондық құжаттамалардың қолданылу және сақталу режимі. Олар қағаз нұсқасына қарағанда – бөлекше. Ал енді қайсысы тиімді екенін уақыт көрсетеді. Бәлкім, келе-келе олардың қолдану тиімділігі басқа технологиямен ауысуы да мүмкін. Сондықтан, сабыр етсек, уақыт факторы бәрін реттейді.
– Сұхбатыңызға рахмет! Білім күні құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Асхат Райқұл