449
Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен Әнел Сытдықова Алматыға келді
Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен Әнел Сытдықова Алматыға келді
Ла-Манш бұғазын тұңғыш рет жүзіп өткен қазақстандық триатлоншы Әнел Сытдықова Қазақстанға келді.
Санаулы күн бұрын қазақстандық белгілі триатлоншы Әнел Сытдықова Ла-Манш бұғазын бағындырып, тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағын желбіреткен болатын. Әнел Францияның солтүстігі мен Британ аралдарының оңтүстік-шығысын жалғап жатқан Ла-Манш бұғазының 38 шақырымын 15 сағат 15 минутта гидрокостюм кимей жүзіп өтті. Бұғаз суының температурасы 15-16 градус екенін ескерсек, Әнелдің әрекеті - ерлікке пара-пар.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова былай деп өзінің жүрек жарды лебізін білдіріп, алғыс хат жолдады. «Сіз ерекше дарыныңыз бен еңбекқорлығыңыздың, қайсар, өршіл мінезіңіз бен жеңіске деген құлшынысыңыздың арқасында Ұлыбритания мен Францияның жағалауына дейін созылып жатқан әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтіп, әлемге халқымыздың өр рухын, намысын көрсете білдіңіз. Бұл - нағыз қайсар қазақ қызының биік белесі. Алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізіп, жаңа жеңістер мен жетістіктерді бағындыра беріңіз» делінген алғыс хатта.
Бүгін Алматы халықаралық әуежайында Әнел Сытдықованы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы қошеметпен қарсы алды.