Б. Уәли Абай өлеңінен үзінді оқу эстафетасын Мекемтас Мырзахметовке жолдады

Б. Уәли Абай өлеңінен үзінді оқу эстафетасын Мекемтас Мырзахметовке жолдады

Б. Уәли Абай өлеңінен үзінді оқу эстафетасын Мекемтас Мырзахметовке жолдады
ашық дереккөзі
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Абай өлеңінен үзінді оқу эстафетасына қосылды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Жақында «Жас қазақ» ұлттық апталығына белгілі абайтанушы ғалым, бүгінде жасы 90-нан асып отырған әдебиетіміздің абыз ақсақалы Мекемтас Мырзахметов ағамыздың тамаша сұхбаты шыққан еді. Осы сұхбатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да оқып, «Бұл кісіге эстафетаны өзің берсең жөн болады» деп маған арнайы тапсырған болатын. Президенттің осы тапсырмасы бойынша дана Абайдың бір өлеңін оқымақпын», - деген Берік Уәли «Әуелде бір суық мұз— ақыл зерек» өлеңін оқып берді. Президенттің баспасөз хатшысы Абай өлеңдерін оқу эстафетасына Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау білдіріп, ақынның өлеңін оқығанын еске салды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы осы игі бастаманың бірреттік науқан болып қалмауына үлкен мән беріп отыр. «Осыған орай, Президент Әкімшілігінің Басшысы Қырымбек Елеуұлы еліміздегі дипломатиялық өкілдіктер мен шетелдердегі біздің елшіліктерді, Қазақстан халқы Ассамблеясын, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын, Абайдың есімін иеленген жоғары оқу орындары мен колледждер ұжымдарын, орта мектептерді, Абай аудандары мен ауылдарын, тіпті, қала берді Абай есімді азаматтардың бәрін қамтыған шын мәніндегі жалпыхалықтық эстафетаға айналдыру мақсатында, тиісті мекемелерге арнайы Тапсырма-жоспар әзірлеуге нұсқау берді. Бұдан Абай шығармаларын оқу эстафетасының қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады», - дейді ол. Берік Уәлидің айтуынша, бұл игі бастама бір жыл бойы өтіп, келесі жылдың осы уақытына белгіленіп отырған ақынның 175 жылдық мерейтойына дейін жалғасуы тиіс. «Еліміздің барлық азаматтарын осы челленджге атсалысуға тағы да шақырамын. Енді осы эстафетаны белгілі абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамызға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Амангелді Айталы ағамызға, жазушы, алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай ағамызға, сондай-ақ досым Тәубажанға және жалпы абайтанушы, зерттеуші ғалымдардың бәріне жолдаймын», - деп түйді ол.