Этноорталық – тарихи жадты жаңғыртады

Этноорталық – тарихи жадты жаңғыртады

Этноорталық –  тарихи жадты жаңғыртады
ашық дереккөзі
1766

Ата-бабасы көшпелі өмір салтын ұстанып, сайын далада еркін сайран салса да, жаһандану дәуіріндегі бүгінгі қазақ отырықшы тіршілікке тәуелді. Себебі, қаланы былай қойғанда, ауылдарымыздың өзі заманауи ғылым жетістіктерін еркін тұтынып, өркениетке әбден бейімделген.

Тарихи жады мықты, өзінің этникалық негізінің қайдан бастау алатынын білетін халық заман, қоғам қалай өзгерсе де ата-баба салтын, мәдениетін ұмытпақ емес. Тіпті, бабалар жолымен жүру мүмкін болмай қалғанның өзінде арғы дәуірдің мәдени мұраларын заманға сай жаңартып, жаңғыртып отырады. Демек, кейінгі кезде еліміздің әр қиырында ашылып жатқан этноауылдар мен этно­ор­талықтар – қазақ халқының арғы дәуірлердегі мәдениетін ұмытпай, ұлттық болмысын қалыптастырған құндылықтарды лайықты дәріптей білудің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, Қарасай ауданына қа­рас­ты «Үшқоңыр» ауылының жо­ға­ры­сында, таудың етегінде орналасқан «Nomad» этноорталығы да сондай – қазақ халқының ерте кездегі өмір салтын көз алдыңызға әке­ле­тін көшпелі елдің қонысы деуге болады.

Тамыз айының 11-17-сі аралығында «Nomad» этноорталығында ұлы даланың мәдениеті мен өркениетін паш етіп, бабаларымыздың көшпелі өмір салтынан  сыр шертетін этнофестиваль болып өтті. «Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімі мен ұлттық тағамы фестивалінің» біз қатысқан соңғы күнінде ежелгі ғұн, сақ дәуірінен қазаққа дейін жеткен қару-жарақтар және оны соғыста пайдалану тәсілдері көр­се­тілді. Сонымен бірге ерте кездегі қазақ халқының ұлттық киім­де­рі­нің бірнеше үлгілері келушілер назарына ұсынылып, бірнеше ұлттық тағамдар пісіріліп, фестиваль қатысушылары одан дәм татты. «Nomad» этноорталығы биылғы жыл­дың жазында ашылған. Оның жетекшісі Жандос Нұрбеков деген азамат. Алматы облысында дүниеге келгенімен әр кездерде отбасымен Шығыс Қазақ­станда, Маң­ғыс­тауда, Оңтүстік Қазақ­стан облысында тұрған Жандосты на­ғыз көшпелілер ұр­пағы десе болғандай. Бала кезінен көптеген та­рихи кітаптарды оқып, тарихи та­мы­рының тым әріде екеніне көзі жеткен Жандос, жоғары оқу орнын біті­ріп, математика пәнінің оқытушысы ма­ман­дығын алып шықса да, тарихқа қы­зы­ғушылығы оны осы салаға әкелген. Кейін жұмысына байланысты кейбір жобаларды іске асыру барысында Тарих және археология инсти­ту­тының қызмет­кері, археолог, реконструкор Станислав Потаповпен таныс болады. Ол кісімен әңгі­ме­лесе келе, ежелгі қару-жарақтарды, түрлі тұрмыстық зат­тар­ды қалпына келтіруге бел шеше кіріседі.

 – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақа­ла­ла­рында халқымыздың тарихи жадын жаң­ғыр­ту мәселелері жайында жақсы ай­тылған. Біздің жұмысымыз да сол бағытта. Біз шетелден келген қонақтарға ежелгі ба­баларымыздың қонысы қандай болға­нын, олар қандай баспанада өмір сүргенін, ол баспана, яғни, қазақтың киіз үйі қалай жабдықталғанын көрсеткіміз келеді. Сонымен бірге ежелгі бабаларымыз, бергі қазақ халқы қандай киім киді, ол неден жасалды, жауынгер көшпенді бабаларымыз қандай қару-жарақ ұстап, қалай со­ғысты, сондай-ақ қандай тағамдары болды, осының бәрі этноорталықта жан-жақ­ты қамтылып, жұрттың көз алдында тұруы керек. Сонда ғана біздің тамыры терең ұлт екенімізді өзге елден келген қонақтар, қазақ халқының тарихына қызығушы жұрт біліп, сезінетін болады, – дейді Жандос Нұрбеков. Этноорталықтағы киіз үй мұражайын жабдықтаған Бұлбұл Кәпқызы екен. Киіз үйге төселген киіз, алашалардан бастап, ағаш төсек, кебеже, сандық, көрпе-тө­сек­тер мен ыдыс-аяқтардың бәрі қолдан жасалған. Ал Қазақстанның барлық өңірін шарлап, қазақтың ұлттық тағамдарының рецептін жазып алып, жасалуын игеріп, оны осы жерде пісіріп көрсетіп, келушілерге дәм татқызып жүрген Әйгерім Мусагажинова – қазақтың ұмыт бола бастаған 50-ден аса тағам түрін қалпына келтірген этнограф. 2015 жылдан Қазақстан Ұлттық музейі, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. Қазақ тағамдарын әзірлеудің қыр-сырын ұзақ уақыттан бері зерттеп жүрген ол биыл ұлттық тағамдар жайында арнайы кітап жазған. Этноорталықта біз болған күні Әйгерімнің басшылығымен қазақтың «Жаужүрек» және «Сырбаз қуырдақ» дейтін тағамдары дайындалып, оның дәмін татқан жұрт ұлттық асымыздың тіл үйір­ген дәміне таңдай қақты.  

Фестивальда туристер мен еліміздің әр түкпірінен келген қонақтарды қызық­тыр­ған қазақтың ұлттық киімдері болды. Он­да жас балалар мен қыздардың, ұзаты­ла­тын бойжеткен мен үйленетін жігіттің, орта жастағы азаматтар мен әйелдердің бір-біріне ұқсамайтын түрлі пішінде тігіл­ген киімдері келушілер назарына ұсы­ны­лып, олардың аттары аталып, тігілуі мен материалдары туралы жан-жақты түсінік берілді. Ал сонау ғұндардан қазақ хандығына дейінгі аралықта ел қорғаушы ерлер ұста­ған қайқы қылыш, түзу жасалған қынды қысқа семсер (ақинақ), садақ пен қорам­сақ­тағы жебе, найза, айбалта секілді қару-жарақтардың жасалуы жайында түсінік беріп, оны жауынгерлердің қарсы­ла­сына қалай сілтейтінін көрсеткен Ста­ни­слав Потапов пен шәкірттерінің көр­се­тілімі фестиваль қатысушыларына өте қы­зықты болды. Ашылғанына екі айдан сәл асқан «No­mad» этноорталығына келушілер көп екен. Жан­дос Нұрбековтің айтуынша, аз уақыт­тың ішінде мұнда түрлі елдерден туристер келіп, халқымыздың өнері мен мәдени құндылықтарын тамашалаған. Мысалы, 11-17 тамыз аралығында: дүйсенбіде жапондар, италяндар, португалдар, Кувейт арабтары, сейсенбіде ағылшындар, поляктар, сәрсенбіде БАЭ арабтары, Бейсенбі-жұма күндері қытайлар, канадалықтар, финдер, жалпы бір аптада 15-ке жуық елдің адамдары этноорталықта болып, қазақ халқының мәдениетімен танысқан. Сол сияқты Орталық Азия елдерінен де келушілер көп екен. Әрине, ас мәзірі, киім-кешек, қару-жа­рақ түрлері көруге жақсы. Дегенмен ұлт­тық музыка өнерінің құдіреті бөлек десек, «Nomad» этноорталығында «Тұран», «Ар­қайым» этнотоптарының солистерінің өнер көрсетуі, сондай-ақ қазақстандық түр­­лі этностар өкілдерінің ансам­бль­де­рінің ән салып, би билеуі де орталыққа келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Солайша, бір апта бойы: «Қазақтың кең дастарханы. «Қазақи стиль» тарихи кезеңнен бү­гінгі сәнді киімге дейінгі аралықта»; «Ас адамның арқауы. Дәстүрлі киім: тарих және қазіргі заман»; «Ақ тағам. Киімдерге сәнді кесте және ою-өрнек салу өнері»; «Қазақтың таңсық асы. Қазақ киімдерінің брэнді»; «Қазақтың түздік асы. Қазақтың әшекейлер әлемі»; «Қазақ асының символдық мәні. Киімнің нақышы және оның симво­ли­калық мәні»; «Қазақы дәм. «Құрақтан құралған құт» этно­көр­се­тілімі» тақырыбында әр күні екі та­қы­рыпта өткізілген бір апталық фестиваль қазақ мәдениетімен танысқысы келген қауымға мол мәліметтер беріп, қазақ ұлтының рухани мықтылығын танытқан шараға айналды. Енді этноорталық 15-21 қыркүйек аралығында «Дәстүрлі қолөнер апталығы» фестивалін өткермек. Музей, қонақүй, асхана т.б. мақсаттарға арналған 17 киіз үйден тұратын «Nomad» этноорталығы қыс кезінде де жұмыстарын тоқтатпақ емес. Солайша, жыл бойы ұлы даланың иесі – қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, тұрмыс салтын әлемге таныстырып, игілікті істерін жалғастыра бермек.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

«Тúrkistan»

 

Серіктес жаңалықтары