ҚР Конституциясы күніне орай «AMANAT» партиясы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Жосалы кентіндегі «Рәміздер алаңында» дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Оған партия мүшелері белсене қатысып, қоғамдық аумақты тазарту жұмыстарына өз үлестерін қосты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның мәні ерекше. Себебі, Ата Заңымызда да азаматтардың табиғатты аялауға, оны қорғауға міндетті екені көрсетілген. Осындай игі бастамалар ел болашағы үшін маңызды әрі тұрақты түрде жалғасын табуға тиіс. Баршаңызды қоршаған ортаға қамқор болуға шақырамын!» – деді партияның аудандық филиалының төрағасы Әділ Қошалақов.
Солтүстік Қазақстан облысында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы партияның Шал ақын аудандық филиалы аумағында өтті. Іс-шара барысында филиал аумағы қоқыстан тазартылып, қатысушылар тұрғындарға тазалықты сақтау әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуға тиіс екенін еске салды.
Жетісу облысы Қаратал ауданында өткен экологиялық іс-шара барысында Қаратал өзенінің жағалауы ретке келтірілді. Қатысушылардың күшімен 4 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
«Таза қоршаған орта – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Сондықтан мұндай акциялар бір күндік іс-шара ретінде ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуге тиіс», – деді «AMANAT» партиясы Қаратал аудандық филиалының төрағасы Руслан Тасыбаев.
Қарағандының Ә.Бөкейхан атындағы ауданында өткен акция аясында тұрғын үй алабының аумағы қоқыстан тазартылды. Игі іске партияның 25-тен астам белсенді мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері және тұрғындар қатысты. Нәтижесінде 3 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Шымкент қаласында өткен экоакцияға бұл жолы 30-дан аса адам қатысып, Қаратау ауданына қарасты Нұрсәт мөлтек ауданында тазарту жұмыстарын жүргізді. Жыл басынан бері мұнда 33 мәрте тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, 2500-ден астам тұрғын қатысқан.
Ақтөбе облысында партиялықтар Қобда өзенінің оң жақ бөлігі мен ауылдық округке баратын жол маңын тазартты. Игі іске 100-ден артық адам қатысып, 3 тонна қоқыс шығарылды.
«Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың балалық шағы өткен Қобда өзенін жиі тазартып тұрамыз. Өткен аптада сол жақ бөлігін жинастырсақ, осы жолы оң жағын тұрмыстық қалдықтардан тазарттық. Акцияға қатысушылар командаларға бөлініп, неғұрлым көп қоқыс жинаған команда марапатқа ие болды», – деді партияның Қобда аудандық филиалының консультанты Нұргүл Ыбраева.
Ақмола облысы Ақкөл қаласында «Таза Қазақстан – Таза өлке» атты ауқымды экологиялық акция өтті. Оған мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, «Жасыл ел» жасақтары мен тұрғындар қатысып, қоғамдық аумақ қоқыстан тазартылды.
«Қоршаған ортаның тазалығы – ертеңгі күнге салынған инвестиция. Табиғатты келешек ұрпақ үшін сақтау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Бұл акция жастарымыздың белсенділігі мен бірлігін айқын көрсетті», – деді Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов.
Абай облысының Аягөз қаласында өткен «Таза бейсенбі» акциясы аясында Қабанбай батыр көшесінен 3 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Акцияға 50 адам қатысты, олардың қатарында партия мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер болды.
Жалпы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің өзге де өңірлерінде өтті. Осы күнге дейін республика бойынша 1000-нан астам учаске тазаланып, абаттандырылды. Су қоймаларының, өзендер мен көлдердің жағасында санитарлық жұмыстар жүргізілді. Каспий теңізінің жағалауын, Балқаш және Зеренді көлдерін, Кеңгір су қоймасын, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендерін қоса алғанда, 100-ден астам су нысандарын тазалау жұмысы қолға алынды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.