Мұстафа мен Мария Шоқай

Мұстафа мен Мария Шоқай

Мұстафа мен Мария Шоқай
ашық дереккөзі
3185
Жастау кезімізде Ресейдің тарих пәнінен революциялық көңіл күйдегі дворяндардың 1825 жылдың желтоқсан айындағы Санкт Петербургтегі көтерілісі туралы оқығанымыз, әсіресе Сібірге айдалған ерлерінің соңдарынан бірсыпырасының әйелдері іздеп барғаны, бар ортақ  қиыншылықты бірге көргені жадымыздан кете қойған жоқ. Мұндай тағдыр кешегі 30 жылдарғы зобалаңдарда Қазақстанда да болды. Тіпті жазаға тартылғандардың әйелдері үшін арнайы «Алжир» сияқты лагерлер ашылғаны да белгілі. Мемлекеттің саяси жүйесін басқарушы өзінің халықтың өкілі екенін ұмытса, мансап сүйгіштікке салынып, тек өз қамын ғана ойласа, қарапайым адам баласы ойлай бермейтін тағдырлар қайталанып тұрады екен ғой. Мұның барлығын мен бүкіл түркі халқының ұлы перзенті  Мұс­та­фа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Горинаны арнайы ойға алып айтып отырмын. 1918 жылғы 18 сәуірде ол кеңес қарақшыларынан қашып жүрген болашақ жарымен мұсылманша некелескеннен кейін-ақ сан салалы қиыншылықтарға тап болып, 1941 жылдың 27 желтоқ­са­нын­да ресми  сүзектен қайтты дегенмен белгісіз жағдайда дүниеден озған Мұс­тафа Шоқайдан  кейін де Мария Шоқай басындағы уайым мен қайғысы тұтасып кетті деуге болады. Осылай бар өмірін өзі ерекше терең тү­сіне сүйген  Мұстафасы қайтыс бол­ған­нан кейін жалғыздықтың бүкіл азабын тартқан Мария Яковлевна Горина кім еді? Неге бұл кісі 1918 жылы-ақ алдағыны көріп-біліп тұрып осыншалықты қиын­шы­лық­қа бас тіккен болатын? Өмір­баяндық  мәлі­мет­­теріміз тым кедей. Жа­қын­да қолымызға түскен  орыс тілінде жазылған  «Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы қазақтар: шетелдік архив құжат­тары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегіӘ.Б.) Мария 1890 жылғы 23 жел­тоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке- шешесі Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса операсының әншісі болған». Төрт жасынан  он алтыға дейін Одессада тұрған. Ал Мұстафамен таныс­қан­нан кейінгі жиырма үш жылдық өмірін өзі жазып кетіп еді. Осы туралы біз де айтқымыз келіп отыр. Мария Шоқай 1916 жылғы 10 тамызда Таш­кентте генерал Сахиб-Гирей Ени­кеев­тің үйінде Петербургтен келген қонақ­тар­мен бірге болған Мұстафа Шоқаймен алғаш рет танысқан болатын. Тіпті жас қонаққа арнап бірнеше ән де шырқаған көрінеді. Ол кезде Петербургте оқитын Мұстафа С Г. Еникеевтің балаларымен, Ташкент гимназиясында  оқыған кездегі достарымен бірге қызықты күндер өт­кіз­ген. Мария Горинаның астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқып­ты жанның  қасында жүру  аса  қызықты көрінетін деп жазуы тегіннен тегін емес еді. Ол кезде Мұстафа Әлихан Бөкей­хан­ның ұсынысымен Мемлекеттік Дума мен Үкіметтің тыңдауына Думаның жанын­дағы Мұсылман фракциясының төрағасы  Қ. М. Тевкелев жетекшілік еткен құра­мын­­да фракция мүшесі Ш. Мұха­ме­дияров және кейін қосылған депутат А. Ф. Керенскийлер бар  делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде  болды. Делегация 1916 жылғы патша үкіметінің  тылдағы жұмысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісін қатігездікпен басқаны туралы арнайы материалдар жинау мақсатымен келген еді. Комиссияның Түркістандағы тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу араласады, мұның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар еді, ал өзі   Ташкенттегі опера театры­ның әншісі болатын. Мұстафа Шоқай комиссиямен бірге бірнеше рет бұлардың үйінде болады. Мұстафа Шоқай өзі құруына белсене араласқан, басшысы да болған Түркістан автономиясын Кеңес  үкіметі құлатып, Қо­қанды жермен жексен еткен соң бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке оралады. Өзіне қиын қыстау кезеңде  сүйеніш болатын адам іздейді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен бірер жылда кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отас­қан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуі­мен ажырасып, енді Мәскеуге ке­ту­дің қамымен жүрген кезі себеп болған шығар. Бірде көктемнің шығуына байланысты Мария Яковлевна бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін кешкілік келгенде алдынан қасында қорғаушысы бар, осы үйде біраздан бері өзін күтіп жүрген Мұстафа Шоқай шығады. Бұл үлкен ғи­ма­раттың бір бөлігінде Мұстафа бұрын­нан таныс үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатыр еді.  Жай-жапсарды біліп, тағы да уақытша басқа қоныс тауып беріп Мария Горина енді өзі Мұстафаға қамқорлық жасай бастайды. Осылай 1918 жылдың наурызы екі арыс­тың тағдырын мәңгілік табыстырады. Мұстафаның талап етуімен христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабыл­дап, сәуірдің  18-і күні екі өзбек жігітінің куә­лік етуімен  ескі Ташкент қаласының  имамы некесін қияды. Сол күннен бастап Мария Яковлевна өзіне Шоқай атын қо­сып алды. Енді Мұстафаның өмірін сақ­тап қалу үшін Ташкенттен  кету керек болды. Қаладан тысқары жерге аттап басуға  рұқсат жоқ. Мұстафаның басына 1000 рубль бәйге жарияланған. Іздестіру шаралары өте жіті жүріп жатқан кез. Мария Яковлевна жарын қаладан алып шығу туралы ойларын ешкімге айтпай, оған әскери киім кигізіп, ауыр жаралыға ұқсатып,  бет аузын таңып, оны оңай­лық­пен адам танымайтын етіп жолға дайындады. Өйткені оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін еді. Станцияға келіп, поезға отырады. Бұл кезде жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқан еді.  Мұны көріп бұлар қатты абыржуға түседі. Бұл мамырдың бірі болатын. Мұстафаның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып, басын жақ­сылап таңып тастаған. Күн ыстық әрі қорқыныштан Мұстафа зорға шыдап жатады. Тиісті құжаттар дайын болға­ны­мен, бет жүзін ашып  тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де,  жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша бұлар тексеруден құтылады,  поез да қозғалады. Мұстафа және Мария Шоқай мінген поезд Ақтөбеге жеткеннен кейін тоқтай­ды. Орынбор бағытындағы темір жол соғысқа байланысты жабық болатын. Содан түрлі көлікпен алдымен Орын­бор­ға, сонан соң Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Ал Челябинскіде болғанда онда қалыптасқан жағдайға бай­ланысты Мұстафа Шоқай мен 1918 жылғы 19 қарашада Екатеринбургте таратылған Құрылтай мәжілісінен кейін қосылған украиндықтардан осы жиынға сайланған Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады. Ал Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, «біресе  қиыншылыққа толы, біресе зиялы алақандарға тап болып» 1919 жылдың 20  сәуірінде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күннен кейін Тбилисиге бағыт алып, поезд мамырдың 1-інде станцияға тоқ­тағанда, қолында бір шоқ гүлі бар  Мұстафа Шоқай күтіп тұрған еді.  Осылай қайта табысқаннан кейін де бұлтты күн ыдырап, күн жарқырай қойған жоқ. Қызыл армия мұнда келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқын­дай бастағанда, бұлар Батумиге кетеді. Сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстам­бұлға барады. 1921 жылдан Францияда, Париж қаласына жеткеннен соң жат жердің жаңа қиыншылығы күтіп тұрды.  Шет ел болса да Мария Шоқай өзінің кәсіби мамандығы бойынша өнер саласымен де айналысады. Ол өз естеліктерінде Мальчевскийдің орыс хорына  қатыс­қа­нын, Эльхамра Олимпиа және Доминов театрларының құрамында ән шырқап  Италия, Англия елдерінде өнер көр­сет­кенін еске алады. Алайда, көп ұзамай Мұстафамен екеуінің табысы күн көрістеріне жетпей, ақшалары таусылып тұрмыстары қиындайды. Қалталарында көк тиын қалмай, мойындарына алжап­қыштарын іліп, жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамына кіріседі. Мария Шо­қай мынадай хабарландыру  даярлайды: «Мадам Шоқай үш түрлі тағамнан тұра­тын түскі ас береді. Бағасы 5-франк. Та­мақ беретін уақыт 12-ден 3-ке дейін. Тамаққа келгісі келген адамдардың жазылып қоюын өтінемін». Сағат 3-терде  тамақ жеуге алғашқы клиент келеді. Мария Шоқай оған бүгін тамақтың таусыл­ғанын айтып, ертеңге алдын ала ақшасын төлеп жазылуын өтінеді. Ол таң қалады. Осы кезде Мұстафа келіп қалып, онымен түрікше сөйлесе бастайды. Сөйтсе ол бұрын Ресейде Иранның елшісі болған екен, ол 10-франк беріп кетеді. Осылай басталған шет елдегі тағдырдың да бұдан былайғы  20-жылдан астамының рахаты  мол болды дей алмаймыз. Мұстафа Шо­қай елім деп, түркі жұртым деп өмір сүрсе, солардың болашағы үшін барын салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұрын жары­ның жайын ойлады. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Ері қайтқаннан соң ширек ғасырдан астам уақыт жалғыз­дық­тың азабын  тартты. Бірақ өзі рухани суылып, тұрмыс жағдайы күйзелісте болса да, Мұстафа деп келгендерге қолы­нан келген қамқорлығын аямаған. Өмір болған соң әр адамның маң­дайы­на жазылған тағдыры болатыны заңдылық. Одан, әсіресе қоғамдық саяси өмірдің  жетекші тұтқаларының бірін ұстаған,  тұтас бір халықтың тағдыры үшін жанын жалдаған  көшбасылардың жырақ қалуын  ойлаудың өзі ұшқарылық болар еді. Олай болса, Мұстафа Шоқай тап болған тағдырдан Мария Шоқайдың  да өмір жолдарын  бөліп қарай алмаймыз. Саясатпен тікелей айналыспаса да күйеуін түсінетін, оның барлық іс-әре­ке­тін қолдағанды сүйетін ол: «Мен ешқашан сая­сатпен айналысқан адам емеспін, білмеймін де. Төңкерістің де не үшін болға­н­ын түсінген емеспін» дейді бір сөзінде. Мария Шоқай Мұстафаның қарым-қа­білетін  таныды, халықшыл қайсар ерекшелігі мен  төңірегіндегілерге жел болып  тимейтін жібектей мінезінен қуат алды. Күйеуінің қас-қабағынан сергек те сезімтал жан оның ішкі жан дүниесін терең ұғынып, үлкен жүректі адал жар болды. 1939 жылдың 1-мамыр күні Муссолини Францияға соғыс жариялайды. Ита­лияның әскери ұшақтары Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті бола бастайды. Мұстафа үйде отырып жазумен айналысып, 5-лампалы радио қабыл­да­ғыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдады. Радио ескі болғандықтан хабарлар дұрыс естілмей қалатын. Мұндай кездері Мұс­та­фа қатты ашуланып,  каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыстырып әбігерге түсетін. Кейбір кез­дері өзімен-өзі болғанды қалап тұйық­талып қалатын. Әсіресе, соғыс басталғалы жүй­кесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтады. Ондай кездерде Мария Яковлевна себебін сұрап мазаламайтын, кейін  Мұс­тафа­ның өзі айтып беретін. Сол кездегі Франция үкіметінің заң­д­а­ры шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін демократиялық тұрғыдан алып қарағанда қолайлы болды. Бірақ Германия соғысты бастағаннан соң эмигрант­тардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға   кетіп жатты.  Мұстафа Шоқайларға да кетуге мүмкіндік болған еді, Америкаға визасы да бар болатын, алайда Мұстафа мұндағы идеялас жолдастарын тастап, мұхит асып, елден тым жырақ кетуді қаламады. Ол «Маған паналайтын орын берген мемлекетті тас­тап кету, өз отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп ойлады. Мария бұл жөнінде ойлағанымен жары сыңай танытпа­ған­дықтан жабық күйінде қалады. Сабыр сақтайды. Көп ұзамай 1940 жылғы 13-ші мамыр күні немістер Парижге келеді. Германия Францияны басып алғаннан кейін жаңа парижандықтардың жағдайы күрт өз­гереді. Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кам­пиен түрмесіне  жабылады, одан босатқаннан соң екі күн Германияға, Берлинге кетуге дайындалады. Оған түр­кістан­­дық тұтқындар алдында  радиодан сөз ұсыныс жасалады, бірақ Мұстафа тұт­қындармен  кездеспей, оларға радио арқылы ештеңе айтпайтынын кесіп айтқан еді.  Сонымен екі күннен кейін Берлинге кетеді. Ол кетерінде хабарласып тұруы үшін Уали Каюм сарайының адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де  хаттар салып тұратынын, соғыс кезінде осылай еткен дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жат­қан сәтін көру үшін өзі терезеге жа­қын барғанын, оның соңғы рет ишарат етіп «сүйдім дегенді білдіріп» қолын бұл­ға­ғанын, содан кейін оны көре алмағанын қамығып еске алады. Күйеуі өлгеннен кейін де озбыр саясаттың әртүрлі шырмауына ұшырау, өмірдің сол дәуірдегі ауыр кезеңдері жасынан жалындап жал­қы өскен қайсар Марияның сағын сындыра алмайды.. Екі рет түрме есігінің алдынан қайтады. Есті жан есін тез жинайды. Құдай қосқан Мұстафа үшін әлі де атқарылуға тиісті жұмыстардың ауқы­мын топшылайды. Ендігі қалған өмірінің  барлығын Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларын келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алады. Сұрыптап, түптеп арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Өмірінің соңғы кездерінде қарттар үйінде болып, 1969 жылы бұл пәни дүниеден бақилыққа Мұстафам деп аттанады. Жат жерде жалғыз қалған тұрмыс азабын сөз жеткісіз көре отырып, жарына қарыз болмай кетті. Сонау 1918 жылғы таңдау да, іздеу де әсте қате болмаған, ұлы жүрек жаңылыспаған. Мария Шоқай бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де қастарынан тастамайтын жалғыз пианиносын сатып,  жалғыз фортепьянасын сатып, ерінің бейітіне бюсімен  ескерткіш орнатты. Алайда кейін түрік бейітінің иелері адам бейнесі қойылмайтын діни көзқарастан бюсті алып тастайды. Екіншісі    ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 1941-1963 жылдар аралығында «Менің Мұстафам» атты естелік жазып, сексен үш жасында соңғы нүкте қояды. Автор «Оқыр­ман­дардың бұл шығарманың әдеби көр­кем­дігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп аса қарапайым­дылық танытқанымен бұл, ең бірінші, Мұстафа Шоқай туралы тұң­ғыш естелік кітап, мұстафатану ғылы­мы­на қосылған баға жетпес алғаш туынды еді. Екіншіден, соңғы жарты ғасырдан астам уақыт Мұстафа Шоқай туралы қалам тартқан кез келген тарихшы не саясаткер ғалым болмаса тек Мұстафа  өмірін танығысы, білгісі келген қара­пайым оқырман бұл еңбекке соқпай, бұ­дан рухани қуат алмай кеткен жоқ. Үшін­ші, қазір де ұлы күрескер туралы білгісі келген кез келген зерттеуші  алғашқы қадамын осыдан бастайды. Мария Шо­қай­дың өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, жетістіктері мен қателіктерін ешбір қоспасыз айтып, марқұм күйеуінің портретін шынайы суреттеп шыққанына таң қалмау,  шексіз риза болмау мүмкін емес. Ал естелік туралы әңгіме бөлек, алда.

Әбдіжәлел Бәкір

саяси ғылымдарының докторы,

профессор

Серіктес жаңалықтары