590
Сапун баурайында 52 фашистің көзін жойған батыр
Сапун баурайында 52 фашистің көзін жойған батыр
Сарғайған (27.01.1983ж.) «Казахстанская правда» газетінен мынадай бір хабар жылы ұшырай кеткені. Тақырыбы – «Батырды кім біледі?». Мен міне 12 жылдам астам 417-ші Қызыл Тулы 2-ші дәрежелі Суворов орденді атқыштар дивизиясының жауынгерлері жайында кітап жазу ниетімен материал жинау үстіндемін. Шабуыл кезінде, сондай-ақ Сиваш көлін алуда 1372-полктың 3-батальонның парторгы Ысқақов Сұлтанбай ерекше ерлік көрсетті. Ұлты қазақ, Жамбыл облысынан, әйелі Тартариева Сара. Қазір материал жинақтап жүрмін, – деп журналист Михаил Глущенко хабарлаған. Батыр-жауынгерді білетіндер болса, болмаса семьясын білетіндер болса, хабар берсе деген өтініші бар. Аяғында іздеушінің адресі, аты-жөні түгелдей жазылыпты.
Кейіннен запорожьелік журналист Михаил Глущенко «Казакстанская правда» газетінің оқырмандарына алғысын айтып, жылдар бойы іздестірген адамының табылуына көмектескен адамдарға ризашылығын білдіріп хат жазыпты. Хаттың соңында 3-атқыштар батальонның бұрынғы командирі Бондарь Петр Семеновичтің сау-саламат жүріп жатқанын, сол бір қиын-қыстау шақта парторг Сұлтанбай Ысқақовпен бірге қатты жараланғанын, бірақ кейін сапқа қайта қосылып, батальон басқара бергенін де еске салыпты. Осы ерлігі үшін кіші лейтенант Ысқақов Сұлтанбай Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ Сұлтанбай Ысқақов өзінің Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын сол жолы да, содан кейін де білген жоқ. Сол білмеген қалпы жүре берер ме еді, кайтер еді, егер Запорожьелік журналист Михаил Глущенко болмағанда...
Сұлтанбай 1915 жылы 5 мамырда Жамбыл облысы Шу ауданы бұрынғы Чкалово, Ленин атындағы колхозының Троицкое ауыл кеңесінде, Көктөбе ауылында қарапайым шаруа отбасында жарық дүниеге келген.
Әкесі Ысқақ Сазанбеков 1929 жылға дейін кедей шаруа болған, 1929 жылы колхоз қатарына кіреді. Шешесі Рысбала үй-шаруашы. 1926 жылы 1-сыныпқа барады. Сынып бітіреді де 1933 жылы тракторист курсын оқиды, оны бітіріп тракторшы, бригадир болып жұмыс атқарады. 1937 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста Хабаровск өлкесінде Красное Речка елдімекенінде 185-автобатальонында қызмет атқарып, өз борышын өтеп аман есен ауылына оралады.
1939-1941 жылдары Көктерек ауылында учаскелік милиционер, штаттан тыс автоинспектор болып жұмыс істейді. 1940 жылы Тартариева Сара азаматшамен отбасын құрайды.
Ел басына күн туғанда ол алғашқылардың бірі болып қолына қару алып, майданға аттанды. Шаруа Қызыл Армия қатарына Жамбыл облысы Шу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ол соғысқа алғашқы күндерден соңғы күндерге дейін қатысқан майдангер. Алғашында 2-3 ай дайындықтан өткеннен кейін 1941 жылы қазан айынан – 1942 жылдың тамыз айына дейін 105-атты әскер кавалерия дивизиясында қызмет атқарады, бірақ аталмыш 105-атты әскер кавалериялық дивизиясы соғысқа кетпей таратылады.
Сонан кейін Ысқақов Сұлтанбай басқа дивизиялармен соғысқа аттанып Дон майданының құрамында Сталинград қаласын қорғайды, одан соң Оңтүстік-Батыс майданының құрамында 5-танк Армиясында жаудан Сталинград, Ростов облысын тазартады. Сонан кейін Бас қолбасшы резервіндегі, 179-танкіге қарсы артиллериялық полкінде атқыш, старшина, кейіннен кіші лейтенант (4-айлық курс 1943 жылы қыркүйек – 1943 жылы желтоқсан айында партия ұйымдастыру курсын оқып бітіріп батальон партия ұйымдастырушы болып қызмет атқарады). Лейтенант, 1372-атқыштар полкінде рота, батальон партия ұйымдастырушы.
Солтүстік-Кавказ майданында Сиваш көлінен Севастополь қаласына дейін жаудан Қырым түбегін босатады, соғыстың аяғында Бас қолбасшының резервіндегі таулы жүк артылатын Қызыл Тулы Карпат полкінің дивизиондық партия ұйымдастырушы.
Ер мінезді Сұлтанбай ұрыста батыл, өте жауапты, табанды қасиеттерімен, өжеттілігімен көзге түсіп, қанды ұрыста неше мәрте ерліктің үлгісін көрсетті.
Верхне-Ясеновский хутор үшін шайқаста, ынта, жігер көрсетіп зәресін ұшқан шопырды ауыстырып, рульге өзі отырып, жаудың миномет атқылауына қарамастан, қару-жарақты, бензинді дер кезінде жеткізгені үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Сиваш көлінен Севастополь плацдармға дейін шабуыл бағытындағы ұрыста Ысқақов жолдас жауынгерлерге рух, ынта, жігер бергені үшін, бұйрықты мүлтіксіз орындағаны үшін, өз міндетін белсенді атқарғаны үшін полк және дивизия командирлері подполковник Баранов, генерал-майор Вожраков осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады, бірақ корпус командирі генерал-майор Кошевой өз шешімін жөн санап «Өжеттігі үшін» медалін алуына қол қояды.
Жеке құрамында тәрбие жұмысын жүргізіп, командованиенің бұйрығын мүлтіксіз орындауға және үгіт, насихат жасап 1944 жылдың желтоқсан айынан – 21.02.1945 жылға дейін 25 адамды партия қатарына алады. Осы қорытынды бойынша «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылып, және сонымен марапатталады.
...сол күні әбден тұзға сінген, суық, сасық Сиваш көлінен өтіп, арғы бетке бекінуге Сұлтанбайларға да бұйрық келген. Ол бұйрықты орындау оңайға түспеді әрине. Жаңбырша жауып тұрған жау оғына қарамай, Сиваштың суын кешіп, көлдің арғы бетіне өтіп орналасты. Яғни 1944 жылы 8 сәуірде 3-атқыштар батальоны алға қойған міндетті орындай отырып шайқаспен Сиваш көлінен өтті.
1944 жылы 9 сәуірде жауды бірінші траншеядан қуып шықты. 14.9 белгісі маңындағы биіктікте дұшпан қорғанысының қойнауында ұрыс жүргізді. Күндізгі сағат он екіде кіші лейтенат Ысқақов өз батальон командиріне капитан Бондарьға баяндады – «бірінші траншеядан фашистерді түгелдей жойып, сонда өзіміз бекініп алдық. Енді екінші траншеяны алуға дайындалып жатырмыз» – деген хабарды жеткізді.
13.5 белгісінің биіктігінде батыс беткейіндегі мықты бекініс торабынан жау аса күшті пулемет миномет оғын жаудырып, батальонға бас көтертпей тастады. Бекініп алған жау қатты қарсылық көрсетті. Нағыз қиямет басталды да кетті, 3-батальонның алдына қойылған тапсырманы орындау осы жолы қиынға түсті. Айнала төңірек азан-қазан, жау төбешікте, бұлар жалбағай жазықта стратегиялық жағдайда инициатива жаудың қолында, кескілескен қанқұйлы шайқас, оқ пен отқа оранған ондаған шаршы километр алқаптарында ондаған мың әр түрлі калибрлі қарулар.
Әсіресе 8-атқыштар ротасының шабуыл шебінде қиын жағдай туды.
Сол ұрыста траншеяға, жаудың блиндажына ең бірінші болып, бұзып-жарып кіріп, өзінің батылдығымен, әскери шеберлігімен, ұтқырлығымен, қолма-қолдық шапшаңдығымен, мергендігімен, Ысқақов жолдастың бір өзі ғана гранатамен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жаудың 2 пулеметін, танкіге қарсы ататын расчетын жойды, 7 неміс солдатын тұтқынға алды. 2 сағаттық ұрыста 25 жауынгерді ерлікке бастады. Дұшпанның қарсыласу торабы талқандалып, тек батальонның ғана емес, бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді.
1944 жылы 18 сәуірде Микензия аймағында болған ұрыстарда кіші лейтенант Ысқақов үш жауынгермен ұзақ мерзімді атыс нүктесінде ДОТ-ты (долговременная огневая точка) қоршау үстінде жараланды. Жарақатына қарамастан өз тобымен бірге, ДОТ-тың ауызына танкіге қарсы қолданылатын гранатаны лақтырды. Дәл сол күні жаудың қарсы шабуылын тойтара отырып кіші лейтенант Ысқақов жанғыш сұйығы бар шөлмекпен жаудың танкісін өртеп жіберді, өзі қайтадан ауыр жарақаттанды.
Осы ерлігі үшін полк командирі подполковник Баранов Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін Совет Одағының Батыры атағын алуға лайық деп 1944 жылы 18 мамырда тұжырымдама жасап қол қояды, оны 417-Сиваш атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Бобраков қолдап, қуаттап Совет Одағының Батыры атағына лайық деп сол күні, яғни 18.05.1944 жылы қол қойып үстіге жібереді, ал 63-атқыштар корпусының командирі генерал-лейтенант Совет Одағының Батыры Кошевой Батырға тұрарлық деп, ұсынысын қолдап 23.05.1944 жылы рапортына қол қойып 51-Армиясының қолбасшысына өткізеді, 51-Армиясының саясат бөлімінің бастығы генерал-майор Зяблицын кіші лейтенант Ысқақовтың ерлігін бағаламай төмен бір екі саты түсіріп 25.05.1944 жылы «Қызыл Ту» орденіне беруіне қол қояды, ал 51-Армиясының командашасы Совет Одағының Батыры генерал-лейтенант Крейзер, 51-Армиясының мүшесі генерал – майор Уранов қорытынды жасап, кіші лейтенант Ысқақов Сұлтанбай Совет Одағының Батыры атағына лайық деп 28.05.1944 жылы қол қойып, ұсынысты майдан қолбасшысына жібереді.
Бірақ уақытша міндетін атқаратын 4-Украин майданының командашасы генерал-лейтенант Корженевич Мәскеуге жібермей, қазақ офицерінің ерлігін өз денгейінде мойындамай 1944 жылы 9 маусымда «Қызыл Ту» орденін ғана берумен шектеледі. Неге? Не себептен? Әлде үстінен ауызша айтылған тапсырыс па? Іштарлық па? Шовинисттік пиғыл ма? Оны бір құдай ғана біледі.
Жауынгерлік «Қызыл Ту» (09.06.1944.), «Қызыл Жұлдыз» (07.05.1945.), 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» (06.04.1985.) ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» (11.12.1943.), «Өжеттігі үшін» 28.04.1944., «Германияны жеңгені үшін» және көптеген мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін елге аман-есен оралып, қойма бастығы, шофер, бара-бара бригадир болып жұмыс істейді, кейін Шоқпар стансасына қоныс тепті. Өмірлік жолдасы Сара екеуі 2 ұл, 5 қызды аман есен жеткізді. Балалары Әлмырза – 1941 жылы, Алмакүл – 1947 жылы, Айнакүл – 1949 жылы, Елтай – 1950 жылы , Майра – 1953 жылы, Дариякүл – 1955 жылы, Айман – 1961 жылы одан тараған ұрпақтары егемен еліміздің түпкір-түпкірінде еңбектенуде.
Батыр майдангер Сұлтанбай Ысқақов қарапайым күн кешіп 1995 жылы 10 сәуірде Жамбыл облысы Шу ауданы Шоқпар стансасында дүниеден озды.
Бүгінде Сапун тауының баурайында сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен қаһармандар ерлігіне арналған ескерткіш, диарамма тұр. Онда елі үшін, жері үшін жанын қиған азаматтардың аты-жөні жазылған.
Жамбылдық Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы, Ақәділ Суханбаев, Мәди Бегенов, Саттар Естемісов, Сәду Шәкіров сияқты – ол да Сұлтанбай Ысқақов Кеңес Одағының Батыры атағын алмаса да, осылардың қатарында.
Соғыстағы ерлігіне құрметпен қарап және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпалының ересендігін ескере отырып мынадай ұсыныстар айтқымыз келеді: майдангер Сұлтанбай Ысқақовтың атына Тараз қаласынан мектеп, не көше аты берілсе. Осы ұсыныстарды көпшілік болып қолдасаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.
«Ежелден ер деген даңқы шыққан» Қазақ елі аман тұрғанда Сұлтанбай батырдың ерен тұлғасы, биік рухы халқымен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Ер есімі – ел есінде.
Қайрат Қарамаңдаев,
Құрлық Әскерлері Әскери
институты әлеуметтік- гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, бауыржантанушы,
тарихшы-зерттеуші.