366
Nur Otan apta
Nur Otan apta
Баспаналы болуға бастайтын бағдарлама
«Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы бойынша Павлодарда құжат қабылдау басталды.
Бұл бағдарламаның көмегімен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй құнының 10 пайыздық бастапқы жарнасын төлеген жағдайда 20 жылға дейін кредит беру мерзімімен жылдық 2 пайыз ставка бойынша қарыз ала алады.
Қалалық ТКШ бөлімі тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі Ақерке Еламанованың айтуынша, қабылдау басталғалы бері Павлодардағы 50 отбасының құжаттары қабылданыпты. Спикер бағдарламаға көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады деп түсіндірді. Бұл ретте олар жоғарыда көрсетілген санаттардың бірі бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрғаны жөн. Сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспауы қажет.
Дегенмен өтініш беруші төлеуге қабілетті болуы тиіс, яғни, жұмысы болуы керек. Егер де анасы бала күтімімен демалыста болса, бағдарламаға әкесі қатыса алады. Тағы бір айта кетер жайт, отбасында өтелмеген несие болмау керек немесе несиені толық төлегеннен кейін бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады.
«Өтінімдерді қабылдау лимиті жоқ. Біз барлық құжатты шілденің аяғына дейін қабылдаймыз. Тұрғын үй алу кезегінде 4 мың толық емес отбасы, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған 135 отбасы, 411 көпбалалы отбасы тұр. Олардың бәрінің «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Құжаттарды толық қабылдап болған соң, оларды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тапсырамыз. Бағдарлама үш жылға есептелген. Биыл тапсырыстарын мақұлдамағандар келер жылы бақ сынап көре алады», – дейді Ақерке Еламанова.
Тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі атап өткендей, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалар мен жоғары оқу орындарында немесе колледждерде оқитын 23 жасқа дейінгі балалар тәрбиелеп отырған отбасылар көпбалалы болып есептеледі. Бағдарламаға қатысушы 10 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға қарыз ала алады. Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады.
Өтініш беру үшін өзімен бірге өтініш, жеке куәлік, неке қию, неке бұзу туралы куәлік немесе жұбайының қайтыс болуы туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі керек. Сондай-ақ, өтініш беруші мен онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерін тіркеу туралы мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлік туралы анықтама, мемлекеттік жәрдемақылар мен алименттер есебінсіз соңғы жарты жыл ішіндегі табысы туралы мәліметтер, өтініш берушінің санатын растайтын құжат та болуы қажет. Айта кетейік, бұл құжаттардың көшірмелері ғана қабылданады.
Уақыт талабымен үндескен орталық
«Nur Otan» партиясының» Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» партиялық жобасы аясында білім нәрімен сусындататын жаңа рухани қазына орталығы ашылды. Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауылындағы орталықтың тұсауы ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Ирина Аронованың жұмыс сапары аясында кесілді.
«Бастысы, жастардың жаңаша білім алып, оны дұрыс пайдалана білуі. Технологиялардың келешегі зор. Сондықтан инновациялық білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жоба-сының шеңберінде қазір елімізде кітапханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айналдырылып, тиісінше жабдықталып, электронды үлгіге көшірілуде», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова.
Мұнда түрлі әдебиеттермен, оқу құралдарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн режімде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы технологиялармен, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Келушілер үшін мұнда қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға да мүмкіндік зор.
«Кітапхана жүйесі қайта жаңғыртылуда. Классикалық бағыт бойынша кітап бұрынғыдай беріледі. Қазір бұл бағыттар басқаша өзгеруде. Яғни, халықпен жұмыс жасауға басымдылық беріледі. Тіпті, оқырманның өзі өзгеріп, білімді адамдар саны арта түседі. Осындай коворкинг орталықтардың кітапханада ашылып, түрлі қызметтерді жаңа жүйеде ұсынуы – цифрландыруға қарай жасаған кезекті қадам деп білуіміз керек», – дейді кітапхана қызметкері Үміт Ғалеева.
Бұл орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің де қадірін арттырып, көпшіліктің өз уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізері сөзсіз. Айта кету керек, бұл өңірдегі осымен алтыншы орталық. Аудан тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, бірқатар қызмет түрлерін де осы орталықтан ала алады.
«Qutty meken» құт болмақ
«Nur Otan» партиясының Қостанай облысы, Денисов аудандық филиалының қызметкерлері мен мониторингтік топ мүшелері «Qutty meken» партиялық жобасы аясында аталмыш ауданға қарасты Антонов ауылындағы су құбырын салу жұмыстарымен танысты.
Су құбырын салу жұмыстарымен айналысып жатқан «Инсект» ЖШС мердігері Үсербай Асанбаев: «Сумен қамту жүйесі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Алайда су тарту жұмыстары белгіленген мерзімінен бұрын аяқталуда. Антонов және Алчанов ауылдарында біздің серіктестік жұмыс істейді. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады деп жоспарланғанымен, біз ағымдағы жылы аяқтауды мақсат етіп отырмыз», – дейді.
Денисов ауданына арнайы бұрғылау техникасы әкелінген. Бұл жолдағы асфальтты бұзбай, құбыр тартуға мүмкіндік береді. Арнайы бұрғылаушы үш метр жер астында траншея арқылы құбыр жібереді. Тіпті, жеке үйлерге суды қосуға мүмкіндік береді. «Qutty meken» жобасының мақсаты – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның даму барысына партиялық бақылау жүргізу. Біз Антонов ауылына іс-сапар барысында құрылыс нысандарына бақылау жүргіздік. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы және құрылыс сапасына және мерзіміне мониторинг жасап, мұны халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», – дейді «Nur Otan» партиясы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемісова.
Оның айтуынша, партиялық бақылау жүргізіп отыру жолдар мен құрылыстардың, тұрғын үйлердің сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, коммуникация, өзге де әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға уақытылы қол жеткізу мүмкін болады.
Су құбырын жүргізіп жатқан серіктестік ұзақ жылдан бері бұл салада қызмет көрсетіп келеді. Бұған дейін олар Сарыкөл, Меңдіқара, Алтынсарин аудандары мен Көкшетау облысын тіршілік көзі – сумен қамтамасыз еткен. Қостанай, Қарағанды, Көкшетау мен өзге қалалардан арнайы мамандар шақыртылған.
Көмек – тек мұқтаж жандарға
Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасылардың кірісін анықтау барысында Қарағанды облысында алаяқтық іс-әрекеттің орын алғаны белгілі болды. Жақсы табыс тауып отырған әрі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топқа жатпайтын адамдар ай сайын жәрдемақы алып отыру үшін кірісін азайтып, жалған құжат жасап, түрлі айла-тәсілдерге барған.
«Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан Қошанов жергілікті билікке және партияның облыстағы филиалына жәрдемақы алуға үміткер азаматтарды тексеру жөнінде тапсырма берді. Өңір басшысы атаулы әлеуметтік көмекті тек мұқтаж адамдар алуы керектігін тілге тиек етті.
«Nur Otan» партиясы және әлеуметтік қызмет өкілдерінен құралған мобильді топ өз жұмысын аяқтады. «Мобильді топтың мақсаты – жұмыс істегісі келмейтін және түрлі сылтаумен жұмысқа орналасу туралы өтініштерден бас тартатындарды анықтау. Сонымен қатар, біздің мобильді тобымыз жәрдемақы алу мақсатында өзінің табысын жасырған адамдарды да анықтайды», – деді партияның Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова.
Вакансиялар бақылауға алынып, аудандық және қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілсе де, Қарағанды облысында кірісін жасырып, жұмыс істегісі келмейтін отбасылардың бары анықталып отыр. «Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 199 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуын қысқарту туралы шешім қабылданды. Ал қалған жұмыстармен бөлімшелік комиссия айналысып жатыр. Жазаның екі түрі бар. Айла-тәсілге барғандар шығын төлейді немесе сот органдары арқылы жазаланады», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.
Партия көмек көрсетуге дайын
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалындағы жұмыс аптасы Мақтарал ауданынан басталды. Мұнда «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесі аясында азаматтарды көшпелі қабылдау өтті.
Бұдан соң партияның Шардара аудандық филиалында отбасыларды қолдайтын «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында психологтар мен заңгерлер кеңес берді. Іс-шаралар барысында азаматтар әлеуметтік қолдауға ие болса, әйелдерге несие беруде көмек көрсету мәселелері бойынша кеңестер мен құқықтық көмектер көрсетілді.
«Бүгінде біз Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған қазақстандықтардың проблемаларын білуге бағытталған #Birge ұлттық акциясының қорытындысын шығардық. Осы уақыт ішінде аймақтың мыңдаған тұрғынының мәселесін шешуге көмектестік. Арнайы қоғамдық қабылдау бөлмелері мен мобильді топтар жұмыс істеп, оған партияның жастар қанатының өкілдері де өз үлестерін қосты. Барлығы екі мыңға жуық адам қабылданып, 50 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс жиналды. Өтініштердің көп бөлігі Кентау және Арыс тұрғындарынан келді», – деді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Қалима Жантөреева.
«Жас кәсіпкер» – жаңа жоба
«Jas Otan» Жастар қанаты елордалық филиалы Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасымен серіктестік жайлы меморандумға қол қойды. Меморандум «Жас кәсіпкер» жобасын ілгерілету, бағдарлама аясында жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздейді.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасы – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған іскер жастарға арналған жаңа оқу жобасы. Кәсіпкерлер палатасы кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсетпек.
«Жастар арасында өз кәсібін бастап, армандарын жүзеге асырғысы келетіндер көп. Бұл жас кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік болатынына сенемін», – дейді «Jas Otan» ЖҚ елордалық филиалының төрағасы Б.Жанділдаев.
Бағдарлама бойынша 18-29 жас аралығындағы азаматтарды кәсіпкерлікке жұмылдыру, қызықты идеяларды қолдау, бизнес бастауға тәжірибелік оқыту, ауыл мен қалада бизнесті дамытуды көздейді. Қатысушылар өз бизнесіне бастапқы капитал ретінде 200 АЕК (505 мың теңге), 8000 АЕК-ге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндігі бар.
Бұқаралық спортты дамыту – ортақ міндет
«Nur Otan» партиясы Арқалық қалалық филиалының мұрындық болуымен жергілікті «Қосымша білім беру орталығымен» бірлесіп, доп додасын ұйымдастырды. Оған шағын шаһардағы жас жеткіншектерден құралған 10-ға жуық команда қатысты.
«Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Оны дамыту – баршаның ортақ міндеті. Осы ретте партия тарапынан түрлі спорттық шараларға қолдау көрсетіп жүрміз. Футбол – әлемдегі танымал спорт түрі. Сол себепті, жастарды біріктіріп, теңбіл доп додасын ұйымдастырдық», – дейді «Nur Otan» партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сабыржан Тасмағанбет.
Бір аптаға созылған шағын футбол турнирі мәресіне жетті. Командалар «А» және «Б» тобына бөлініп өнер көрсетті. Топтан шыққан командалар бас жүлде үшін таласқа түсті. Аламан бәсекенің қорытынды ойынында Б.Майлин атындағы №3 орта мектептің командасы мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназия аяқдопшылары өзара сынға түсті. Тартысты ойында Б.Майлин атындағы №3 орта мектептің командасының мерейі үстем болып, жарыс жеңімпазы және «Nur Otan» партиясы кубогының иегері атанды. Үштікті М.Әуезов атындағы №5 орта мектептің командасы түйіндеді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды.