Өмір өрнектері – Асқар Закарин

Өмір өрнектері – Асқар Закарин

Өмір өрнектері – Асқар Закарин
ашық дереккөзі
Ғылым қашан да жүгі ауыр, сананың ең қарқынды жұмысын талап ететін ерекше еңбек түрі екені айқын. Ғылымға қашан да дарыны дараланған әрі батыл жандар аяқ басады. Әсіресе математика ғылымы үлкен логика мен ой еңбегіне құрылатын күрделі сала. Бәлкім дипломатия саласына кей-кездері әрбір сөзі мен қадамын есептеп басар, математиктер қажет болар? Осындай күрделі ғылымның үддесінен шығып, білім мен ғылым саласына кеңінен үлес қосқан Қазақ КСР-нің 1958-1961 жылдардағы сыртқы істер министрі болған Закарин Асқар Закарұлының салып кеткен жолы баршаға өнеге. 1908  жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген Асқар Закарұлы 1931 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетін тәмамдаған, кейіннен 1937 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Сол тұстағы Қазақ педагогикалық институтында 1937-41 жылдары ассистент, оқытушы болып жүріп, 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысына қатысады. Өмірдің жолы қашан да бұралаңға толы. Ғылымға білек сыбана кірісіп жүрген жас ғалым майданға сұранып, 100-ші бригада сапында Мәскеуден Брестке дейін әрі қарай Кенигсбергке дейінгі шайқас жолын кесіп өтіп, Маньчжуриядағы Квантун әскерін ойсыратып жеңіліске ұшыратқан операцияларға қатысады. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» «Ерлігі үшін» медальдарімен марапатталды. Әлбетте соғыстан кейінгі уақыт Қазақстан экономикасына оңайға соқпады, кез келген салада құлдырау бар еді. Соның ішінде білім және ғылымға ерекше көңіл бөлу, әрі қарай дамытып әкету қажеттілігі пайда болды. Сол тұста 1950 жылы Асқар Закарин Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының директоры болады, 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры атанады. Қазақ мемлекеттік университетінде Асқар Закарин ректорлық еткен тұста Жоғары оқу орнының тасы өрге домалады. Сол тұстары әлбетте елдегі бетке ұстар оқу орнына қай тұрғыдан болсын алға ілгерлеу қажет еді, ғимараттарды жаңарту, кафедралар, кітапханалар, студенттер білім алатын корпустар жетіспеді. Сол сәтте А.Закариннің белсенділік танытуымен университет қабырғасында жаңа кафедралар (гидробиология және ихтиология, метеорология, жоғары математика, орыс филологиясы, қатты дене физикасы және т.б) ашылып, жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру факультеті, философия-экономикалық факультет, М.О.Әуезов атындағы студенттердің әдеби бірлестігі, «Жеті муза» атты қоғамдастық құрылды. Аталған уақытта қазақстандық ғалымдар шетелге шығып, беделді ғылыми орталықтармен әріптестік орната бастады. А.Закарин шәкіттеріне қашан да «Математика – ғылымдар патшасы, шамалау мен дәлсіздікке көнбейді, сондықтан математик ғалым шындықтан аттап кетпеуі үшін жинақы және зейінді болуы тиіс», – деп қадап айтатыны ғалым туралы естеліктерде жиі жазылып жүр. 1955 жылы Асқар Закарин Қазақстанның ағарту министрі лауазымына тағайындалады. Ал 1958 жылы республиканың Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және сыртқы істер министрі болады. 1963-1967 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төрағасы атанады. Бұған дейін жоғары геометрия саласында білікті маман (1948 жылы жоғары геометрия мәселелері бойынша диссертация қорғап шыққан), математик ғалым ретінде танылған Закарин сыртқы істер саласында да өте жемісті жұмыс атқарды. Атап өтерлігі А.Закарин Мәскеу мемлекеттік университетінің математика-механика факультетін тәмамдап шыққан алғашқы қазақ. Түрлі қилы кезеңдерді бастан өткеріп, өмір сынақтарына еш сынбай төтеп берген ғалым жолы осылайша дипломатия, сыртқы істер саласымен жалғасын тапты. Білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталып, Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері атанды. Қазақстанның білім және ғылым саласына инновация жасап, жаңалық енгізіп, сол тұстарда-ақ университет қабырғасына шетелден делегацияны қонақ етіп яки студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын шетелге жіберіп, жаңалықтармен бөлісіп, деңгей көтеруде осылайша отандық ағарту саласының ұшпаққа шығып, жастар арасында қызығушылыққа ие болып, әрі қарай дұрыс даму жолына түсуде Асқар Закариннің қосқан үлесі орасан зор. Ғылым саласының қазіргі жаһанданған ХХІ ғасырда да ойып тұрып алар орны бар. Бүгінде Қазақстан ғылымда әлемнің озық елдерімен иық теңестіруде күш салып жатқаны айқын. Осы тұрғыда Асқар Закарин сынды асыл азаматтардың жүріп өткен өмір жолы барша ғылымға ұмтылған жас буынға үлгі-өнеге екені хақ.  

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Журналист