Біз ескермеген өнеге

Біз ескермеген өнеге

Біз ескермеген өнеге
ашық дереккөзі
Көне заманның ақылгөйлерінің өкілі атақты Пифагордың; «Жақсы жасалған заңнан жақсы салт-дәстүр артық. Ең басты заң – салт-сана», – деп тұжырым жасауы және өз халқымыздың даналары ұрпағына; «Қалпыңнан  айырылсаң да, салтыңнан айырылма» деп өсиет қалдыруы тегіннен-тегін болмаса керек. Бүгінгі тірлігіміздегі көрініс беріп отырған келеңсіздіктердің пайда болуының басты себебі де осы халықтық салт-дәстүрлерімізді өзіміздің жете білмегенімізден, соны өмір сүру заңдылығының негізіне айналдыра алмағандығымыздан ба деп ойлаймын.    Біз осы уақытқа шейін ғылым мен білімге тек еуропалықтардың көзімен қарап келгендігімізге мән бере бермейміз. Әсіресе, отаршылдық саясаттың арқасында: дінімізбен күресіп — дінсіз, тектілерімізбен күресіп – тексіз, ұлтжандыларымызбен күресіп — ұлтсыз, білімділерімізбен күресіп — біліксіз, салт-дәстүрімізбен күресіп – санатсыз қала жаздаған елміз. Сондықтан ендігі жерде ғылымның қай саласында болса да осы кемшіліктеріміздің орнын толтыруға ат салысқанымыз жөн сияқты. Жарық дүниеге келген нәрестені біздің көнекөз әжелеріміз қалай қабылдаған? Әйел босанған соң, әдетте, «баланың жолдасы» немесе шарана адам баспайтын, ит-құс жемейтін жерге тереңірек көміліп тасталады. Шарана (плацента) — жатырда нәрестені қоршап, қоректендіріп тұратын жұқа қабыршақ. Кейде нәресте шарана қабымен туылуы мүмкін, ондай бала өскен соң бақытты болады деген наным бар. Ондай жағдайда шаранасын баланың оң иығына тұмар ретінде тігіп қояды екен. Кейбіреулері бұл тұмарды ер жеткенде де иығынан тастамай, тағып жүрген. Осы жерде көңіл бөлетін бір жай – жаңа туылған нәрестенің «жолдасына» немесе шаранаға байланысты қалыптасқан ұғымдар көп. Түрлі ұлт өкілдерінде баланың жолдасына қатысты аса қызықты пікірлер бар. Ресейлік ғалымдар оны жан-жақты зерттеп, нәрестенің ағзаларындағы түрлі ауруларды, әлсіздіктерді бірден анықтауға болатындықтарын дәлелдеді. Бұл әрине, тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе. Біздің перзентханаларда туа сала сол жан иесінің белгілі бір бөлігі айдалада қалып, ит пен мысықтарға жем болатындығы да сан алуан ойға жетелейді. Және сол бөлік адамның тұтастай ғүмырына әсер ететін, ықпал жасайтындай болып тұр ғой. Яғни баланың орнында, жолдасында көл-көсір мән бар, құпия бар. Қазақтардың оны «баланың жолдасы» деуі де тегін болмаса керек. Егер жаңа туған нәресте шаранасына тұншығып, жыламай түссе, аққол ана, ең алдымен, баланың жолдасын түгел түсіріп алуға тырысқан. Ол үшін келіншектің табанын қыздырады. Жолдасы толық түскен соң баланың кіндігін жолдасына қарай сауып, жолдасты қызған темірмен (кетпенмен) қыздырады. Осының нәтижесінде нәрестенің үні ашылып, дыбыс береді. Кіндігін кесіп, қаздың қауырсынымен құстырады. Үш сағатқа дейін осындай әрекеттер істеу арқылы жас нәрестенің өмірін сақтап қалған. Ал қазіргі медицина үнсіз туған баланың жолдасын кіндігінен бөліп кесіп алып, оның үстіне су бүркіп көреді. Егер еш қимыл сезілмесе, бала өлі туғанға саналады. Бала дүниеге келісімен дауысы шығуы үшін құйрығынан шарт еткізіп шапалақпен ұрады да, кіндігін кеседі. Сәбидің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» деп аталады. Халқымыз кім болса соған баланың кіндігін кестірмеген. Екі жас үйленіп жатқан кезде-ақ кіндік шеше болуды қалап алатын әйелдер болады. Ол үшін алдымен екі жасты үйіне арнайы қонаққа шақырып, өз дастарханынан дәм таттырады. Осыдан кейін екі үй арасында қарым-қатынас жиілеп, жарастық орнайды. Кіндік шешеге біршама міндеттер жүктеледі: жүкті әйелді күту, босану үстінде басы-қасында болу, кіндігін кесу. Кіндік шеше нәрестеге қырқынан шыққанда киетін ит көйлек тігіп алып келеді. Бала ер жетіп, ел қатарына қосылғанша өз назарынан тыс қалдырмай, әрдайым қамқор болып жүреді. Халық ұғымында «баланың мінез-құлқы кіндік шешесіне тартады» деген түсінік бар. Кім біледі, қазіргі жастардың көпшілігінің мінез-құлықтарының еуропаша болып кеткендігі осыған да байланысты шығар... Себебі, перзентханаларда кіндікті кім кезек­шілікте болса сол кесе береді ғой. Ол да меніңше ойланатын жай... Халқымызда бала ер жеткен соң кіндік шешесінің бар жақсылығын ескеріп, оған «кіндік кесерін» беруі керек, оны туған анасынан кем көрмей, өмір бойы сыйлап өтеді. Қандай өнегелі дәстүр! Ер баланың кіндігін ырымдап, «үйкүшік болмасын» деп, қырдан асырып лақтырып жібереді, ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді. Сонымен қатар, бала кіндігін оқымысты болсын деп кітап арасына салып сақтап қоятын, ат құлағында ойнасын деген тілекпен аттың жалына байлайтын ырымдар да бар. Тіліміздегі «кіндік қаны тамған жер», «кіндік кескен жер» деген қадірлі де қасиетті сөздер осы дәстүрге байланысты қалыптасқан. Есейгенде қай жерде өмір сүрсең де, кіндік кескен жердің ыстық көрінетіндігі тегін болмаса керек... 40 күн толғанша бөбекті бір күн сабынды сумен, бір күн тұзды сумен, бір күн жұпар иісті маралоты атты шөпті қосып кезек-кезек шомылдырады. Тұзды суға шомылып, тұзға піскен бала шымыр болады. Әрі есейген соң денесі зақымдалса, жарасы іріңдемей, тез жазылады. Медицинада да біз тұзды сумен іріңді жараларды жуып-таңамыз, себебі тұзды су микробтар мен іріңді сорып алады. Жаңа босанған әйелдің әл-қуат жиып, белі бекіп кетуі үшін оған арнайы мал сойылып, қалжа беріледі. Жас сорпа ішкізіп, жас ет жегізу мақсатымен сойылған қойдың семіз және күйлі болуы шарт. Бұл дәстүрдің сақталмауы кешірімсіз жағдай деп саналады. Сондықтан халқымызда «Сені туғанда шешең қалжа жемеген бе?», — деп айтылатын сөз бар. Қазіргі ғылыми тұрғыдан қарағанда да бұл рәсімнің сақталмауы кешірімсіз жағдай. Себебі, жарық дүниеге нәресте әкелу оңай емес. Ана байғұс жаны қиналып, бойындағы барлық күш-қуатын жұмсап, қара терге түсіп, әбден әлсірейді. Кейбіреулері қосымша қан жоғалтып, қансырап, әрең жаны қалады. Ал перзентханаларда, аман-есен босанған соң анаға аса көңіл бөлінбей, нәрестені үйге шығаруға әрекет жасайды. Осының  салдарынан, көптеген әйелдер үйге шыққаннан соң да ұзақ уақыт әлсіреп, күш-қуатын жия алмай, әлекке түседі. Олардың кейбіреуі асқынып, ауру-сырқауға шалдығады. Көпшілігінің емшегінен сүт шықпай, сәбиін сүтке жарытпай жүреді. Уыз сүтті тоя еміп, емшек сүтіне жарымаған нәресте де аурушаң, нәзік болып жетіледі. Осының бәрі, ме­нің­ше, сол келіншектерге қалжа жегізіп, жас сорпа ішкізіп, уақтылы күтпеген­діктің салдарынан болады. Халқымызда «Ет-етке, сорпа-бетке» деген мәтел бар. Жас сойылған күйлі малдың сорпасы жас босанған әйелге күш-қуат беріп, организмінің қан айналымын жақсартып, қанын толықтырып, қанның құрамындағы белокты көбейтеді. Сол себепті қалжа жеген келіншектің емшек сүті де молайып, ертерек күш-қуаты қалпына келеді. Осыны ескеріп, қазіргі босанған әйелдерге неге қалжа жегізіп, жас сорпа ішкізбеске!? Меніңше, одан келер ешқандай зияндық жоқ. Шілдеханаға сойылған малдың мойын омыртқасын жақсылап пісіріп, босанған әйелге береді. Ол мойын омыртқаны опырмай, етін тек қолмен үзіп жеп, омыртқа сүйектерді төрге іліп қояды. Ел ішінде жас сәбидің басын ертерек көтеріп, мойнының тез қатаюы осы омыртқамен байланысты деген ұғым бар. Келін бөпелі болған соң, оған деген көзқарас мүлдем өзгереді. «Енді сен балалықтан қол үздің, сәбиі бар анасың» деп, айнала жиегі қызыл моншақпен кестеленген және зерделенген кимешекті қазақ әйелдері босанған соң киген. Жас босанған келінге қатты көңіл бөлген. Оны енесі үнемі қадағалап, жылы киіндіреді, «шілде қағып кетпесін» деп, салқындаудан сақтандырады. Келінінің тізе қап, аяғына жылы байпақ кигізеді, әсіресе, қолын салқын суға салғызбайды. Туған әйелдің созылған іші қалпына келуі үшін белін буғызады. Тісі түсіп қалмасын деп, орамалмен аузы-басын қымтап, суық су ішкізбейді. Шашы түспесін деп, тас қылып шашын өріп қояды – бала қыр-қынан шыққанша. Бір қызығы медицина саласындағы ғылыми жұмыстарды бақылап отырсаң, кейінгі кездері Еуропа елдері де ғылым жүзінде көп нәрсені қайта қарап, Шығыстың әдет-ғүрыптарының дүрыстығына көз жеткізіп отыр. Мысалы, ағылшын диетологтары екіқабат әйелді тамақтан қағуға болмайтынын, не қаласа соны жеуін дәріптей бастады. Себебі, фигурасын сақтап, тамақты тарта жеудің салдарынан, ішіндегі баланың салмағы аз болатыны дәлелденіп отыр. «Бритиш медикал джорнел» журналында басылған ғылыми еңбектерінде доктор Сиан Робинсон мен оның әріптестері, екіқабат әйелдің ішіп-жеген асы, құрамындағы қоректік заттар, әсіресе жүкті болған кезінің алғашқы айларында, оның құрамындағы шарана (плацента) мен баласының өсіп-жетілуіне және салмағына тікелей әсер ететінін дәлелдеді. Швед ғалымдары да, салмағы нормадан кем болып туылған ер баланың 50 жасқа келгенше қант диабетімен ауыру қаупі бар екенін айтады. Сол себепті екіқабат келіншек өзін тамақтан қыспай, жерігін қандырып, көңілі-тәбеті тартқан асын, әсіресе жеміс-жидекпен көбірек қоректенгені абзал.  

Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЬІ,

Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру

институтының Балалар хирургиясы меңгерушісі,

доцент.

 

«Түркістан» №41 7 қазан.

 2004 жыл.