Елмен етене болу маңызды

Елмен етене болу маңызды

Елмен етене болу маңызды
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы қаласына ресми сапармен барып қайтты. Сапар барысында Бауыржан Байбек партияның Алматы қалалық филиалының кезектен тыс XXV конференциясына қатысып, партия жұмысын жетілдірудің басты міндеттерін атап көрсетті. Алдымен ол еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, соған байланысты партияның алдында ауқымды міндеттерге назар аударды. Оның айтуынша, партия үнемі ілгері жылжып, қоғамның талаптарына сай дамып отыруы керек. «Біздің партия барша қазақстандықтарды біріктіретін еліміздегі ең басты күш. Біз халықты ести де, тыңдай да білуіміз қажет. Бұл – Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы. Сондықтан адам құқықтары мен еркіндігін қорғау, лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, оны оң шешу, қашанда елмен етене болу партия жұмысының басым бағыты», – деді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ, ол партия Елбасының барлық стратегиялық бағдарламалары мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын партиялық бақылауды күшейту керектігін айтты. Алдағы уақытта барлық партиялық жобалар қайта қаралып, халықтың өмірін жақсартуға бағытталған нақты бастамалар бойынша жұмыстар жандана түспек. Үкіметтің жұмысына да тиімді партиялық бақылау жүргізіліп, министрлер мен әкімдердің тек мемлекеттік органдардың басшылары ретінде ғана емес, партия мүшесі ретінде де жауапкершілігі арта түседі. Бұл сөздің Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракцияларға да қатысы бар. «Біздің басты міндет – халықтың се­німін күшейту. Өйткені біз халықтың партиясымыз. Сондықтан біз саннан сапаға басымдық беріп, партия қатарында белсенді түрде «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның пікірталас алаңдарында қоғамды алаңдатқан мәселелерді ашық әрі нақты айтуы керектігін назарға алды. Одан бөлек, партия алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен жұмысқа да баса мән бермек. «Nur Otan» саяси, бірақ үкіметтік емес ұйым. Сондықтан біз үкіметтік емес ұйымдармен байланысты күшейтіп, оларға жағдай жасауымыз керек. Әсіресе, Алматы сияқты ірі қалаларда бұл басымдықтың маңызы зор. Біздің қолымызда билікке әсер ете алатын тетіктер бар. Соны тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы партияға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына белсенді қатысуды тапсырды», – деген Бауыржан Байбек партияның көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүмкін­дігі шектеулі жандар сияқты барлық әлеуметтік топпен жұмыс істеуі керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары және Алматы қаласы әкімінің қатысуымен Қазақстан, Германия, Австрия елдері арасында электрокөлік құралдарына арналған аккумулятор шығаратын зауыттың құрылысы туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Жаңа зауыт Алматыда электроавтобустар шығаруға тың серпін беріп, өндіріс көлемін арттырады.   Партия Арыс халқына көмек қолын созды «Nur Otan» партиясы Арыс қаласындағы зардап шеккендерге көмек көрсетуін жалғастыруда. Қазірдің өзінде партиялықтар көрсеткен Арыс қаласындағы зардап шеккендері үшін көмектің бір бөлігі тұрғындарға жеткізілді. Қарағанды облысы авиахабармен 10 тонна азық-түлік тағамдары, киім-кешек пен тазалық заттарын жөнелтті. Жалпыхалықтық акцияға партияның облыстық филиалдарының бәрі де атсалысты. Зардап шеккендер үшін азық-түлік тағамдары, құрылыс материалдары мен бірінші кезектегі қажетті тауарлар бар автокеруендер Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе мен Павлодар облыстарынан шығып кетті. Сонымен бірге Балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері сол жерде 24 бала психологының жұмысын ұйымдастырды. Сейсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістан облысына салалық ҮЕҰ 5 жетекшісі мен Балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері ұшып барады. Олар ересектер мен  балаларға психологиялық көмек көрсету жұмысына белсенді қатысатын болады. Қажеттілік туып жатса, оқиға орын алған жерге тағы да 19 кәсіби психолог бара алады. Өңірдегі «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, Ақмола облысы активі зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылдаған. Бастамаға бизнесмендер қолдау танытты.  Павлодар облысының балаларды сауықтыруға арналған бес орталығы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына Оңтүстік Қазақстаннан келетін 300 баланы қабылдауға дайын. Қазір келіссөздер жүргізіліп, Арыс қаласының әкімдігімен бірге нақты мәліметтер анықталып жатыр. Арыстағылардың басына түскен ауыр жағдайға қостанайлықтар да немқұрайлы қарай алмады. Өңірдегі «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бүгінгі күні партиялықтардың зардап шеккендерге 20 тонна ұн, 5 тонна макарон, азық-түлік тағамдары мен басқа да қажетті заттарды жіберуді жоспарлап отырғандарын атап өтті. Батыс Қазақстан облысының партиялықтары, оның ішінде «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалы мен «Jas Otan» жастар қанатының қызметкерлері арыстықтарға бір күндік жалақы көлемінде материалдық көмек көрсетті. Сонымен бірге облыс бойынша  гуманитарлық көмек қабылдаудың үш бекеті ашылды. Бұл күндері бүкіл Республика бойынша бір күндік жалақысын зардап шеккендерге аудару туралы шешім қабылдау бойынша бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтуде. Оның сыртында партияның барлық өңірлік филиалдары гуманитарлық көмек қабылдау бекеттерін  ұйымдастырды. Барлық деңгейдегі депутаттар, пар­тияның жақтастары мен немқұрайлы емес азаматтар отандастарына жан-жақты көмек көрсету бойынша партия бастамасына қолдау танытуда. «Nur Otan» партиясында гу­манитарлық көмек жинау жалғасып жатыр. Партия мен фракция арасындағы байланыс нығаймақ «Nur Otan» партиясы төрағасының  бірінші орынбасары  Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол аймақтық партия активімен кездесті. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясының жұмысын жандандырып, партия мен фракция арасындағы өзара қарым-қатынасты күшейту керектігін айтты. Партияның облыстық филиалының конференциясында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды тұғырнамасы қоғам үшін біріктіруші рөл атқарып, мемлекеттік аппаратты сапалы әрі тиімді жұмысқа жұмылдыру керектігін де тілге тиек етті. «Қазір партия үшін ең маңызды мәселе – халықтың сенімін арттыру. Сон­дықтан күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау ісінде депутаттармен қарым-қатынасты қайта қарап, күшейту керек. Депутаттық сауал­дар халықтың алаңдатқан аса өзекті мәселелермен үндесіп жатуы тиіс. Өкінішке қарай қазір фракциялардың жергілікті жердегі жұмысы кейбір талаптарға сай емес», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Бұдан басқа партия халықтан келіп түскен әрбір өтінішті жіті бақылауға алып, тікелей жұмыс істейді. Сондықтан партия мемлекеттік органдардың халықтың өтініштеріне жауап беріп, мәселелерді оң шешу жолындағы жұмыстарды мұқият бақылауға алуы тиіс. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алғашқы жартыжылдықта партияның Орал қалалық филиалында қала әкімінің орынбасарлары бірде бір қабылдау өткізбегенін қатаң сынға алды. Сонымен қатар Бауыржан Байбек партияның облыстық филиалына келіп түскен өтініштер бойынша әлеуметтік нысандарды аралады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сайлауалды тұғырнамасында 2023 жылға дейін апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесін толығымен шешуге уәде берген еді. Соған байланысты партия бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайды. Соның аясында Бауыржан Байбек Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен бірге 58 жыл бұрын салынып, бүгінде апатты жағдайда тұрған №31 мектептің жай-күйімен танысты. Бүгінде аталған мектепті сүріп тастап, орнына жаңа білім ордасын салу туралы шешім қабылданған. Соған орай балалар мен мұғалімдерді уақытша жақын жердегі мектептерге орналастырмақ. Ой мен сөздің сайысы «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» Жастар қанаты жастар жылына орай республикалық «Jastar alańy – 2019» пікірсайыс турнирін бастады. Айтулы шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – Қазақстанда пікірсайыс қозғалысын жандандыру және пікірсайыс федерациясын құру. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібектің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры – 4 000 000 теңге. Пікірсайыс турниріне қазақ және орыс лигасына барлық өңірден 18-29 жас аралығындағы жастардан құралған 60 команда қатыспақ. Пікірталастар қыркүйек айында басталады. Финалдық ойындар телевизиялық форматта өтеді деген жоспар бар. «Пікірсайыс – жастар үшін трендке айналған, сыни ойлауды, логиканы,  тұлғалық дамуды арттыра алатын таптырмас механизмге айналды.  Пікірсайыс клубтары еліміздің әр аймағында көптеп дамып келеді. Жастар 9 шілде мен 8 тамыз аралығында www.jasotan.com сайтында өтінім қалдыра  алады. Әлеуметтік желіде пікірсайысқа қатысты айтар ой, ұсыныс-пікірін   қалдырады. Олардың қоғамдағы өзгерістерге азаматтық көзқарасы әрдайым   маңызды», – дейді Дәулет Кәрібек. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Британдық парламенттік және Линкольн Дуглас форматтары бойынша турнир қатысушылары мен төрешілерге арналған тренингтер мен мастер-кластар өткізуді жоспарлап отыр. Тренинг пен мастер-кластарға қатысушыларға одан ары пікірсайыс тренингтерін өткізуге мүмкіндік беретін арнайы тренер сертификат беріледі. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқармасының төрағасы Батима Мукина «Jastar alańy – 2019» республикалық пікірсайыс турнирі арқылы ұйымдастырушылар пікірсайысты қолдап қана қоймай, мемлекеттік қызметке мықты кадрлық резерв даярлайтынын айтып өтті. Жиында блогер Қали Ақсұлтанның ай­туынша, қазақ және орыс лигасынан бөлек қоғам қайраткерлері, әншілер, блогерлердің және басқа да танымал тұлғалардың қатысуымен «Жұлдызды ойын» өткізу жоспарда бар. Турнирдің финалдық ойындары телевизиялық форматта ұйымдастырылмақ. Жобаның нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет пікірсайысшылардың  өзара байланыс орнатуға, өзекті тақырыптарды талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін сайт пен аналогы жоқ мобильді қосымша іске қосылады.   Алматыда шырқалған Disney әндері Disney компаниясының лицензиясымен ресми киноконцерттер өтетін әлемдік астаналар тізімінде енді Қазақстанның оңтүстік астанасы да бар. Алғаш рет отандық әртістер Disney-дің көпшілік ықыласына бөленген анимациялық  фильмдеріндегі танымал саундтректерді қазақ тілінде шырқады. Данияр Өтеген, Нұрмұхаммед Жақып, Адам, Кентал, Данелия Тулешова, Ерден Жақсыбеков, Индира Еділбаева, Жарқынай Шалқар, Балжан Бидаш  симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды  дауыста ән салып, көрерменге  өнерлерін паш етті. Қазақстан үшін арнайы жасалған бағдарлама диснейлік киноконцерттің ресми бағдарламасына «Мұзды жүрек» («Холодное сердце»), «Аң патшасы Арыстан» («Король Лев»), «Су перісі» («Русалочка»), «Ару мен құбыжық», («Красавица и чудовище») «Мулан», «Аладдин», «Покахонтас» сияқты барлығы 22 мультфильмнің композициясы енді. «Бүгін біз Disney-дің ең үздік әндерін алғаш рет  қазақ тілінде өз әртістеріміздің орындауында тыңдап отырмыз. Бұл – біздің Астана күні мерекесіне орай балаларға жасаған сыйымыз. Мен ТМД-дағы Walt Disney команиясына және бүгін біздің арамызға отбасымен бірге келген компания өкілі Игорь Макаровқа рахмет айтамын. Музыка балалардың бойында мейірім мен патриотизмді, адамгершілік қасиеттер мен кішіпейілділікті қалыптастырады», – деді «Болашақ» КҚ Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек. Айта кетейік, «Жұлдыздар шеруі» қайырымдылық киноконцертінің аясында 7 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Жиналған қаражат толықтай «Болашақ»  корпоративтік қорының әлеуметтік жобаларына жұмсалады.  «Әр бала мектепке баруы тиіс» жобасының аясында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Орал, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл және Алматыда инклюзияны қолдау үшін 20 кабинет ашылды. Аутизм және басқа да менталдық сырқаты бар 248 бала мектепке баруға мүмкіндік алды. 2019 жылы Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тағы да 20 кабинет ашу жоспарланған. Қазақстандағы инклюзивті білім беруді жетілдіруге жәрдемдесу мақсатында «Болашақ» КҚ бастамасы «Nur Otan» партиясының тарапынан «Кедергісіз келешек» республикалық жобасының аясында қолдау тапты.   Мәжіліс депутаттары  халықпен кездесті Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Василий Олейник және Геннадий Шиповских «Силумин-Восток»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, «Nur Otan» партиясының «ІТ мамандарды даярлау» жобасы аясында ашылған IT-технологиялар және өнеркәсіптік жабдыққа сервистік қызмет көрсету, оқу орталығының жұмысымен танысты. Орталық заман талабына сай жабдықталған. Ондағы жаңа технологиялардың көмегімен  тиісті жұмыстарды барынша жылдам атқаруға болады. «Біз сайлаушылармен кездесу барысында  Парламенттегі атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіреміз. Сонымен қатар халықтың ой-пікірін тыңдаймыз. Дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін, Елбасының елімізді цифрландыруға байланысты берген тапсырмасын толығымен орындауымыз қажет. Бүгінгі таңда Қазақстан Үкі­метінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығын айта кеткім келеді. IT-технологияларды жетілдіру, IT-орталықтарды көптеп  ашу, әр саланы барынша цифрландыру заман талабынан қалмаудың басты алғышарты болмақ», – дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.

Әсел ӘНУАРБЕК