298
Nur Otan: Маңызды мәселелер қаралды
Nur Otan: Маңызды мәселелер қаралды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдады.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысына партияның қазіргі жұмыстары, соның ішінде «Nur Otan» партиясының XVIII съезінің шешімдері мен «Игілік баршаға! Сабақтастық, әділдік, өрлеу» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар Жоспары, сондай-ақ, партия Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі әлеуметтік жағдайды жақсарту және партия жобаларын одан әрі дамытуға байланысты тапсырмаларының орындалуы туралы ақпарат берді.
Қазақстан Президенті партияның барлық бағыттағы, соның ішінде, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша сайлауалды бағдарламасының жүйелі әрі белсенді түрде атқарылуының маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы қоғаммен конструктивті диалог орнатуда партияның алар орны ерекше екенін айтты.
«Қоғамдық сенім жөніндегі Ұлттық кеңес елімізді одан әрі дамытуға бағытталған түрлі пікірлер ашық айтылатын, ұсыныстар енгізілетін нақты шынайы диалог алаңы болуы тиіс. Кеңеске барлық мүдделі әрі жауапты саяси күштер, партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да белсенділер атсалысуы қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге партияның барлық облыстардағы бөлімшелерінде гуманитарлық көмек жинау орталығының ұйымдастырылғаны жөнінде хабарлады.
Ақтөбеліктер Арыспен бірге
Ақтөбеліктер де Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсетуге жұдырықтай жұмылды. Партияның облыстық филиалындағы көмек көрсету пунктіне тұрғындар екінші күн қолдарындағы барларын алып келуде.
«Қайғылы оқиға туралы хабарды естіген соң партияның Ақтөбедегі филиал қызметкерлері арнайы құрылған қорға бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдады. Біз барлық ірі әлеуметтік желілерде көмек жинау бекеті туралы ақпаратты бірден жарияладық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландырдық. Адамдар бірден үн қатып, кешке дейін қоңырау шалды. Түнгі сағат екі-үшке дейін байланысқа шығуды жалғастырды. Олар азық-түлік алып келе бастады. Бүгін екі көлік бірінші сәлемдеме Түркістан облысына жіберіледі. Бұл жалпы құны 8 миллион теңге болатын 24 тонна зат», – деді «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин.
Ал партияның Саяси кеңесінің мүшесі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Такталифум Есенғұловтың бастамасымен өндірістік ұжым «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 50 миллион теңге аударды.
Жамбылдан жолданған алғашқы көмек
Арыс қаласында орын алған жағдайға байланысты Жамбыл облысынан гуманитарлық көмектің алғашқы легі аттанды.
Қазіргі уақытта жалпы құны 8 млн теңгеден аса қаржы көлемін құрайтын 40 тонна азық түлік тиеліп, одан бөлек 60 тонна құрылыс материалдары жөнелтіледі. Анықтап айтқанда, 10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана құс жұмыртқасы, 1,5 тонна тауық еті, 350 келі шұжық өнімдері, 1 тонна сүт өнімдері, 200 келі макарон өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 400 келі печенье, 700 келі қияр және 1000 дана бөлке нан дайындалды.
Сонымен қатар, Арыс қаласына медициналық қызмет көрсету мақсатында арнайы 4 бригада жіберілді. 2,2 млн теңге қаражат көлемінде қажетті дәрі-дәрмек бөлінді.
Жалпы Жамбыл облысында көмек көрсету шаралары жалғасын табады. 180 тоннадан аса гуманитарлық көмек жолданады деп күтілуде. Сондай-ақ, Арыс қаласынан 100-ден аса азамат келіп, оларға жан-жақты көмек көрсетіліп, жайлы орындарға жайғастырылуда. Алдағы күндері де партияның облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары жолданатын болады.
Бір күндік жалақыларын аударды
Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға бүкіл халық болып атсалысу – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Сол себепті «Nur Otan» партиясы Орталық аппараты қызметкерлері жарылыстан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы осы оқиғаға байланысты гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын қолға алып, партиямыздың барлық филиалында арнайы орталықтар құрылды. Барлық өңірлер қазір Арыс қаласы тұрғындарына қол ұшын созуда. Жамбылдықтар Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр.
Қалада 4 жерде арнайы қабылдау бекеттері ашылып, жұмыс істеп тұр. Дәл қазір Тараз қаласынан азық-түлік, тұрмыстық жағдайға керек-жарақ заттар тиелген бірнеше жүк көліктері жолға шығады.
Ғылым мен білім саласы партия назарында
«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында 2016-2019 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қатысты мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстары талқыланды.
Партия жанындағы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалау мен мониторингін іске асыру орталығы алаңының жиынына «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы дайындалып жатқанын айтты. «Жаңа бағдарламаны қоғаммен, сарапшылармен, депутаттармен бірлесе отырып жасаймыз. Сондай-ақ, бүгінгі жиын барысында сіздердің тараптарыңыздан айтылған ұсыныстар да ескеріледі», – деді министр.
Осы орайда «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бағдарлама аясында бірінші кезекте шешілуі тиіс басымдықтағы бірнеше мәселені атады. Олардың алғашқысы мұғалімдердің жалақысы мен беделіне қатысты болды. «Бүгінде ұстаздардың әлеуметтік қорғалмаған топқа жататыны анық. Экономиканың салалары бойынша орташа көрсеткішті алып қарасақ, білім беру саласының қызметкерлері ең төменгі жалақы алады. Әрине, қосымша төленетін ақылардың бары да рас. Бірақ оларды алу үшін көп жылдық еңбек өтілі сияқты тағы да басқа талаптар қойылады. Сондықтан ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесін кезең-кезеңімен шешпейінше, білім саласын алға ілгерілетіп, жаңа деңгейге көтеру, елімізге қажетті, білімді де білікті мамандар даярлайтын жүйе құру қиынға соғады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол білім беру саласындағы баса назар аударатын екінші мәселе ретінде педагогтардың кәсіби сапасын атады. Статистикаға сүйенсек, педагог мамандығына ҰБТ-да аз балл жинағандар барады екен. 2018 жылы педагогикалық мамандыққа түскен студенттердің тең жартысына жуығы ҰБТ-да 55 балдан төмен жинағандар. Мұның өзі біраз жайтты аңғартса керек. Яғни, өзге мамандықтарға балы жетпей қалған жастар ғана амалсыз педагог мамандығын таңдап жатады.
Тағы бір айта кетерлігі, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен салыстырғанда қазақстандық балалардың PISA көрсеткіші (әлемнің түрлі елдеріндегі оқушылардың сауаттылығы мен білімін тәжірибеде пайдалана алуын бағалайтын тест) бойынша деңгейі 2-3 есеге төмен. «Бірлесіп қолға алатын үшінші мәселе – ауыл мен қаладағы білім сапасының алшақтығы. Ауылда білікті мамандар, білімді ұстаздар жетіспейді. Инфрақұрылым мәселесі де толық шешілмеген. Үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептердің басым бөлігі де осы ауылды жерлерде. Мұның барлығы білімнің сапасына әсер ететіні анық», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Ал ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов демографиялық, көші-қон процестеріне байланысты мектептер тапшылығы барын, апатты, үшауысымды мектептер проблемасының сақталып отырғанын айтты. «Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзіне жыл сайын 20 мың бала көшіп келеді. Бұл кемінде 20 мектеп салу қажет деген сөз. Біз бұл проблемалардың барлығын білеміз және осы бағытта жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Іс-шараға қатысушылар әлі күнге дейін негізгі бөлігі ескіліктен құтыла алмай келе жатқан білім беру жүйесін басқару құрылымын реформалау керек екенін ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде олардың білікті мамандарды дайындаудағы ынтымақты жауапкершілігін белгілей отырып, оқушылар, ата-аналар, ұстаздар, білім беру ұйымдары, бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас жүйесін түбегейлі өзгертуді қарастырады.
Еске сала кетейік, «Nur Otan» партиясы жанындағы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалау мен мониторингін іске асыру орталығы Елбасы тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тапсырмалары мен мембағдарламаларды іске асыруды бақылаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мақсатында құрылған болатын.
Арыс халқына көмек қолын созды
«Nur Otan» партиясы Арыс қаласындағы зардап шеккендерге көмек көрсетуін жалғастыруда. Қазірдің өзінде партиялықтар көрсеткен Арыс қаласындағы зардап шеккендер үшін көмектің бір бөлігі тұрғындарға жеткізілді.
Қарағанды облысы авиахабармен 10 тонна азық-түлік тағамдары, киім-кешек пен тазалық заттарын жөнелтті. Жалпыхалықтық акцияға партияның облыстық филиалдарының бәрі де ат салысты. Зардап шеккендер үшін азық-түлік тағамдары, құрылыс материалдары мен бірінші кезектегі қажетті тауарлар бар автокеруендер Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе мен Павлодар облыстарынан шығып кетті.
Сонымен бірге Балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері сол жерде 24 балалар психологының жұмысын ұйымдастырды. Сейсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістан облысына салалық ҮЕҰ 5 жетекшісі мен Балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері ұшып барады. Олар ересектер мен балаларға психологиялық көмек көрсету жұмысына белсенді қатысатын болады. Қажеттілік туып жатса, оқиға орын алған жерге тағы да 19 кәсіби психолог ұшып бара алады.
Өңірдегі «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, Ақмола облысы активі зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылдаған. Бастамаға бизнесмендер қолдау танытты. Павлодар облысының балаларды сауықтыруға арналған бес орталығы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына Оңтүстік Қазақстаннан келетін 300 баланы қабылдауға дайын. Қазір келіссөздер жүргізіліп, Арыс қаласының әкімдігімен бірге нақты мәліметтер анықталып жатыр.
Арыстағылардың басына түскен ауыр жағдайға қостанайлықтар да немқұрайлы қарай алмады. Өңірдегі «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бүгінгі күні партиялықтардың зардап шеккендерге 20 тонна ұн, 5 тонна макарон, азық-түлік тағамдары мен басқа да қажетті заттарды жіберуді жоспарлап отырғандарын атап өтті.
Батыс Қазақстан облысының партиялықтары, оның ішінде «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалы мен «Jas Otan» жастар қанатының қызметкерлері арыстықтарға бір күндік жалақы көлемінде материалдық көмек көрсетті. Сонымен бірге облыс бойынша гуманитарлық көмек қабылдаудың үш бекеті ашылды.
Бұл күндері бүкіл республика бойынша бір күндік жалақысын зардап шеккендерге аудару туралы шешім қабылдау бойынша бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтуде. Оның сыртында партияның барлық өңірлік филиалдары гуманитарлық көмек қабылдау бекеттерін ұйымдастырды.
Барлық деңгейдегі депутаттар, партияның жақтастары мен белсенді азаматтар отандастарына жан-жақты көмек көрсету бойынша партия бастамасына қолдау танытуда. «Nur Otan» партиясында гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр.
Партиялық жоба – халық игілігіне
Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында «Nur Otan» партиясының «Заңгерлік көмек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті.
Қабылдауға қатысқан тұрғындар заңгерлердің құқықтық кеңестерін тыңдады. Көшпелі қабылдауға келген жандар заңгерлерге әлеуметтік, құқықтық мәселелерін айтып, көмек сұрады. Әділдік іздеген тұрғындардың мәселесі білікті мамандардың нұсқауымен шешімін табуы тиіс. «Nur Otan» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Темірова бұған дейін халықтың құқықтық кеңесті көп сұрайтынын атап өтті. «Заңгерлік көмек» – халыққа ең қажет жобаның бірі. Оның ішінде, әсіресе, шалғай аймақтардың тұрғындары үшін өте өзекті болып отыр. Осыған дейін 1260 қоғамдық қабылдау өткіздік. 3000-нан астам адам қабылдауға келді. Олардың 454-іне жазбаша кеңес бердік. 138 адамның арызы бойынша іс соңына дейін жетіп, шешімін тапты», – деді Бақыт Темірова.
Ал Қазақстан заңгерлер одағы төрағасының орынбасары Әбдікәрім Арынұлы халықтың тегін құқықтық көмекті біле бермейтінін атап өтті. «Біз партиямен бірлесіп аймақ тұрғындарына тегін құқықтық кеңестер бердік. Халықпен жүздескенде жер дауы, жесір дауы, әлеуметтік проблемаларға шағымдарды жиі айтты. Оның ішінде, көпшілігі мерзімі өтелмеген несие, пайыз көбейген төленбеген қарыздар жайы талқыланды. Тұрғындар несиені тұрмыстық қажеттілік үшін алғанымен, уақытылы төлей алмайды. Себебі, жұмыссыз қалғандар көп шағымданды. Әлеуметтік мәселелер жиналып экономикалық проблемаларды туындатады. Сонымен қатар ел арасында салғырттық, несие төлеу мерзімін өткізіп алу мәселелерінде банкке немесе қарыз алған мекемеге барып өтініш жазуды білмей жатады. Жалақысын кешігіп төленетін мекемелердің қызметкерлері несие төлеуден кешігіп, шығынға жиі ұшырайды. Біз сондықтан түсіндіру жұмыстары арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды да мақсат етіп отырмыз», – деді Әбдікәрім Арынұлы.
Әлеуметтік мәселелер бойынша қабылдауға келгендер баспаналы болу, жәрдемақы алу, денсаулығына байланысты шипажайларда жеңілдікпен демалу, тегін медициналық көмектер жайлы кеңестер алды.