«TÚRKISTAN» турнирі

«TÚRKISTAN» турнирі

«TÚRKISTAN» турнирі
ашық дереккөзі
Өткен аптаның сенбісі қолына қалам ұстаған журналистер әдеттегідей форум мен конференцияда емес, спорттық алаңда бас қосты. БАҚ өкілдері арасында пинг-понг спортынан рес­пуб­ликалық турнир өтті. Аталған спорттық бәсеке «TÚRKISTAN» халық­аралық саяси апталығының 25 жылдық мерейтойына, алда келе жатқан журналистердің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған. Қолына қалам ұстап, халық пен билік арасындағы алтын көпір болған тілшілер қауымы теннис ракеткасымен де өрнекті ойын өткізе алатынын дәлелдеді.  Сағат тілі онға жақындағанда қатысушылардың алғашқы легі келіп, үстел үстіндегі теннис ойнап көрмегендер машықтанып, білетіндер қайта жаттығып жатты. Жалпы үстел теннисі үлкен теннистен кейін ойлап табылған. Үй жағдайында ойнау үшін ойын алаңы, ракетка мен шар кішірейтіліп алынған. XX ғасырдың басында ресми түрде пинг-понг атауы берілгенін, оның мәнісі ракеткадан тек осы екі дыбыс қана шығатынын ҚР Теннис федерациясының өкілдері сөз етті. Жарысқа республиканың әр аймағынан жалпы саны 30-дан астам журналист пен баспасөз хатшылары қатысты. Сайыс алдында Үстел теннисінің мамандары ережелер мен ерекшеліктерін айтып, бірнеше минуттық шеберлік дәріс те өткізді. Отыздан астам қатысушы бір-бірімен кездеспеу үшін кәсіби сайыстарда қолданатын топқа бөліну тәжірибесі қолданылды. Қыздар бір топ, ерлер екі топқа бөлініп өз ішінде мықтыны анықтады. Ұйымдастырушылар бәсеке болғасын жүлдені де ойластырған. Топтан озып шыққандарға ақшалай сыйлық бар дегесін бе, сайыс «әу» дегеннен тартысқа толы болды. Тіптен сала мамандары да бірінші рет қолына ракетка ұстаған тілшілер қауымының ойын өрнегіне тәнті болғанын жасырып қайтеміз. Әйтеуір бірі жеңіп, бірі қалып финалдық бәсекеге де жеттік. Ерлер арасында үздік шыққан «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев болса, қыздар арасында «Сарыарқа» аймақтық газетінің фототілшісі Ғалия Әбдіғаппарова көш бастады. Пинг-понгтан 1936 жылы Прагада өткен сайыста екі қарсылас бір-бірімен 2 сағатқа жуық шар алмасып рекорд орнатқан екен. Данияр мен Ғалия арасындағы алғашқы шар алмасу да соған ұқсады. Қос мықты бір-біріне шар асырып бірнеше минут тұрды. Онысы бір-бірінің қарымын байқап, аңдысқаны деп ұқтық. Жалпы пинг-понг өте жылдам ойын. Ойыншылар орта есеппен минутына 150 соққы жасайды. Ойын кезіндегі шардың ұшу жылдамдығы сағатына 170 шақырымға жуықтайды екен. 1988 жылдан бастап олимпиадалық спорт түрі ретінде кеңінен насихатталуда. «TÚRKISTAN» теннис турнирінің финалы олимпиада ойындарына бергісіз қызықты әрі тартысты өтті. Азғана есеп айырмасымен бірінші кезеңде Ғалия жеңіп кетті. Екінші кезеңнің едәуір бөлігінде Данияр басымдық иеленіп тұрды. Тіптен есеп теңеспейтіндей көрінген, ерекше ерік-жігер танытқан Ғалия жүлдені тартып алды десе де болғандай. Осылайша турнирдің бас жүлдесін Жезқазғаннан арнайы келген «Сарыарқа» аймақтық газетінің фототілшісі Ғалия Әбдіғаппарова иеленді.  width= «Үстел теннисіне жаным құмар. Қолым қалт ете қалса ракеткамды алып, шар соққанды жақсы көремін. «TÚRKISTAN» басылымы турнир өткізгелі жатыр» деген хабарландыруды көріп, Алматыға асықтық. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Журналистер арасында бұл спорт түрімен машықтанған жандар баршылық екен. Осындай шаралар жиі болып тұрса дейміз. Ұйымдастырушыларға көп рахмет», – деді   Ғ.Әбдіғаппарова. «TÚRKISTAN» халықаралық саяси апталығының бас редакторы Қуат Әуесбай бұл шараның өзіндік мәні бар екенін айтады.  width= «Қалтай Мұхамеджанов негізін қалаған басылымның ерекшелігін көзі қарақты оқырман біледі. Сондықтан біздің ұжым өткізетін шаралар да ерекше болу керек. Ширек ғасырлық мерейтой қарсаңында концерт пен түрлі жиындар өткізуге болушы еді. Бірақ әріптестердің басын қосып, спорттық жарыстар өткізуді жөн деп таптық. Бұл үрдіс болашақта «TÚRKISTAN»-ға тән ерекшелік ретінде көпке үлгі болады деп ойлаймын», – дейді басылым басшысы. Отызға жуық БАҚ өкілдерінің басын қосқан шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Үстел теннис федерациясы мен жеке кәсіпкерлер демеуші болды. Қатысушылар ішінде Талдықорған қаласының журналистері айшықты өнер көрсетті.  width= Атап айтсақ, «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев екінші орын, «Огни Алатау» басылымының жауапты хатшысы Асхат Алтынбеков үшінші орынды қанжығалап қайтты. «Талдықорғаннан Алматыға келген негізгі мақсат – әріптестермен қауышып, емен-жарқын әңгімелесу болатын. Сол үдеден шықтық. Жүлделі де болдық. Қуаныштымын. «TÚRKISTAN» – түркі жұртына ортақ танымал басылым. Студент кезімізде іздеп жүріп оқыдық. Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар мектеп десек болады. Ширек ғасырлық мерейтой құтты болсын», – деді Д. Сейсенбаев. Тағы бір үшінші орынды «TÚRKISTAN» газетінің 2016 жылға дейінгі қызметкері Есенкүл Кәпқызы иеленді. Онан өзге министрлік тағайындаған арнайы жүлдемен журналист Ақниет Оспанбай, Жандос Айтбайұлы, Есенқұл Тоқтағұл марапатталды.  

«Түркістан-ақпарат»