20 Маусым, 14:20 633 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

Шырағы бар жүрегінде

Мағжантанушы қаламгер, қоғам қайраткері

Жарасбай Сүлейменов туралы сыр ұшқындары

Мен Жарасбаймен алғаш рет телефон арқылы танысқан едім. Со­дан бері қырық жылдан асып кетіпті-ау. Бәрі-бәрі жадымда өшпестей қашалған тәрізді. Мезгіл қоңырауын дабылдатқан сайын қаз-қалпында жаңғырып қоя береді. О кезде «Ле­ниншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) қызмет етемін. Бұған дейін әр бөлмеде бес-алты журналист отыратын құрқылтайдың ұясындай аядай-аядай жеті-сегіз кабинетте қыстырылып-қымтырылған жұпыны жайдан құтылып, арқамыз кеңейген кез. Ару Алматының халық құжынаған көкбазарының нақ түбінен бой көтерген он қабатты зәулім де, әсем көгілдір шынылы ғимараттың жетінші қабатын   иелендік... Қашанда басы идеядан босамайтын редак­­торымыз, әрдайым сергек бабындағы спортшыдай жүретін бастығымыз Сейдахмет аға бұрынғыдан бетер құлшынып жігерімізге жігер алаулатып, қиялымызга қанат байлаған.

Арасында қалт еткен бос уақытты пайдаланып, облыстық газеттердің редакцияларына қоңырау шалуды да ұмытқамыз жоқ.

«Жүрген аяққа жөргем ілігер» демекші, қиырдағы Қызылжардан жазу-сызуга ерекше ықыласты, әсіресе, «Лениншіл жасты» сырттай кумир санайтын жігітпен танысқаныма қатты қуандым. Аты-жөні Жарасбай Сүлейменов екен. Телефондағы әуелгі әңгімеміз де әдемі жарасып кеткендей. Облыстық газетте әдеби қызметкер көрінеді. Ежелгі таныстарша тез тіл табысқан біз жиі хабарласатын болдық. Іле-шала Жарасбайдың жастар өмірінен жазылған суреттемелері мен мөлтек очерктері біздің газетте көріне бастады. Артынша ауыл спортының жай-күйін көтерген проблемалық мақаласы жарияланды. Қағылез де, қиядағыны қылпуынан танитын нағыз редактор Сейдағаң «Қызық хаттар сағатының» кезекті отырысында жаңадан көріне бастаған авторларымыз төңірегінде біраз пікірлерін айтып, олардың әр қадамын қадағалап отыруды тапсырған. Топжарған тілшілер сапында, әрине, бү­гінгі белгілі қаламгер, оншақты кітаптың авторы Жарасбай Сүлейменов те бар еді.

Қанша жыл бұрынғы сурет ұмытылмастай есімде. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне бөлім меңгерушісі қызметіне ауысқаныма екінші жыл. Жұмыс соңына таман «Сапар Байжанов шақырып жатыр», – деп есіктен сығалаған хатшы апайға ілескен бойы редактордың бөлмесін аштым.

– Кел, Жанат! – деді табалдырықтан аттар-аттамастан төрде отырған Сапекең емен-жарқын.

Бастықтың жанында үн-түнсіз құлақ түрген редактордың бірінші орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы мен ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Хамидолла Рахматуллинді көріп тіксініп, әрі ыңғайсызданып қалған кейіпте қабырғадағы жыпырлаған орындықтардың біріне тізе бүктім.

– Бері таман жақындап отырсаңшы, – деді Балғабек аға жұмсақ үнмен.

– Біздің «Ленжастың» мектебі, Сейдахметтің тәрбиесі ғой, – деді Хамаң іш тарта сөйлеп.

Үлкендердің жылы қас-қабағы бойымды да, ойымды да тез тіктеп алғызды.

– Жай шақырдыңыз ба?

– Егін орағына, астықты облыстардың біріне шұғыл іссапарға барасың. Билет болса ертең, әйтпесе арғы күні ұш. Уақыт тығыз. Үлкен орақтың бел ортасы қазір. Целиноград пен Солтүстік Қазақстан облысының қайсысына барғың келеді? Бұйрығыңды алып, дайындала бер. Негізгі тапсырма – егін орағының жаңа қаһарманы туралы газеттің тура бір бетіндей көлемде көркем очерк жазасың.

–Жарайды. Солтүстік Қазақстан облысына барайын, – дедім ырғалып-жырғалмай. Ішкі ойым өзіме аян. Жарасбай досыммен жүздесудің сәті түскен тәрізді.

Ертеңінде Қызылжарға ұштым. Әуежайда қарсы алуға уәделескен осы өңірдегі меншікті тілшіміз Байтұяқ Жанымбетовті де бұрын-соңды көрмегенмін. Телефон арқылы алдын-ала сапар барысын егжей-тегжейлі пысықтап, ұшақтан түскен бетте облыс орталығына жақын ең ірі астықты шаруашылықтардың біріне тартқанды жөн санадым. Облыстың егін орағы штабының өкілі ұсынған жас озат комбайншы Елтай Бектеміровпен кешкі шырақтар жымыңдай бастағанда астықты алқапта жолығып, тілдесудің сәті алшысынан түскен. Ендігі мақсат облыстық газетте істейтін таныс та, бейтаныс досым Жарасбаймен кездесу.

Аса салмақты да, мәдениетті жігіт бізді – Байтұяқ екеумізді өзі тауып алды. Облыстық ауыл шаруашылыгы басқармасында егін орағының соңғы тәуліктегі деректерімен танысып отырғанбыз.

– Е, қонақтарымыз мұнда екен ғой, – деп есіктен сөйлей кірген ашаң өңді, бойшаң жігіт елпілдей сәлемдесіп, жөн сұрай жөнелді. – Жәке, командировкаңыз қалай басталды? Қонақүйде жоқсыз. Түннің бір уағына шейін егін танабында, қызыл қырман басында болыпсыз. Егер уақытыңыз болса, бүгін Жамбыл ауданына тартып кетейік. Қызылжарға келіп тұрып Сәбең мен Ғабаңның ауылдарына соқпай кету – әбестік болар.

Аузын ашса жүрегі көрінер аңқылдаған ағеділ досым Жарасбаймен осылайша лезде шүйіркелесіп, мәре-сәре боп қалдық. Бөгелмей төрт журналист жолға шықтық. Бізге досым таныстырған жігіт облыстық газеттің қызметкері – Амандық Жантеміров. Сабақты ине сәтімен дегендей оның қолқалауымен шалғайдагы Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов се­кілді қазақ әдебиетінің алыптары мен классиктерінің туып-өскен ауылдарын арала­дық. Сөз зергері Ғабаңның әйгілі «Қос шал­қарына» шомылып, Елтінжалын тамашаладық. Шоқ-шоқ қайыңдар аралдарын қызықтаған орайлы бір тұста Жарасбай қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев хақында да жүрекжарды сырын сыбырлай жеткізген. О кезде Мағжан жайында ешкім жақ ашпайтын. «Реті түсіп, тағы бір келгеніңізде Мағжанның ауылына апарамын...» Дос сөзі әлі күнге құлақ түбінде жаңғырғандай.

Айтпақшы, осы сапарда алыптар ауылымен іргелес жатқан Шал ақын ауданындагы «Балуанға» соғып, Жарасбай досымның ұшқан ұясын көріп, Бағира анамызбен таныстым.

...Жылдар қанатымен ілескен ұшқыр уақыттың өз бедер ізі бар. Серпілтер де, сергітер, күйіндірер де, қуантар өмір өрнектерінің көңіл толқынына айналарына көбіне мән бермейміз. Ал толқындар әсте тыныш жатқан ба? Қашанда ілгері ұмтылады, алыс жағалауларға асығады. Көгілдір көкжиекпен шектескен, мұнарлы сағымға оранған үміт жағалауына жеткенде барып сәл саябырлап, сабыр етері сөзсіз. Бүгінгі жетінші асқарының биігінен төңірегіне жіті назар аударғанда Жарасбайдың да мерейі марқайып, бойын ерекше қуаныш кернейді.

Қаламына сүйенген Жарасбай сүйікті кәсібінен, жазуынан қол үзген жоқ. Он үш жыл радио-телевидение саласында құлшына еңбек етті. Екінші тынысы ашылған қаламы жүйрік журналист «Егемен Қазақстанға» да бұрқыратып жазды. Намыс отын қай­рақтай жаныды. Солтүстік Қазақстан облыстық радиосы бас редакторының орын­басары, бас редакторы, Қазақ радиосының осы облыстағы меншікті тілшісі болған ол өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға ұмтылды. Жаңа­шыл­дыққа құмар журналистің игілікті ізденісі әріптестері арасында үлкен беделге бөледі.

Облыстық қазақ тілі қоғамының жетекшісі ретінде де өз ұлтының патриоты саналатын оның тындырған үлгілі істері жерлестерінің есінде. Қазір облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің жанынан шығып тұратын «Қызылжар нұры» қалалық апталықтың дүниеге келуіне де Жарасбайдың қосқан үлесі зор. Талапшыл да, тегеурінді тұлға ел мүддесі жолында аянбай күресті.

Осындай толғаныс үстінде атақты жазушы, әйгілі редактор Шерхан Мұртазаның аузынан шыққан тамаша теңеуді еріксіз еске түсіргем. «Мен журналистің жанкешті еңбегін, жегені тікен, көтергені алтын дала алыбы – түйемен салыстырар едім». Дәл де, тауып айтылған сөз. Шүкір. Бұл жағынан қаламдас әріптесіміздің маңдай тері дер кезінде ескерілгендей. Ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендері, бірнеше медальдің иесі, өзі туып-өскен облысының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты болды.

*  *  *

... Журналистік пен жазушылықты қос қанатындай қатар алып келе жатқан Жарасбайдың қаламынан туған ондаған кітаптар оқырмандар жүрегіне жол тартқан. Бірнеше әңгімелер мен хикаяттар жазды. Ол жүрегінде шырағы бар қаламгер. Көңілге қуаныш үйірері – қай туындысы да оқырманның биік талғамынан табылып жатуы. «Көмескі із», «Еменнің иір бұ­­тағы», «Сөнбейтін шырақ», «Дала-бесік» кітаптарына енген хикаяттары, әңгімелері мен сұхбат-эсселері көркемдігімен, тарихи-танымдық деректерімен, тұщымды тілі­мен, дара өзіндік қолтаңбасымен қызықтырады.

Жарасбай Сүлейменовтің тағы бір қы­ры – зерттеушілік қасиеті хақында аз-кем сөз. Ол біраздан бері халқымыздың көркемдік әлемінде елеулі де, өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың шығармашылығына ден қойып жүр. Әйгілі Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын Күлекеұлы, Шоқан Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Иван Шухов, Ғабит Мүсірепов тәрізді ұлылардың өмірі мен шығармашылық әлемін жан-жақты зерттеген туындылары ешкім­ді де бейжай қалдырмасы анық.

Маған журналист Жарасбайдың, жазушы Жарасбайдың қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевқа қатысты жазбалары ерекше ұнайды. Соңғы отыз жылдың ішінде ол өзін ынтықтырған адамның тағдырына тереңірек үңіліп, бірнеше ғылыми-танымдық мақалалар жазып, бірнеше сұхбаттар ұйымдастырды. Қауіпсіздік комитеттерінің, облыстық мұ­рағаттың құпия саналған сан алуан құ­­жаттарын ақтарды. Мағжан туралы бұрынғы-соңғы жазылған естеліктер мен зерттеу материалдарының басын бірік­ті­ріп орысша-қазақша «Мағжан» атты қос томдық құрастырды. Таңдаулы өлеңдерін Мәс­кеуде бастыруға мұрындық болды. Жан-тәнімен құлай сұйген тақырыбын ін­детіп, ақиық ақынның өмірі мен әр шы­ғар­­масының туу тарихын зерттеген «Сөнбес шырақ» эссе кітабын оқырмандар на­зарына ұсынды. Ал Алматыдағы «Асыл кітап» баспасынан оның құрастыруымен «Мағжан әлемі» дейтін әдеби зерттеулер жинағы жарық көрді.  2007 жылдан бері әдеби-көркем, көпшілік журналы «Мағжанды» үзіліссіз шығарып келеді. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында «Мағжан Жұмабаев» энциклопедиясын шығарып үлкен арманы орындалды. Ауызекі айтуға оңай көрінгенімен табандылықты, мұқияттылықты, білім­ді­лікті талап етер көл-көсір еңбек. Қазір Жарасбай есімі мағжантанушылар қатарында құрметпен  аталады.

Иә, аяулы тұлға хақында жүрекжарды әңгімесін қысқаша түйген Жарасбайдың алға қойған мақсаты көп екенін аңғардым. Соның шоқтықтысы елорда төрінен Мағжан Жұмабаевқа арналған заңғар ескерткішінің бой көтеруіне күш салмақ. Несі бар, тамаша идея! Орындалмайтын арман, қол жетпейтін қиял емес. Темірқазықтай жарқыраған көк түріктің ұрпағы – қазақ жырының мұзбалағының өшпес те, өр тұлғасы  асқақтар уақыт та келер.

Лайым солай болғай... Асқақ арманың орындалған сәтті бірге тамашалайық, Жарасбай дос!

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар