20 Маусым 2019, 14:08 740 0 Білгенге маржан "Түркістан" газетінің авторлары

Жібек елі – тұт елі

Редакциядан:

Қадірлі оқырман, газеттің жарық көре бастағанына 25 жыл толуына орай кітап шығатынын, оған енгізілетін мақалалардың кейбірін газетке қайта жариялай бастағанымызды өткен (№23) санда айтқанбыз. Парақтасаңыз газет беті сарғайғанымен, ұсынылып отырған мақалалардың маңызы бір мысқал да кемімегені көрініп тұр.  Жібек жолы саясат пен сауда-саттық қана емес, тұнған тарих. Белгілі жазушы жұртқа беймәлім болып келген деректерді ұсыныпты. Сондай-ақ қазір тынышталғанымен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қылыштарын шошаңдатып көшеге шыққан казактарға жұрт үреймен қараған. Олардың қазақ жеріне қайдан, қалай келгенін білу қазір де маңызды деп білеміз.  

 

1982 жылдың қоңыр күзінде жолымыз түсіп, Самарқандтың тарихи сәулет ескерткіштерін көрмекші болып жолға шықтық. Көп ұзамай терістік – батысқа қарай еркін көсіліп жатқан Ташкент-Самарқанд жолына түсіп, тартып кеттік. Жизақ жазығынан өтіп, қатпар-қатпар қалың тауға кірдік. Бізді жолға қазақтанып кеткен, шыққан тегі зарафшандық, орта жастағы тәжік бастап келе жатқан. Сол кісі бір кезде – осы маңайдан бұрулау бір бүйірде, көбігін шашып буырқанып жататын Санзар деген тау өзенінің бойында Қаңлы атты қыстақ бар екенін айтты. Сол қыстақта Тұтлы ата (Жібек ата) дел аталатын әулиенің басына келіп, жас бедеу әйелдер тәуіп етіп, от-шырақ жағып түнейді. Отқа екі жібек лентаны күйдіріп, оның күл-күйесін кеңсірігіне, сол беті мен самайына-жағып, жаратқанға жалбарынады дейді. Осы ырымды жасағаннан кейін келіншек тілегі қабыл болатын көрінеді. Бұл дәстүр қаңлы руы әйелдерінің арасында сақталған. Бұдан екі мың жыл бұрын батыс өлкелеріне сапар шеккен қытай елшісі Чжань Цянь көшпелі қаңлылардың аса қуатты мемлекеті жайлы жазған еді ғой. Бұлар сол үлкен елдің бір түкпірде қалған жұрағаттары шығар. Орыстың бел­гілі шығыс зерттеушісі В.Бартольд те түріктер арасында «жібек елінің», «тұт тайпасының» болғандығын айрықша атап өтетін.

Ежелгі дүние оқымыстылары Аполлодар, Страбон, Псевдоарриан осы «жібекшілер» туралы жазған жоқ па екен. Аполлодар б. д. д. 1-ғ. жазылған «Парфияның тарихи» атты кітабында «бактрия патшалары өз билігін серилер мен фриндерге дейін жүргізеді» — деп жазады. Ал латынша жібек — «серикум» делінеді. Халықтың — Сери, елдің — Серик аталуы да осыдан. Зерттеуші ғалымдардың бірі оны Қытай, енді бірі — Шығыс Туркістан деседі. Ал жібек, темір — шет елдерге Орта Азиядан да шығарылып тұрған. Плинийдің Үлкенінің айтуына қарағанда, Рим империясы Серик елінен темір алып тұрған.

Дегенмен де көне тарихта жібек саудасының «Ұлы сайқал» — Римде кең қанат жайғаны бәрінен де көбірек айтылады. Осыдан екі мың жыл бұрын Қытай мен Рим арасында жермен жүретін сауда жолы болғанын жазады. Сауданың ең қомақты, бағалы тауары  жібек болған. Сонда осы жібек тек Қытайда ғана шы­ғарылған ба? Ендеше жоғары да айтқан «жібек елі — тұт тайпасы» қайдан шыққан? Және жібек жүретін жолдардың нақтылы бағыт-бағдары қалай болған? Осы сияқты дүдәмал сұрақтарға дәйекті жауап болмай келген еді.

— Міне, бұл тылсымның сырын ғалымдар ашқан екі жаңалық шешіп берді: Оның бірі Шығыс Түркістандағы Мың будданың үңгірінде, екіншісі — құрлықтың қарама-қарсы шетінде, Бельгияның Юи қаласындағы әулиенің қабірінен табылды, — дейді Ташкент Өнертану институтының аға ғылыми қызметкері Сайра Мансұрқызы Махкамова.

Венгрияда туып-өскен белгілі шығыс зерттеушісі Аурелий Стейн өзінің негізгі жаңалығын Дуньхуан қаласынан жиырма шақырымдай жердегі үңгір-монастырден (әдарият) ашады. Бұл әдарият 336 жылы құрылған, оны күллі шығыс жақсы білген. Оның жер астындағы жолдары тарам-тарам болып, шақырымға созылып жатады. Міне осы әдарияттың бір қуысынан өрнекті жібектерге жазылған ежелгі орама қолжазбалар табылады. Осынау олжаны зерттеп тексере келгенде — ол қытай жібегі болып шықпайды. Сонда ол бұл жерге қайдан келген? Білікті ғалым жалпы тарихи сипат тұрғысынан қарап, мата Орта Азияда тоқылған деп қорытынды жасайды.

Әрине  Еуропа — ғалымдар жаңалығына сергек қарайтын өркениетті ел. Шығыс зерттеушісінің сәтті олжасы тез арада Париж бен Лондонның, Нью-Дели және басқа қалалар музейлерінен лайықты орнын алады. Бірақ тарихшы ғалымдар  Стейннің қорытындысын құптауға асықпайды. Егер олар  сол матаның тін-тегіне, өрнегіне қарап, қытай, иран, ортаазия, византияның маташы шеберлерінің ерекшеліктерін салыстыра отырып, көркем талдау жасағанда, Стейн пікіріне өздері  де  қосылған  болар  еді.

Арада тағы да бір жарты ғасыр өткеннен кейін, Бельгияның оңтүстік-шығыс жағындағы жасыл төбелер аясынан қоныс тепкен Юи қалашығында болған бір оқиға Стейн қорытындысын растайды. Осы каланың Неоттердам шіркеуінен табылған бір жапырақ әсем өрнекті алтын түстес қызғылт жібек әлемдік мәні бар жаңалық ашуға мүмкіндік береді. Осы жібек матасымен қасиетті әулие Доминиктің мазары көмкерілген екен. Көне заман маталары жөніндегі маман, тарихшы әйел Д.Шепердтің тап осы жолы жұлдызы оңынан туады. Ол әлгі матаның астарынан қара сиямен жазылған бір сырлы сөзді көреді. Ол өзі әйел, әрі тәжірибелі маман болғасын, матаның тегіне, өрнекті суретіне — символды ғұмыр-ағаш түбінде тұрған егіз маралдың бейнесіне қарап, матаның Шығыста жасалғанына күмән келтірмейді. Ал сонда дүние шетіндегі Бельгия қаласына алыс қиянның жібегі қалай жеткен?

Доктор Шеперд көкейіндегі жұмбақты шешуге атақты шығыс зерттеушісі, ағылшын ғалымы В. Хеннингтен жәрдем сұрайды.

Әлгі жазу қазір жоғалып кеткен соғды тілінде жазылған екен. Осынау өлі тілдің бүгінгі мұрагері — ягноб тілінде Зарафшан өзенінің жоғары жағында тұратын үркердей таулықтар сөйлейтін көрінеді. Осының бәрін біліп сайрап отырған маманға мына сөзді оқу қиынға түспейді. Матадағы жазу «Зандана» деген сөз болып шығады. Ол жібек матасына қойылатын саудалық таңба екен.

Ендеше Зандананың өзі не? — қала ма, қыстақ па, ел ме? Ақырында оның Бұқар қаласы маңындағы қадымнан келе жатқан қыстақ екені анықталады. Ол қыстақ әлі күнге дейін бар. Осында тоқылатын жібектің ежелгі заманда «Занданеші» деп аталатыны көне кітаптардан белгілі болады.

В. Хеннинг матаның тоқылған уақытын анықтауға да көңіл бөледі. Ол палеографияда қолданылатын жазу тәсіліне, әріптің түріне қарап, мата VII-VІІІ ғғ. әзірленген деген болжамға тоқтайды. Бұл тарихи деректерге сәйкес келеді. Юи қаласы шіркеуіндегі Домициан әулиенің мазары француз императоры Ұлы Қарлдың тұсында салынғаны белгілі. Ал Карл 814 жылы қайтыс болған. Мұның үстіне Түркі қағанаты тусында ұлы керуен жолындағы сауда-саттық кереметтей жанданады, ал соғдылар кәнігі саудагерлер болған, өздерінің ата кәсібіне қолайлы жағдай жасаған түрік билеушілері қол астында соғдылар адал қызмет атқарған. Ендеше жібек мата қиындысының VII-VIII ғғ. тоқылғанына   күмән  болмасқа   керек.

Осыдан кейін жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Орта Азия жібегінің Италия, Ватикан, Франция, Бельгия, Германия, Голландия, Швеция сияқты елдердің шіркеулерінде қасиетті әулиелердің шыны киімі ретінде кеңінен қолданылғаны белгілі болды. Бельгияның Льеж қаласындағы Ламберт әулиенің қабірінен өсімдікті-геометриялық өрнегі бар жібек табылған. Бұл мазар тіпті әріректен, 718 жылдан белгілі болған. 820 жылы француздық Туле қаласының соборындағы Амон әулиенің қорымы жабайы аңды қуалаған құмай тазылар бейнеленген жібекпен безендірілген көрінеді. Францияда атақты Санс кафедралық соборының бай қазынасында занданеші жібегінің арыстан, ат, бүркіт, тауыс, үйрек-қаз бейнелері, тағы басқа да айуандар мен құстар салынған небір нұсқалары сақталған. Маталар қаракөк, сұр, сары түсті болып келеді. Ал енді осы бояулар аясына алуан түсті — ақ, жасыл, сары, қызғылт, қоңыр, көк, сұр түсті өрнектер салынған. Осындай олжаларға қарап ерте замандардағы тоқыма орталығы тауарларының сан алуан түрлі болып, құлпырып, жайнап тұрғанына көзіңіз жетеді.

Занданеші    матасындағы    өрнектің әр алу­ан үлгілерінің араласып жатуы, сірә, өмірдің нақтылы шындығынан туса керек. Өйткені Орта Азия керуен жолдарының тоғысқан жері болған. Шығыс-батыс тауарлары осы ара арқылы шартарапқа ерсілі-қарсылы тарап жатқан.

Доктор Шепердтің сәтімен тапқан олжасы ғылыми дүниені соңы жаңалықтар ашуға итермелейді. Енді жібек маталарының түр-түрлерін түгендеу басталады. Сөйтіп занданешінің жүзге жуық үлгсін табады. Оныншы ғасырда өмір сүрген тарихшы Наршахи «еуропа билеушілерінің сарайларында занданеші маталары қамқамен бірдей ақы төленіп алынатын», ал олар «Сирия, Египет, Рим қалаларына жеткізілетін» деп жазады.

Кейінірек іздеп табу эстафетасын кеңес ғалымдары өз қолына алады. Мемлекеттік Эрмитаждың аға ғылыми қызметкері Анна Александровна Иерусалимская ел музейлері қорын ерінбей-жалықпай ақтарып қарап, аудара тексереді. Оның қолынан Солтүстік Кавказ қорымдарынан табылған жібектің 200-ден аса жұрнағы өтеді. Олардың көбісі занданеші болып шығады. Ғалым ортаазиялық жібектің тап осы Теріскей Кавказда көп болуының себебі неліктен? — деген сауал қояды. Сөйтсе бұл арамен Еуразия даласын көктей өтетін сауда жолының үлкен бір тармағы өтеді екен. Ол Самарқанд-Бұқардан басталып, шөлдер мен қуаң даланы басып өтіп, Арал теңізіне шығады да, тағы ұлан дала арқылы Еділ-Жайық өткелдерінен өтіп, Кавказ қыратына қарай тартады. Сосын тау асып, Қаратеңіз жағалауындағы сауда кенттеріне барып жететін болған.

Бұл Кавказ жолы, тегі, VІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың бас кезінен бастап, бірнеше ғасыр бойы тұрақты қызмет еткен. Осы күре жолмен қытай, орта азия, грек көпестері әрлі-берлі ағылып жатқан. Әрине сауда сапары ауыр да алыс болған. Талайлары жолда дүние салған. Мәселен, Құбаң (Кубань) өзенінің бір саласы Үлкен Лаба жағасындағы Әулие сайдан табылған қытай көпесінің қабірінен жібекке салынған сурет жұрнағы, мұқабалы қойын кітабынан кіріс-шығыс есебі: «...120 теңге... 10-айдың 4-күні... саттым...» деген үзік-үзік сөздер табылады. Керуен сапары тегі бірнеше жылдарға созылса керек. Сол қиын сапардан аман-есен олжалы оралған көпестің жаратқанға алғысын жаудырып, жалбарынып жатқаны Синыдзяндағы Безеклік зертастарында бейнеленген.

Солтүстік Кавказдан ғалымдар тапқан маталардың дені Занданеші екенін жоғарыда айттық. Ал оның бестен бірі қытай, төрттен бірі византия жібегінің жұрнағы екен. Тіпті VI ғ. өзінде екі сопы аса таяғының ішін кеулеп, жібек құртының ұрығын салып, астыртын Византияға жеткізіп берген. Сөйтіп ғалымдар Батыс жібегінің жұрнақтарымен. бірге, христиан әлеміне жататын заттарды да таба бастайды. Олар — «балалы мадонна» мен мойынға тағатын шағын крестер.

Бұл арада тағы бір айта кететін жәйт, Орта Азиядағы өрнекті жібек маталарының ромбы төркөзінің ішіне крест салынады. Бұл — бойтұмардың белгісі. Орта ғасырлық Батыс Еуропада үй басы сайын осындай крест бейнелері болған. Ал осынау бейнелерді жұрт Орта Азияда да, Орталық Еуропада да бірдей түсінеді.

Орта Азияның VIІ-Х ғасырларда тоқыған маталарынан Византия әсері айтпай-ақ байқалып тұрады. Ол-ол ма, тіпті сыртқа шығарып, христиандық Батысқа сату үшін тоқымашылар жібектің экспорттық түрлерін шығарған. «Авраамның құрбандық шалуының» суреті салынған соғды жібегінің шығарылуы мұның айқын айғағы.

Теріскей Кавказдың тайпаларына арналып, занданешінің қос айбалталы өрнегі бар түрлері шығарылған. Бұл жібекпен көш бастаушылар мен жүктасушылардың  жалақысын төлеген, оны ат көліктерін сатып алуға да жұмсаған.

Зандана тоқымашылары  IX ғасырда  тосыннан-тосын  жібектің орнына мақта маталарын тоқып шығара бастайды. Бұл ғалымдар үшін тарихтың қиын бір жұмбағы болып табылады.

Ал керуен жолының өзгеру жайына келсек, оның мән-жайы мынадай: Бұрын ғылымда жібек жолы Орта Азиядан батысқа Иран арқылы өтеді деп жазылатын. Енді оның шұғыл бұрылыс жасағаны қалай?

Мұның жауабы сол заманда Орта Азия халықтарының өмірінде болған дауылды саяси оқиғалар өрбуінде жатыр. Тап сол кездері Еуразия картасында көшпелілердің орасан зор мемлекеті — Түрік Кағанаты пайда болады. Ол Кореядан бастап Қара теңіз өңірлеріне дейін көсіліп жатқан байтақ даланың сан алуан елдері мен халықтарын біріктіреді. Тәңірге табынған осынау ғажайып үлкен мемлекеттің саяси-әлеуметтік жағдайы, сенім-нанымы біртұтас дерлік болған, олар түрік тілінде сөйлеп, түркі жазуын пайдаланған. Оларға тіпті Қытайдың өзі тәуелді болып, сол кездің ең тиянақты валютасы-жібекпен ұдайы алым-салық төлеп тұрған. Жібек жолы саудасының мемлекет үшін сарқылмайтын табыс көзі екенін сезген елдің тәңріқұт қағандары жарау атты жауынгерлерінің күш-қуатымен керуен ұзын найзалы жолының бүкіл ұзына бойында блып тұратын талау мен тонауға тыйым салып, онда тәртіп орнатады.

630 жылы Батыс-Түркі қағанатының Же­тісудағы астанасында болған, қытайдың саяхатшы – сопысы Сюань Цзань: — Сарай маңының 200 қаралы бекзаттары жарқ-жұрқ еткен зерлі жібек киімдер киіпті... Қағанның өзі, іші жағалай гүл-шешекті сурет-термек өрнектеліп, қамқа матасымен көмкерілген үлкен киіз үйде тұрады екен... деп жазады.

Сол кезде Қытай жібегін айтпағанның өзінде, Орта Азияда тоқылған жібектің өзі қорланып жиналып қалған еді. Оны Византияға, одан әрі батысқа жөнелтудің кілті Иран патшасының қолында болатын. Олар Шығыс елдерін Византиямен тікелей байланыс жасатпауға тырысып, аралық-делдалдық саудадан шылқып байып алғанды.

Бұған қарамастан Соғдылар Иран жері арқылы Византияға жібек алып өту туралы, не тым болмаса матаны парсылардың өзіне сату туралы келісімге келу үшін оларға сауда ел­ші­лігін жібереді. Бірақ Иранның шахы Хосроу Ануширван елшілер өтінішін қабылдамайды. Бірақ шыққан тегі ортаазиялық Катульф есімді, шах кеңесшілерінің бірі Хосроуға соғдылар әкел­ген жібекті көтере сатып алып, солардың көз алдында өр­тет­кізіп, оларды біржолата түңілдіріп жіберуге кеңес береді. Шах солай істейді де. Сөйтіп олар соғды матасына мүлде ділгер емес екенін білдіреді. Мұндай қаталдықтың тағы бір себебі ол кезде Иран мен Византия арасындағы жанжал асқынып кеткен еді.

Батыс Түркі қағанаты соғдаларды тағы бір рет жұмсап, Иран билеушілерінің сыңайын байқайды. Олар бұл жолы да илікпейді. Міне осыдан кейін қаған үкіметі соғды Маниах бастаған үлкен елшілікті, таза жібектен аса бағалы қыруар таралғы-тарту және ханның хатын беріп, ырғап-жырғап Византияға аттандырады. Елшілік Каспийдің теріскей жағымен айналып, Кавказ арқылы Византияға жетеді. Елшілер 586 жылы барған жолымен кейін қайтып келеді. Византия императоры хан елшілігін жылы жүзбен қарсы алып, түріктермен сауда шартына қоса, Иранға қарсы саяси-әскери одақ құру үшін Қағанатқа шығыс қалаларының қолбасшысы Земарх Кликиец бастаған елшілігін жөнелтеді. Сейтіп елшілер басып өткен жолмен біраздан кейін сауда керуендері ағыла бастайды. Сонымен ұлы жібек жолының теріскей тармағы осылай іске қосылады. Кавказ қазындыларынан Иран жібегі жұрнақтарының мүлде табылмайтыны енді түсінікті болса керек...

 

Ғылыми кітаптар мен шетел баспасөзіндегі материалдар

негізінде қайта әңгімелеген: Әбілмәжін  ЖҰМАБАЙ 

«Түркістан» №27, 23 қараша 1994 жыл

Соңғы жаңалықтар