952
ҚАЛАМЫНА АДАЛ АЗАМАТ
ҚАЛАМЫНА АДАЛ АЗАМАТ
Адамдар да табиғатпен тамырлас. Жылы, шуақты өңірде дүниеге келіп, нәрленіп өскендердің мінезі де жаймашуақ, сөздері жұмсақ келеді. Сол секілді табиғаты қатал аймақтың адамдары да бірден бөлектеніп тұрады. Біздің жуалылықтар да дәл солай. Салқындау, сұстылаумыз. Мінезіміз тік, турашылдықты ұнатып тұрамыз. Бәлкім, содан ба, әрқайсымыз бір-бір тауға ұқсаймыз. Осы ерекшелік әсіресе қалам ұстағандардың арасында бірден байқалады. Бір-бірлерімізді іздей қоюымыз, бір елден, бір жерденбіз деп айналып-үйіріле, іштартуымыз қиындау. Ал, бір жақындассақ тәп-тәуір-ақ табысамыз. Жасымыздың айырмашылығына қарамай сырлас та, сыйлас та болып кетеміз. Рахаң – Рахымбай Сатаев ағамен дәл осылай жарастықта ғұмыр кештік. Аман-есен жер басып жүрсе, өткен жылы 80 жылдығын жасап беретін едік. Бізге ұстаздық тәлімін көрсетті, ағалық сөзін айтты. Алматыдағы ауыл жастарының басын қосып жүруге, жақындастыруға құштарланып тұратын еді.
«Рахаң ба? – деді бір дидарласқан кезімізде Мақұлбек көкем. – Ол кісі мені оқуға түсірген. Курстастарымның арасында да оны жасырмай айтатынмын. Болсам деп жұлқынып, ұмтылып тұрған жасқа жанашырлық жасау айып бола ма? Рахаңның Қазақ теледидарында жарқырап жүрген шағы, мені университеттегі сөзі өтетін ұстаздарға айтып, желеп-жебеп жіберді. Мен оны ешқашан ұмытпаймын».
Аңқылдаған ақ көңіл Мақаң ғой бұл. Қараңызшы, арғы жағынан кіршіксіз ақ көңілі, жарқыраған жан дүниесі айнадай көрініп тұрған жоқ па?! Арамдықтан ада, тазалықты тектіліктің бір өлшемі деп білетін кім-кім де мұндай жандарға жақын жүргісі, жанасқысы келіп тұрады емес пе?
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы ретінде құрылған «Халық Кеңесі» парламенттің жаршысы бола білді. Материалдарды берудегі батылдығы, ашықтығы, елге етенелігі жағынан оқырмандарды барынша баурай білді. Ол уақыттағы демократия лебі деген де керемет. Өйткені парламент депутаттарының бәрі дерлік демократиялық жолмен сайланып келіп, жайланып жұмыс істеген кісілер болатын. Қандай тақырыптағы заңды талқыламасын ду-ду пікір тайталасына айналдырады. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң тұсындағы буырқанған өмір көріністері осындай десек, «Халық Кеңесі» соның бәрін ашық көрсететін айнасы болды. Шынын айтқанда ондай парламент те, оның газеті де билікке ұнай қоймады. Олар ойындағыларын істете алмады. Ақырында таратып тынды.
Депутаттар далада қалмаған шығар. Ал таратылған газеттің қызметкерлерінің бәрі жан-жаққа жіберіліп, қабілет-қарымдарына сай әртүрлі басылымдарға орналыстырылды. Сонда Мақаңның «Заң» газетіне меншікті тілші болып барғанын анық білемін. Жақсы журналистке сұраныс көп қой. Көп ұзамай еліміздің бас газеті саналатын «Егеменді Қазақстанның» Жамбыл облысындағы тілшісі қызметіне ауысты. Құлаш-құлаш материалдар жазды. Бәрі де сол уақыттың лебін аңғартатын, елдің тұрмыс-тіршілігі, экономикасы мен мәдениетіне қатысты, ауыл адамдарының өміріне байланысты дүниелер. Журналистік еңбек жолын облыстық газеттің тілшілігінен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерінде жүріп әбден ысылған, одан соң мүйізі қарағайдай республикалық газеттерде қаламының қарымын көрсете білген Мақаңның облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып баруы заңды еді. Бұрын да даңқы дүрілдеген газеттің бағын аша түсті. Бас редактор екенмін, бастық екенмін деп тежеліп қалмай, өзі де өндіре жазды, ұжым журналистерінің шығармашылық тұрғыда шыңдалуына шынайы жанашыр болды. Міне, сол жылдарда Мақұлбек Қайыпбекұлының көлдей-көлдей тарихи-танымдық немесе портреттік материалдарының «Егеменді Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан» және басқа да басылымдарда жарық көргенін көріп, оқып қана қоймай, хабарласып тілектестігімізді білдіріп жүрдік.
Газет редакциясы – үлкен кәсіби орын. Тек қана күнделікті шығуға тиісті басылым жұмысына байланып, соны мәртебе етіп өтуге де болады. Ондай кісілерге сен неге өйттің деудің де реті жоқ. Бірақ қасиетті қаламды өмірлік серік еткеннен кейін шығармашылық тұрғыда еңбектеніп, әр тарапта бақ сынау да керек. Біз білетін, ел құрметтейтін Мақаң сондай басшылардың санатынан. Осыған дейін он бес шақты кітабы жарық көрсе, соның біразы біздің «Тоғанай Т» баспасынан шығарылған. Ең әуелгісі «Жұлдыздардың жарығы» Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы кезінде басылды. Қанды қырғын қасірет әкелген ауылының адамдары туралы кішкене кітап. Сұрапыл шайқасқа кімдер кетті, олар қандай ерліктер жасады, ажал аузынан аман келгендер, олардың бейбіт өмірдегі ерлікке бергісіз еңбектері, естеліктері жазылған. Бір ауылдың майдангерлері жөнінде осындай кітап бар дегенді осыған дейін естімеппін, сол себепті М.Рысдәулеттің бұл кітабының Ұлы Отан соғысы шежіресінде алатын орны бөлек.
Махаң өз жүрек әмірімен таңдаған мамандығының самғау биігіне көтерілген қаламгер. Қаламы қашан да ұштаулы. Кез келген тақырыпқа қаймықпай барады. Қай мәселеге де жедел үн қатады. Оған үйреткен – газет жұмысы. Соның жауапкершілігін сезініп, үдесінен шығуға ұмтылғандар ғана журналистиканы өмірлік кәсіп етеді. Ол ешкімді байытпайды, бірақ халық үшін берері қисапсыз көп, берекелі өмір белесіне бастайды. Мақаң қаламына адалдығының арқасында тәтті жемісін татқан азамат. Оқырман көзайымына айналған «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Әбдір Сағынтаев», «Тарих тамырлары» т. басқа да кітаптары таза журналистік, публицистік ізденіске толы еңбектерінің нәтижесі.
Мақұлбек Рысдәулет кестелі көркем дүниелерге де бақ сынаған қалам иесі. Оны «Бақатеректе» топтастырылған шығармаларын оқыған ел жақсы біледі. Кезінде әңгіме, повестердің табиғатын танытып, жетістік, кемістігіне безбендеп баға бере алатын әдебиет ауылының адамдары мерзімдік басылымдарда оң пікірлерін білдірсе, ол кітаптың қолжасбасымен баспаға берілген кезде-ақ шұқшия қарап танысып шыққанмын. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай жазған беташар сөзде де барды бағалаған адамның жақсы лебізі бар еді. «Сондағы қараңғылықтағы жалғыз», «Күміс белдік» повестерін қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы «Мыс дария» деректі повесінде автордың оралымды ойлары, оқиғаларды шиыра білу мәнері, тілді орнымен, орайымен қолдана білетін шеберлігіне іштей тәнті болғаным да есімде. Одан кейін...
Иә, одан кейін Мақаң өткен жылы біздің баспамызға ауданның 90 жылдығына байланысты жазған «Жуалы» тарихи-танымдық кітабын ұсынды. Онда да бізге әкелер ме еді, әкелмес пе еді, өйткені Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көреді деп жоспарланып, келісілген кітап екен. Қаржы тапшылығы адым аштырмай қинаған. Аудан әкімі Бақтияр Көпбасынов Мақаңды ағатайым деп қанша жақсы көрсе де, көрпесіне қарай көсілуіне тура келеді. «Биыл, мерейтой жылы шығарылмаған кітаптың құны бола ма, Талғат? Мына кітапты қайткенде де барынша арзан бағамен бастырып берші. Сен де Жуалының бел баласысың ғой», – деп салмақ салды Мақаң. «Жарайды» дедім. «Ендеше ерінбей қарашы. Көңіліне келеді екен деп қарайлама, пікіріңді ашық айт», – деді тағы да. Онсыз да өзімнің кіндік қаным тамған топырақ, сонда туып-өскенмін деп мақтанатын қасиетті Жуалым жөніндегі жинақ болған соң өзім үшін-ақ оқитын едім. Оқыдым. Өзім білмейтін, өмірі естіп-білмеген дерек, дәйегі мол әңгімелерді бас алмай құныға қарадым. Кітаптың құрылымы да ұнады. Күллі қазақтың сөзін сөйлейтін, жеріміз бен еліміздің жоқшысы болып, өмірінің аяғына дейін сол ұстанымынан айнымай өткен Шерхан Мұртазамен бірге жүрген кездерінен сыр шертетін жазбаларын бұрын газеттен оқысам, енді кітап қолжасбасынан қайталап оқып, әй, бір риза болдым-ау!
Сол өткен жылы Мақаңның тағы бір кітабы біздің баспадан шықты. Ол «Тарихы терең – мерейлі мекен» деп аталатын Меркі ауданының 90 жылдығына байланысты кітап. Бұл кітапта да әр кезеңге қатысты былайғы жұрт біле бермейтін мұрағаттық жазбалар негізінде жазылған материалдар көп ұшырасты. М.Рысдәулеттің «Ақ жол» газетінен кейінгі уақытта бастықпын деп құр отырмай, облыстың мұрағат сөрелерінде шаң қауып жатқан, құпия сырлары мол қат-қат қағаздарды ерінбей ақтарып, бүгінгі ел, келешек ұрпақтар үшін де алғаусыз адал көңілмен шығармашылық-зерттеушілік жұмыстар жүргізіп отырғанына тағы да разы болдым.
«Адамды адам еткен – еңбек» деуші ме еді Фридрих Энгельс. Адамды өсіретін де еңбек қой. Еңбексіз ештеңе жоқ. Мен де өзіңізден өнеге алып, ізіңізден ілесіп келе жатқан інілеріңіздің бірімін. Сондықтан Сіздің осындай ел сыйлайтын, барша жұрт бағалайтын биікке көтерген адал да абыройлы еңбегіңіз бітпей, жемісті жалғаса берсін, Мақа!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы