1089
РАФАЭЛЬ
РАФАЭЛЬ
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, түбі бір түркі халықтарының «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағы Сергей Есенин медалінің иегері, Шешен елінің Халық батыры, белгілі жазушы, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбек – бүгінде ақындығы мен батырлығын дүйім түркі әлемі мойындаған дара тұлға, өмірде көргені көп, көре-көре көсем болған құрметті азамат.
Ақын:
Уа, халқым!
Тулап, бұлқынған
Өр мінез өжет ақынмын!
Туыс жоқ менде бір туған,
Өзіңе ғана жақынмын! –
деп жыр толғайды, шынын айтады. Өр мінез екені де, өжет екені де рас. Тұла бойында тулап, бұлқынған қайрат бары да шын. Халқына жақын екендігі де анық. Өлең жолдарында көрініс тапқан осы рас, шын, анық деген шындық құбылыстардың өзегінде ақынның өзіне ғана белгілі, өзгелерге белгісіз бір терең ағысты сыр бар.
Рафаэль Ниязбек 1969 жылы жарық көрген «Келер күндер», 1971 жылы жарық көрген «Қаратау мен Алатау» атты алғашқы жыр жинақтарынан бастап-ақ өлең өнерінің ерекшеліктерін, ондағы ұйқас пен ырғақ өлшемін ғана емес, ой мен сезім мөлшерін де дәл ұстанды. Өлеңдерінің айналасы жұп-жұмыр келген сыртқы тегістігі мен ішкі кеңістігінен де, мазмұнының саралығы мен лирикалық кейіпкерлерінің даралығынан да оның ойлау машығына, жазу мәнеріне тән шырайлы да шұрайлы ерекшеліктер ап-анық көзге көрініп тұратын.
Рафаэль Ниязбектің ақындық алғашқы ізденістеріне тән ерекшеліктер жайлы ой толғай отырып, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиев кезінде мынадай бір мағыналы да мәнді тұжырымға келген еді: “Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншіде дәл түседі деген әңгіме бар… Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін”.
Рафаэль Ниязбек – бүгінде сөз өнері атты өзекті өнердің берен қайраткері, ерен ардагері, асыл тұлғасы, ұлт өнерінің өріне шыққан, заңғар биігінде парлап келе жатқан, жүрегі отты, сезімі шуақты қаламгер. Отты жүректен шыққан өлеңнің бойында бұла күш шиыршық атып тұрады, шуақты сезімнен туған өлеңде ақпа-төкпе күйдің сазы бірде теңіздей тебіреніп, көлдей шалқиды, бірде бұлақтай мөлдіреп, гүлдей үлбірейді.
Ақын көңіл қандай сұрапыл дауылдар өтінде тасып-тулағанда да жастық жарқылын еш жоғалтпаса керек. Ал шығармашылық өнердің өңірінде дамылдап, өріне өрлеп жүрген қаламгердің көңілі ғана емес, өзі де асау тайдай бұлқынған, бұлғақтаған жас қалпында қала бермек. Жүректің отты, сезімнің шуақты болуы дегеніміз осы
Рафаэль Ниязбек – Ұлы Отан соғысының от-жалынының ортасында дүниеге келген, сол соғыстың суығы мен сызы табанынан өтіп, маңдайынан шыққан, жастайынан жалын кешкен талант. Жарық дүниеге шыр етіп, жар салып келген үнімен ілесе, майдандағы әкенің ерлікпен қаза тапқаны туралы қаралы хабар жеткен, тілі шығып, алғаш рет ана дегенде, сол анасынан көз жазып қалып, ата мен әже бауырынан пана тапқан жан үшін соғыстың қаншалықты лаңды болғанын айтып жеткізу қиын. Болашақ ақын адамдардың бір-бірімен соғысуына, біріне бірінің оқ атуына, бірінің біріне қаскүнем болмағына, бірінің тілеуін бірі тілеспейтініне жастайынан қарсы болып өсті. Айналасының тыныштығын, ынтымағы мен бірлігін, бір-біріне тілеулес болғанын тіледі. Ақын осы тілекпен есейді, ержетті. Әлемнің тыныштығын, елдің тәуелсіздігін, ынтымағы мен бірлігін, адамдар арасындағы достықты, еларалық ынтымақтастықты қолдау, қорғау Рафаэль Ниязбектің шығармашылық қызметінің бағдаршамына, тиянақты тұрғысына айналды. Ел басына күн туған ерте замандардағы тарихи оқиғаларды, ақ пен қызыл, бай мен кедей болып таптасып соғысқан кезеңнің ауыртпалықтарын, халықты халық жауларынан тазарту, аштық, Отан соғысы, тоқырау заманы шындықтарын қаламгер осындай тиянақты суреткерлік тұрғысына сай сыншыл да сындарлы ұстаным аясында пайымдады.
Рафаэль Ниязбек – өмірдің ыстығы мен суығын, жақсысы мен жаманын, ылдиы мен өрін көріп те, біліп те келе жатқан суреткер. Өз шығармашылық тұрғысы аясында таныған жақсының жақсылығын айтудан іркілмеген қаламгер жаман деп білген жайының жамандығын айтудан да тартынбайды. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытса, жаманның жамандығын айтып құтын қашыруға дейін барады. Жақсы да, жаман да ежелгі, тарихы бай, ілкіден келе жатқан ұғымдардың қатарына жатады. Сондықтан да олар туралы ой толғау терең ойлануды, жалқыдан – жалпының, бөлшектен бүтіннің сырын ашуды талап етеді. Жалқы құбылыстар мен жеке-дара бөлшектер деңгейінде оянған сезім сырынан жалпыға тән шындықты көрсету ойын да, сезімін де ақылға, жөнге салып билейтін ойшыл қаламгердің машығын танытады. Өмір құбылыстарын суреткерлік жолмен көркем жинақтау деген де осыған келіп саяды.
Рафаэль Ниязбек – көкірек-көзінде шамшырақтай жарқыраған асыл мақсат-мұраты, биік эстетикалық нысанасы бар, көңілінің ой жайлауы көк-орай шалған бәйшешек болып жайнап, шығармашылығымен айналасына жарық шашып, сәуле төгіп келе жатқан сәулетті суреткер.
Жарық бар жерде көлеңке де жүретіні белгілі. Ақынның қазір талтүстегі шағы. Талтүсте көлеңке болмайды. Ақынның талтүсінің төбесінде жарқыраған күн тұр.
Рафаэль Ниязбек – жүрегінде от, жырында жалын бар қажырлы қаламгер. Оның шығармашылық қызметінің саласы әртүрлі, аясы кең. Ол – заманының ағымы мен танымын, замандасының қуанышы мен ренішін, арманы мен алданышын ойға орап, сезімге бөлеп жырлап келе жатқан лирик. “Келер күндер” (1969), “Қаратау мен Алатау” (1971), “Темірқазық” (1973), “Жалын кешкен” (1975), “Жер жанары” (1977), “Өркен” (1950), “Биіктей бер, туларым” (1983), “Бәйтеректер жел өтінде тұрады” (1989), “Жетіген” (1990), “Ичкерия” (1996), “Тамұқ отына жанбаған” (1997), “Тыңда мені, замана!” (2001), “Қыдыр ғұмыр” (2002) секілді жыр жинақтарында жан-жағына жарық шашырататын неше алуан сыр бар. Ол – өткен дәуір мен бүгінгі күннің ірі оқиғаларын, ел тағдырында, ел басында болған шындық құбылыстарды қарасөзбен көркем жинақтаған эпик жазушы, “Отағасы” (1978), “Қаңтар” (1951), “Қызыл үй” (1985), “Тас құдай” (1996) секілді повестер мен романдар жазған, орта және үлкен көлемді эпикалық жанрларда өмір құбылыстарын табысты таразылай білген қарымды қаламгер. Бөлтірік шешен, Махамбет, Абай, Жамбыл, Бауыржан сияқты қазақ сөз өнерінің тарихи тұлғаларының тағылымын өлең-роман, өлең-дастан, жыр-толғау үлгісінде өрнектеген қыры көп, сыры терең суреткер. Трагедиялық, драмалық, қаһармандық ахуал бірдей көрініс тапқан «Шешендер» (1996), «Тамұқ отына жанбаған» (1997) дастандарына ақын «Шер-дастан», «Ер-дастан» деген жанрлық ат-анықтама берген. Шер-дастан, ер-дастан – қазақ әдебиетіне Рафаэль Ниязбек алып келген жаңа жанрлық үлгі.
Рафаэль Ниязбектің шығармашылығына негіз болған өмір шындықтарының үлкен бір арнасы – туған жер, туған ел. Ақынның тау мен дала, ел мен жер, адам мен заман туралы шығармаларында елдік пен ерлік, жеке тұлға мен халық тағдырындағы тағылымды құбылыстар үлкен ақындық қуатпен, поэтикалық құштарлықпен суреттеледі. Туған елдің аспаны туралы өлеңдер топтамасының өзі бірбүтін шығармашылық тұтастық. Онда ақынның туған елінің талайғы тағдыры, бүгінгі тұрмыс-тіршілігі, болашаққа жол тартқан көрікті көшінің сән-салтанаты көркем кестеленген.
Қаламгер әдеби көркем сын мен көркем публицистика саласында да жемісті еңбек етуде. Мұның үстіне ол драма жанрында да қалам тербеп келеді. Аудармашылық еңбек тағы бар…
Ақын. Жазушы. Әдебиет сыншысы. Публицист. Драматург. Аудармашы. Осы салалар бойынша қаламгердің елу кітабы жарық көрді. Автор баспалармен келісе отырып, мемлекеттік тапсырыс бойынша таңдамалы шығармаларының он бес томын жарыққа шығаруды жоспарлаған. Қазіргі шақта сол он бес томның тоғызы жарық көрді. Рафаэль Ниязбек еліне, елінің өсер өркеніне ұсынып отырған шығармашылық қазына – бір қаламгерге емес, бір ғасырға да емес, ғасырларға жүк болғандай рухани асыл байлық. Қаламгердің «Жүрегімде – ғасырлардың салмағы» (2003) деуінде осындай да сыр болуы ғажап емес.
Рафаэль Ниязбектің шығармашылық еңбегін қазақтың көрнекті қаламгерлері жоғары бағалады: Зейнолла Серікқалиев: «Қайсар жүрек», – деп сүйінді. Әкім Тарази: «Батыл ақын», – деп сүйсінді. Марал Ысқақбай: «Буырқанған қуаты бар үлкен ақын», – деп қуанды. Эрнест Төреханов: «Ары таза, рухы биік азамат», – деп қолдады. Есенбай Дүйсенбайұлы: «Егемен елдің ержүрек ақыны», – деп мақтанды...
Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин, Еуразия жазушылар қауымдастығының Төрағасы (Түркия) Якуб Омароғлы Рафаэль Ниязбектің түркі әлемінің әдебиеті мен өнеріне сіңірген еңбегіне зор құрмет білдірді. Еуропаның басты-басты үш университетінің үш профессор-зерттеушісі Оскар Виллар Барросо, Отто фон Файгенблат, Мирлан Аманович Наматов Рафаэль Ниязбекке «Еуразия кеңістігінің Конфуцийі, сырттай философ, іштей жауынгер ақын», – деп зор құрметін білдірді. Дүние жүзі шешендер конгресі Кеңесінің төрағасы Руслан Хасбулатов шешен халқының Рафаэль Ниязбекті «Шешенстандағы қазақ ақыны, Қазақстандағы шешен батыры» деп атайтынын мақтаныш етеді. Бүгінде осы сөзді «Қазақтың ақыны, шешеннің батыры» деп біз де айтып жүрміз.
Автордың шығармашылық өнерінің осындай ерекшеліктері оның бір кітабында ғана емес, әр кітабында барынша анық, айқын көрініс тапты. Ақын әр кітабымен қазақ өлеңін жаңа өрнек, жаңа мазмұнмен байытты. Осы жетістіктері үшін авторға І.Жансүгіров атындағы сыйлық, халықаралық Алаш сыйлығы берілді. Бұл Рафаэль Ниязбектің шығармашылық өнеріне, еңбегіне берілген жоғары және әділ баға еді. Одан бері де талай жетістіктерге қол жетті. Шешенстанның “Ұлт намысы” орденімен марапатталды, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын иеленді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының атын мәңгілік есте қалдыру мақсатында өткізілген еларалық жыр жарысында алдына жан салмай, қалың топтан қара үзіп шығып, бас жүлдеге ие болды. Қазақтың ең көне және көрнекті қаласы Тараздың екі мың жылдық тойы қарсаңында өткен жыр мүшайрасында бас жүлдені тағы жеңіп алды. Мұның бәрі айтуға оңай жетістік болғанмен, автордың қанын қыздырып, терін ағызып атқарған еңбегінің нәтижесі екендігінде сөз болмаса керек.
Еңбек бар жерде оның нәтижесі болуы шарт. Ақын, жазушы, ойшыл, қайраткер Рафаэль Ниязбектің еңбегіне балама жоқ. Жазушы еңбегінің игілігін ел-жұрт, келер ұрпақ, өсер өркен көреді.
Рафаэль Ниязбек шығармашылығына негіз болған аяулы әлем – туған жер, туған ел. Ақын елдік пен ерлікті, жеке тұлға мен халық тағдырындағы тағылымды шындықты, туған елінің талайғы тағдырын, бүгінгі тұрмыс-тіршілігін, болашаққа жол тартқан көрікті көшінің сән-салтанатын үлкен ақындық қуатпен, поэтикалық құштарлықпен суреттейді.
Рафаэль Ниязбек шығармашылық өнердің асу да асу бел болып жатқан қиын жолында биік-биік белестерден асты. Айналасына шаңқай түстің жарығы түсіп тұр. Тіршілік атты мәңгіліктің аясында адам баласының ғұмыры қас қаққандай ғана бір сәт. Сол қас қағым сәтті ұзарта түсу ниетінен бе, оған неше түрлі айшықты тана сөздер тағамыз, одан жарық пен көлеңке, ыстық пен суық, ылди мен өр, құз бен шың, бел мен белес, сай-сала… әйтеуір неше алуан ұлан-ғайыр мезгілдік һәм мекендік өлшемдер іздеп тауып жатамыз. Өмірде осылардың бәрі де бар, бәрі де орынды. Әйтсе де шаңқай түстің биігіне көтерілген адамның алдында көлеңке де, ылди да жоқ, тек жарық шашқан асқар шыңдар тұрғандай көрінеді. Ақынның көзі де, көңілі де сол жарық шашқан асқар шыңдарда…
Жанғара Дәдебаев,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры