21 Мамыр 2019, 15:30 991 0 Ішкі саясат Túrkistan Gazeti

Қанат Әуесбай жаңа қызметке тағайындалды

Белгілі журналист Қанат Әуесбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры қызметіне тағайындалды.

Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдады (1999-2004 жж.). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аспирантурасын бітіріп, 2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады, филология ғылымдарының кандидаты.

ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының стипендианты. 2013-2014 жж. Ұлыбританияның Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінде оқыды (University of East Anglia, Norwich). 2016 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Қызмет жолын ол 2002 жылы «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі болып бастаған. Әр жылдары «31» арнаның «Информбюро» жаңалық қызметінің тілшісі, «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар Дирекциясында (АСБД)  тілші, аға тілші, редактор-сарапшы, Қазақстан Президентінің журналистік пул тілшісі, «Апта.kz» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының шеф-редакторы, жүргізушісі, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры, «BNews» ақпарат порталының сарапшысы болды. 2018 жылдан  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Astana» арнасында «Ruh.kz» ток-шоуының жүргізушісі, сценаристі болды. 2011 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті.

Қанат Әуесбай еңбек жолында түрлі марапатқа ие болды: ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің «Қазақстанның гүлденуіне арналған  үздік тележоба» дипломы (2011 ж.), Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты (2011 ж.), Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты (2013 ж.), «Нұр Отан» партиясының БАҚ өкілдеріне арналған «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының  «Көзқарас» аталымындағы жеңімпазы (2016 ж.), ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған (2017 ж.). ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі, Қазақстан бас редакторлары клубының мүшесі, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендианттары қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі.

«Қазақстан» РТРК» АҚ - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы, «Balapan», «Qazsport», «Tamasha TV» телеарналары, «Qazaq radiosy», «Shalqar», «Astana», «Classic» радиоларын және 14 аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін еліміздегі ең ірі медиа-құрылым.

Республикалық телерадиокорпорацияға 2019 жылғы  сәуірден бастап Ләззат Танысбай басшылық етеді.

Соңғы жаңалықтар