20 Мамыр 2019, 17:21 754 0 Технологиялар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Асар» дәстүрін жаңғырту қажет

Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан-Ресей жастарының форумында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр аталған форумның тәжірибе алмасуға және екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту мәселелерін талқылауға қызмет ететініне сенім білдірді. «2019 жыл елімізде Жастар жылы деп жарияланды және осының арқасында біз жастардың қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізіп келеміз. Маған әр жерде осы Жастар жылына қатысты сұрақтарды қойып жатады. Расымен де Жастар жылының міндеті қандай болмақ? Мемлекет жастарды қолдайды ма, әрине, қолдайды. Керісінше, тәуелсіздік алған жылдардан бастап жастар ел саясатының бел ортасында жүрді. Тіпті, қиындығы мол тоқсаныншы жылдары Елбасы «Болашақ» бағдарламасын ашып, жастарға жол ашты. Қазір осы бағдарламамен оқып келген жастар елдің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр. Бұл Сіздерге үлгі болуы тиіс», - деді министр. Дәурен Абаев Жастар жылы атқарылатын жұмыстардың ауқымдылығына тоқталды. Оның айтуынша, осы жылы жастарды жұмыспен қамту, оларға тұрғын үй жеңілдігін беру сынды іргелі жобалар қолға алынды. «Жастар жылының миссиясы барынша ауқымды, ол жастар саясатының түрлі тәсілдерін, қағидаттарын жүйелі түрде трансформациялаудан тұрады. Бұл деген не? Біз сандық технологиялардың жаңа дәуіріне ендік және осы өзгерістердің басты рөлін жастар атқаратын болады. Мемлекет осыған жағдай жасайды. Қазір әр салада өзгеріс бар. Ескі тұжырымдамалардың уақыты өтті. Жастар жылында жаңа жобалар, тиімді басталамалар өмірге келуі тиіс», - деп түсіндірді Д.Абаев форум барысында.

Министр еріктілік жобаларын қолдайтынын жеткізді. Себебі, бүгінде қоғамның жүйелі түрде дамуы үшін де еріктілер қажет. «Олар өз ойларын ашық айта алады. Мәселен, ұлтымызда «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Осы үрдісті тоқтатып алмауымыз керек», - деп түйді Даурен Абаев. Айта кетейік, бүгін Қостанайда Қазақстан мен Ресей жастарының ынтымақтастық форумы басталды.

Соңғы жаңалықтар