16 Мамыр, 15:55 491 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

Жұмабек Мұқанов: Сексеуілдің шоғы

Белгілі  ақын,  журналист, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының  мүшесі, мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері  Жұмабек Мұқановтың өмірден өткеніне екі жылдан астам уақыт болды. Осы аптада Түркістан облысының Шардара ауданында  «Сексеуілдің шоғы» атты  Жұмабек Мұқанов оқулары өткелі жатыр. Осы орайда өз ұлтының болашағы үшін аянбай еңбек еткен ақынның бірнеше өлеңін газет бетіне жариялауды жөн санадық.   

 

КӨКТЕМДІ АҢСАУ

 

Андыздап тұр ақ түтек барша ғалам,

Оралмай жүр көгіне сан шағалам.

Ең бақытсыз жан шығар әлемдегі

Көктемдерін сарғайып аңсамаған.

 

Қысы кетпей даламда гүл гүлдемес,

Жыр түнемес кеудемде, күлкің елес.

Мен түстіктің нұрынан жаралғанмын,

Көктем келмей кетуі мүмкін емес.

 

...Тозады, ескіреді

Ұлы сөздер жазылған парақтар да,

Өткенімді сен менің сарапқа алма.

Бір ғұмырға бір көктем сыйламаса,

Мен риза емеспін Жаратқанға.

 

Көкірегімде бүр жарып барша қайың,

Жаңғырығып жабырқау жан сарайым.

Кірпігіңмен қарашы күн үзілмей,

Гүлге оранып мен сені қарсы алайын.

 

Қарашы әні, қалқам-ау, қарашы әні,

Көктем қалай көшеге жарасады.

Бір көктемге дәл қазір байланып тұр

Бір ақынның бақыты, болашағы.

 

Еселеме, ақ боран, еселеме,

Қырау ұя салмасын пешенеме.

Көптен күткен көл-көсір көктем келсін

Сен тұратын, мен тұрған көшеге де.

 

Көктемім, кешіктің бе?

Мен келетін жақтағы есікті ілме.

Менің титтей жүрегім тулап жатыр,

Тулап жатыр...

Есіттің бе?..

 

 

ТАТЬЯНА БУРМИСТРОВА

ШЫРҚАҒАН ӘН

 

«Тарта берсең домбыра,

Болдыра ма, еркем-ай...»

Халық әні

 

Кенеттен кетті ашылып омырауым,

Кеудемде кернегенде қоңырау үн.

 

Түндігін түріп тастап түнгі аспан да,

Құс көңіл зымырап кеп шыңға асқанда.

Мұндай боп шабытым да шайқалмаған,

Дәл былай жүз түрлі сыр жымдасқан ба?!

 

Сезімді тежемелеп, ірікпеппін,

Жүремнен қарсы алдыңа жүріп кеппін.

Сен болсаң теледидар – теңізінің

Тереңіне ғайып боп сіңіп кеттің.

 

Түнімен көз ілмедім,

Түрткілеп ән әсері – сезімдерім.

Үніңді тағы да естіп елжірейтін,

Оралар ма бақытты кезім менің?!

 

Жанымда қаптап кетіп түз гүлдері,

Қайта ма қыстан қалған сыздың лебі?!

Кіріп ап шанағына домбыраңның,

Шамалы көзді жұмып мызғыр ма еді?!

 

Күдікпенен оранып түн құшағын,

Кешігіп қалдым ба деп мұң құшамын.

Арман не, өзің жайлы жыр толғаған

Мен болсам қазақтағы тұңғыш ақын.

 

Не дейін, бақытыңды базарлағын,

Кешір мені, аппақ қыз, әз ардағым.

Сен мені өз тілімде тербеп едің,

Сенің ана тіліңде жаза алмадым...

 

ӘКЕГЕ ТАҒЗЫМ

(Кесенедегі жазу)

Жанымды жабырқатса тұмса қайғы,

Шабытым шамырқанып жыр қашайды.

Адамдар қас-қағымда ғайып болса,

Ұлағатты ұрпақтар мың жасайды.

 

Жайқалған бәйтеректей жапырағы,

Маңғыстау  – майлы қиян атырабы.

Сегіз қанат Орда боп бой көтерді,

Пір Бекет жатқан жердің топырағы.

 

Шағыл құм Шардараның шалғайында,

Тереңнен тебіреніп толғайын да.

Атқан таң, шыққан күнмен амандасып,

Ақ күмбез боп тұрарсыз жол бойында.

 

Қалайша табынбассың,сағынбассың,

Тәңірдан тәубе тілеп жалынбассың.

Қаумалаған қалың ел аман жүрсін,

Қасқа жол, Ақ күмбезім бағыңды ашсын!

 

Жаушықұм, жарқырайды – көлде етегі,

Дүние жалған болып шөлдетеді.

Тал бесік-жер бесікке аманаттап,

Ақ күмбез – Ақ кесене тербетеді.

 

Шыңдайтын шарболаттай ар-санасын,

Біз көрдік қанша нәубет, қаншама сын.

Ұланың ұясынан ұзап кетсе,

Ақ күмбез, әудем жерден қарсы аласың.

 

Ұрпағың ұлықтаса ұлыс күнін,

Уақыт дәлелдейді дұрыстығын.

Ақ күмбез, мәңгілікке күзете бер,

Елім мен халқымыздың тыныштығын.

 

Құным не – осындайда ашылмасам?!

Жырыммен асқаралы ғасыр басам.

Сегіз қанат Ақ орда – Ақ күмбезге,

Сегіз шумақ өлеңмен шашу шашам!

 

 

Қалқам, сен мұңаймашы...

 

Сетінетші шерімнің сен – сеңдерін.

Елден ерек көрінсін еңсем менің.

Бақтарымның бағбаны, баянды бол,

Бағанасы бақыттың теңселмегін.

 

Жылдар қалды, мінеки, жымдаспаған,

Шыңырау ой шынжырлап шың да аспағам.

Көктем көгі көз жасын төгіп өтті,

Бүкіл әлем дәл қазір мұңдас маған.

 

Қалқам, сен мұңаймашы...

Домбыраңды ұсташы, пернелері

Тебіренсін, термелер, тербе мені.

Асу – асу белдерден ағып өтсін,

Асау тайды ағытшы көрмедегі.

 

Саған ғана дүбірі әйгілі үнмен

Алдын бермей жүрейін бәйгенің мен.

Жан сарайым жаңғырып қалсыншы бір,

Жабырқаған көңілге жайлы мүлдем.

 

Тұңғиықтан түрлі сыр тұндырар шақ –

Жүз бұралған кезіңді жүрмін аңсап.

Балбыраған жүзіңмен барша мұңды

Байлап – матап тасташы қылбұрау сап

 

Дәл қазір-ақ дертіңді ғайып қылам,

Шабытымды самғатып сайыпқыран.

Жерұйық жүрегіме алып барып,

Жырыммен дуалаймын, айықтырам.

 

Мұңаймашы, кеңейіп арқа-басым

Сарша мұңнан арылып шаң  тарасын.

Ақ батасын аңсаған аруанадай.

Бақытыма менің де бар таласым.

Соңғы жаңалықтар