16 Мамыр, 15:38 188 0 Аймақ "Түркістан" газетінің авторлары

Шерхан мен Насыр бауында

Алматы-Шымкент күре тасжолының бойында, ежелгі «Жібек жолында» менмұндалап тұрған сәулетті Тұрар Рысқұловтың ескерткіші алдында бір топ облыс, аудан басшылары қонақтарды арқын-жарқын көңілмен күтіп алды. Қазақтың кемеңгер ұлының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Сапарымыздың басты мақсаты – «Таупістелі тағзымы» жобасы бойынша Пістеліде, оның көрікті демалыс орны «Алтын таға» демалыс аймағында «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында өтетін «Шерхан мен Насыр бауында» деп аталатын халықаралық жазушылар конференциясына қатысу. Қасымызда Алаштың танымал ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, республикалық Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Есенғали Раушанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Несіпбек Дәутайұлы және жас ақын Хамит Есаман бар.

Пістелі ауылына ойлы-қырлы тасжолымен зырлап келеміз. Табиғат көрінісі керемет-ақ! Жанға жайлы саф ауа тынысыңды аша түседі. Ауылдың бұрынғы аты Таупістелі екен. Біз бұрындары бұл мекенді пісте – орыстың «семочка» деген шікілдеуіктің көп өсетін жері болар деп ойлап жүрсек, онымыз мүлде басқа болып шықты. Жергілікті халық Қаратау шатқалдарында жабайы өсетін жаңғақ тұқымдас, дәнегі дәмді ағаштарды «таупісте» дейді екен. Оның дәнегі кәдімгі сыраханаларда қуырылып берілетін «фисташка» болып шықты.

Пістелі де жасыл тал-дараққа оранған киелі Қаратаудың терең қойнына (шатқа) орналасқан табиғаты әсем ауыл екен. Бұл ауыл – қазақтың белгілі жазушысы Мархабат Байғұттың кіндік қаны тамған жер. 1995 жылы осы Таупістелі аулына Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза мен өзбектің белгілі қаламгері, Қазақстан Республикасы Президенті Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Насыр Фазыл бастаған бір топ қазақ-өзбек жазушылары, ақындары бас қосып, арнайы алма ағаштар бауын отырғызған. Содан 2005 жылы және 2015 жылдың мамыр айында Шераға бастаған бір топ белгілі қаламгерлер бас қосып, қазіргі әдебиеттің барысын сөз етіп, жұртпен шүйіркелескен. Бұл күндері Көкбұлақ жағасындағы сол алма бақ қанат жайып, бой көтеріп, жыл сайын төгілтіп жеміс беріп тұр.

«Таупістелі тағылымы» жобасы 2016 жылы Түлкібас ауданы әкімдігі мен мәслихаттың, облыс басшылығының қолдауымен қолға алыныпты. Сол жолы «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылып, оның төрағасы болып аудандық ардагерлер кеңесінің басшысы Сәтбай Қасымбеков сайланған. Қоғамдық қордың мүшелерінің шешімімен «Таупістелі тағылымы» басқосуы үш жылда бір рет өткізіп тұруды мақсат етіпті. Енді міне үш жылдан соң тағы сондай басқосу өткізілуде. Бұл жолы келелі жиынға көрші мемлекеттер мен еліміздің 100-ден астам қаламгерлері мен қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

– Биыл қоғам қайраткері, түркі дүниесінің біртұтастығын көксеген Тұрар Рысқұловтың туғанына – 125 жыл. Сол Тұрардың тұлғасын елге танытқан Шерхан Мұртаза ағамыз. Қаламгердің «Ай мен Айша» шығармасы түрік тіліне аударылды. Бұл түркі руханиятына қосылған тамшыдай болса да қазақ қаламгерлерінің үлесі деп білемін. Олай болса, руханиятты түгелдейтін осындай форумдар дәстүрлі түрде өтіп тұруы керек. Бүгінгі басқосудың мақсаты – халық арасында көркем əдебиетті насихаттау, болашақ жастарды патриоттық рухта тəрбиелеу, оларды кітап əлеміне шақыру арқылы ой-өрістерін кеңейту, дамыту, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады, – деп Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жиналған қауымға шығармашылық табыс тіледі.

– Біз ұрпағымызға Насыр Фазыловтай, Шерхан Мұртазадай тұлғалардың өмірі мен өнерін ұдайы насихаттап отыруымыз керек. Тұлғаларды таныту арқылы біз туған жерді түлетеміз. Бірлікке, туыстыққа шақырған осындай жиындар көп болған сайын, жастар өздеріне үлгі алар тұлғаларды тани бастайды, – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Есенғали Раушанов.

– Биыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы. Ал, қазақ пен өзбекке ортақ жазушы, екі елдің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан марқұм Насыр Фазыловтың туғанына – 90 жыл. Кеше кешке отырып есептесем, бүгін Шерхан Мұртазаның өмірден озғанына 201 күн толыпты. Түлкібастың мына Таупістелісінде Насыр Фазылов пен Шерхан Мұртаза өз қолымен еккен алма бауын көрдіңіздер, сұлулығын тамашаладыңыздар. Қос қаламгердің өнегелі өмірі мен достығын кейінгі жастарға кеңінен насихаттау біздің парызымыз, – деп толғанды екі қаламгердің шығармашылығының шырақшысындай болып жүрген Мархабат Байғұт. Жиынға жиналған жазушылар Шераға мен Насыр қария туралы естеліктер айтып, олардың шығармашылығын көпшілікке паш етті.

– Түркі дүниесін жаңғыртып, қызғалдақтың отаны Түлкібас ауданында осындай форумның өтіп жатқаны біз үшін үлкен оқиға. Себебі, Түркияда Сұлтан Ахмед майданында (алаңында) 5575 түп қызғалдақтан өрілген гүл-десте кілем бар. Ал, оның түптамыры Түркістаннан басталғанын білгенде тіпті қуандым. Түркістан жайлы ең алғаш мен 4-сыныпта естіп-білдім. Ұстазымыз «Біздің атамекеніміз қай өңір?» дегенде бәріміз өзіміздің туып-өскен қалаларымызды, Стамбул, Анкара деп жамыраса атадық. «Дұрыс емес. Біздің атамекеніміз – Түркістан. Ол Қазақстанда. Ол жерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың сүйегі жатыр» дегенде мен сол арман қаланы бір көруге ынтық болдым. Сол арманым Қазақстан тәуелсіздік алған кезде орындалды. Менің ойымда көктен қарағанда Түркістанның қызғалдағын кескіндейтін еңселі мұнара орнатылса деген арман бар. Түркі ұрпағы жұмылсақ, бұл істі жүзеге асыру қиын болмас. Қызғалдақ – татулықтың, бірліктің, бейбітшілікті жақтаушы елдердің белгісі болар еді, – деді түркиялық жазушы-аудармашы Асыл Шемгун.

Көрікті Пістеліде өткен кездесуден кері қайтып келе жатып біз оңтүстік өңірдің азаматтары жергілікті әкімшіліктің қолдауымен өткізіп жатқан тағылымы мол іс-шараларға көңіліміз толқып, басқа өңірлерде осындай мәнді кездесулер неге жоқ деген ойға берілдік...

Жалғасы келесі санда

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 Тараз қаласы

Соңғы жаңалықтар