16 Мамыр, 15:29 166 0 Жаңалықтар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Бес бастама – баспаналы болуға бір қадам

Нұр-Сұлтан қаласындағы Radisson қонақүйінде Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асу барысын қадағалайтын қоғамдық кеңестің жиыны өтті. Күн тәртібінде келелі мәселелер қаралды.

Атап айтар болсақ, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес, Президенттің 2019 жылға арналған Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша құрылған қоғамдық кеңестің жұмысы; ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы тапсырмасының орындалуы; Президенттің «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» атты алғашқы әлеуметтік бастамасының жүзеге асу барысы талқыланды. Басқосуға Қоғамдық кеңес мүшелері, өкілетті орталық мемлекеттік органдардың, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Баспана» ипотекалық ұйымының басшылары мен өкілдері және т.б. қатысты. Қоғамдық кеңес отырысына жетекшілік еткен Бақытжан Жұмағұлов: «Біздің отырысымыз еліміз үшін аса маңызды тарихи кезеңде өтіп жатқанын баршаларыңыз жақсы білесіздер. Елімізде биліктің ауысу үрдісі басталып, қазақстандық қоғам сайлау науқанына қадам басты. Бұл тек біздің жұмысымыз үшін ғана емес, тұтас еліміздің болашағы үшін айрықша маңызға ие. Елбасы Н.Назарбаевтың барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси бағдарын ары қарай жалғастыру қоғамымыздың мүддесі мен қалауына сай қадам екені сөзсіз. Елбасы партияның ХVIII съезінде азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың алдымызда тұрған басты стратегиялық міндеттерін анықтап, оны жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырмалар берді», – деді. Дәстүрге сай отырыстың жұмыс тәртібі бекітіліп, баяндамашылар жарыссөзге шықты. Талқылау кезінде Ержан Жұматұлы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысына кеңінен тоқталды. Ол сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмектегі рәсімдердің жеңілдетілгенін жеткізді.

– 2019 жылы аз қамтылған 832 мың азамат, оның ішінде 550 мың бала қамтылатын болды. Атаулы әлеуметтік көрсету үшін 2019 жылда 134 млрд теңге бөліну көзделген. Мүгедек баланың бала жасынан І топтағы мүгедектігі күтімі бойынша жәрдемақылар 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін артты. Биыл 1 маусымнан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысы Елбасының тапсырмасына сәйкес 30 пайызға дейін артады. Бұл республика бойынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, ауылшаруашылық және басқа салаларда қызмет атқаратын 1 милионнан астам қызметшілерді қамтитын болады, – деді Е.Жұматұлы. Жиында Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй құрылысы бойынша хабарлап, сол бағытта атқарылған жұмыстарға сараптама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үйлерді сатып алуға 50 млрд теңге бөлінген екен. Баспаналар тұрғындарға жалға берілетін болады. Жарыссөзде «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша жұмыстың қарқынды түрде жүріп жатқанын айтып, бүгінде 11600 өтініш мақұлданып, оның сомасы 85 млрд теңгеден асқанын мәлімдеді.

– ERG компаниясымен бірге Халық банкпен және де «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша меморандумға қол қойдық. Меморандум бойынша жұмысшыларға осы бағдарламамен арнайы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, үйлер салынып, ол компаниялар өз жұмысшыларына алғашқы жарнаны құюға көмектеседі, – дей келе, қазіргі таңда бірнеше компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқаны жайында айтты. Қоғамдық кеңесті Бақытжан Жұмағұлов қорытындылап, бес әлеуметтік бастама әрбір бағытының орындалу барысын ұдайы бақылауда ұстап отыруды тапсырды.

Баспана – әр адам үшін басты мәселе. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп халық бекер айтпаған. Қазір жастардың көпшілігі баспанасыз, пәтер жалдайды. Мамандар оларға айналдырған екі жыл бар мүмкіндігін салып еңбек етіп, ақша жинаса, біздің компания салған үйлерден пәтер алуға толық мүмкіндік болатынын айтып отыр. Әрине, баспана жетпейді, мемлекет үйлерді көбірек салуға тиіс. Салынған үйлердің сапасын тексеріп алу да оңай мәселе емес. Заңда айтылғандай, үйдің сапасына мердігер, жобалаушы, құрылысты салушы, техникалық бақылаушы төрт мекеме жауапты болуы тиіс.

Тоғжан Төлеген

Соңғы жаңалықтар