Бес бастаманың мерзімді орындалуы – басты мақсат

Бес бастаманың мерзімді орындалуы – басты мақсат

Бес бастаманың мерзімді орындалуы – басты мақсат
ашық дереккөзі
345

«Nur Otan» партиясы:

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аймақтарда қалай іске асып жатқандығын бақылау мақсатында «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері кезекті рейдін өткізді. Онда «Бес бастаманың бірінші бағыты бұқараны баспанамен қамту» мәселесі талқыланды.Тобыл өңірінде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алу тетіктерінің тиімділігі тілге тиек болды. «Биыл партияның Бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру мен іске асу барысын тексеру бойынша іс-шаралар тізбегі жасалған еді. Өткен жылдың өзінде 6 отырыс өткізіліп, нәтижесінде 13 ұсыныс әзірленді. Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын ақпараттық-түсіндіру шаралары аясында 900-ден астам кездесу ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам тұрғынды қамтыды», – дейді «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев. Қостанай өңірінде 600-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың 70 пайызы облыс орталығы мен Рудный қаласында және Қостанай ауданында тіркелген. Жуырда оларды баспанамен қамтамасыз етуге республикалық және облыстық бюджеттен 900 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының бір бөлігіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатылып алынса, екінші бөлігі баспана кезегінде тұрған көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық жеңілдікпен беріледі. Құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес, «Бақытты отбасы» аясында жаңа бағдарлама мамыр айынан басталады. Қаржының қалған бөлігіне көп балалы отбасыларға арналған жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Мұндай үйдің бірі былтыр Аманкелді ауданында бой көтерген еді. Биыл Федоров ауданында 24 пәтерлік, ал Лисаков қаласында 60 пәтерлік жалдамалы үй салынбақ. Өңір тұрғындарының «7-20-25» ипотекалық бағдарамасы бойынша баспана алу көрсеткіші де біршама өскен. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан екінші деңгейлі банктерге көлемі 2 млрд теңгеге жуық 400- ден астам өтінім түсіп, оның 306-сы қанағаттандырылған. Тобыл өңірі бұл бағдарламаны іске асыруда еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. «Былтыр бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жалғыз «Центркредит Банк» қана несие беріп келсе, биыл оған «Халық банкі», «Форте банк», «АТФ», «Цесна банк», «Еуразия» және «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосылып отыр», – дейді ҚР Ұлттық банкі Қостанай облыстық филиалы қаржы мекемелерін қадағалау және қаржылай қызмет көрсету бойынша тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Әсет Қуанышбаев. Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл өңірде 11 тұрғын үй салынады. Онда 1233 пәтер бар. Мұның сыртында аталған бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында екінші жартыжылдықта облигациялық қарыздар бойынша салынып жатқан несиелік тұрғын үйлердің есебінен 368 пәтерді екінші деңгейлі банктерге өткізу жоспарланған. Арнайы бақылау іс-шарасы барысында құрылыс сапасында кемшіліктер табылмады. Айта кету керек, қоғамдық кеңестің тексеру шаралары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. «Басты мақсат – Бес әлеуметтік бастаманың уақытылы әрі мерзімді орындалуы» дейді кеңес мүшелері. Сондай-ақ, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру бойынша «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық кеңесінің де отырысы өтті. Мәжіліске кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, атқарушы орган басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілген болатын. Осы жоспардың орындалу барысы туралы мемлекеттік мекеме басшылары партиялықтарға есеп беріп, ұсыныстарын тыңдады. ҚР Ұлттық банкі Оңтүстік аймақтық филиалы директоры Әнуар Ботанбеков «7-20-25» бағдарламасы бойынша Ұлттық Банк тарапынан атқарған жұмыстары туралы баяндады. «Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 450 өтініш қабылданып, соның 239-ы мақұлданды. Біздің серіктес банктеріміз арқылы 2,5 млрд теңгеге несие берілді. Бұл дегеніміз Шымкент республикалық қалалық мәртебе алғаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Бұл тараптан біраз жұмыстар жасалады. Қаланың экономикасы, халықтың әл-ауқаты өседі. Біз әлі де үлкен көрсеткіштерге жетеміз. Өйткені бұл бағдарламаның шектеуі жоқ. Сондай-ақ халықтың тұрғын үйге сұранысы көп. Жылдың соңына дейін бірнеше мың пәтерлер салынады. Қазіргі таңда, Нұрлы жер бағдарламасы арқылы, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен және BI GROUP компаниясымен де тұрғын үй кешені салынып жатыр. Бұның өзі «7-20-25» бағдарламасы арқылы сатылады», – деді филиал директоры. Шымкент қаласындағы 10 жоғары оқу орындары мен 29 колледжде 106636 студент жастар білім алуда. Оның ішінде, 6614 студент жатақханамен қамтылса, 8050 орынға қажеттілік туындап отыр. Үшінші мегаполис студент жастарының жатақханадағы жағдайын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндаған білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева нақты мысалдар келтірді. «Қазіргі таңда, қаламызда жатақхана орнының қажеттілігін жою бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, әкімдік тарапынан «Тұран» шағынауданынан 8 га жер учаскесі белгіленіп, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ инвестициясы есебінен 5000 орындық жатақхана салу үшін жер учаскесі рәсімделді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер арқылы 200 және 350 орындық жатақхана салу үшін «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен келісім-шарт түзілді. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде», – деді ол. Сонымен қатар, мәжіліс барысында шағын несие беруді көбейту бойынша қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Бигулиев, «Елді газбен қамтамасыз ету мәселесі бойынша энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов баяндады.

Серіктес жаңалықтары