16 Мамыр, 14:49 275 0 Әлеумет Әсел ӘНУАРБЕК

 «Нұрлы жер» – нәтижелі бастама

Биыл елімізде 13 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Демек, қазақстандықтардың баспаналы болу мүмкіндігі артады. Бұл туралы апта басында «Nur Otan» партиясының орталық аппараты мәжілісінде «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша есеп берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.

Министр есеп беру барысында халықты баспанамен қамтамасыз етудегі оң көрсеткіштерге тоқталды. Мысалы, Қазақстан жан басына шаққанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша ТМД елдері арасында алғашқы орынға ие. Министр келтірген деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш Қазақстанда 0,68 шаршы метрді құраса, Ресейде 0,54 шаршы метрге тең. Ал Беларусьте – 0,40, Өзбекстанда – 0,36 шаршы метр. «Былтыр 12,5 млн  шаршы метр үй салынды. 113 мың отбасы баспаналы болды. Осының  нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үй саны бойынша Қазақстан ТМД  аумағында бірінші орынға шықты. Қазір бізде бір адамға шаққанда баспанамен қамту – орташа есеппен 24 шаршы метр. Біздің алдымызда бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу міндеті тұр», – деп атап өтті министр Роман Скляр.

«Нұрлы жер» бағдарламасының жұмысы мұнымен тоқтамақ емес. Жиында белгілі болғандай, қазіргі уақытта елімізде баспанаға мұқтаж 31 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Министр алдағы 7 жыл ішінде осы санаттағы тұрғындардың мәселесі түбегейлі шешімін табатынына сендірді. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 40 мыңға жуық пәтердің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ, биыл Жастар жылына орай Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бір мың тұрғын үй қолданысқа берілмек.

Роман Склярдың есебінше, бүгінде Алматы, Маңғыстау облыстарында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазақстан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің 45 пайызы осы өңірлерге тиесілі. Ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркеліп отыр.

 

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ

Тэгтер Нұрлы жер

Соңғы жаңалықтар