16 Мамыр 2019, 14:05 899 0 Қауіпсіздік Әсел ӘНУАРБЕК

«ЖИҺАД» ДЕП КЕТКЕНДЕР «ЖУСАНМЕН» ЕЛГЕ ҚАЙТТЫ

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Иә, олар әу баста тура жолдамыз деп ойлаған-ды. Бірақ олар өздерінің ағат қадам жасағандарын сырт елдегі ахуалды көзбен көргеннен кейін ғана түсінді. Түсінді де, бармақтарын тістеді. «Қателік жасамайтын адам жоқ» деген тәмсілге сүйенетін қазақ бұл жолы да Сириядағы сенделген отандастарымызды соғыс ортасында тастап кеткен жоқ. Қолдан келгенше әрекет етіп, кезінде өз еркімен Сирияға аттанғандарды елге қайтарды.

Сириядағы соғыстың сойқанын көргендердің елге оралуына себепкер болған – «Жусан» операциясы. Қазақстан арнайы қызметтерінің Сириядағы қазақстандықтарды құтқаруға арналған операция нәтижесінде талай азамат отанына оралды. «Жусанның» жақсылығын көрген тағы 231 адам өткен аптада елге жеткізілді. Оның  59-ы әйел болса, 156-сы – бүлдіршіндер. Балдырғандардың жартысынан көбі шетелде дүние есігін ашқан. Отанға оралғандар арасында ауыр жарақат алғандары да бар. 18 бүлдіршін туған жер топырағын тұл жетім боп аттады. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, Сириядан қайтарылған 18 жетім баланың елдегі туыстары табылған. «Алдын ала тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық балалардың туыстары табылды. Олар жеткіншектерді өз отбасыларына қабылдауға дайын. Бұл тұрғыда баланы асырап алуға, құжаттарды қалпына келтіруге қатысты қажетті заңнамалық рәсімдер бар екенін түсіну керек. Бұл шаралар орындалғаннан кейін, жетім балаларды өз жақындарының тәрбиесіне беру үшін ешқандай кедергі болмайды», – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.

Ел аман, жұрт тынышта өз отанынан безіп, «жұмақ» іздеп Сирияға бет алғандарға мемлекеттің қол ұшын созуы қаншалықты дұрыс болды? «Жусан» операциясын жүзеге асыру үшін, күн сайын жарылыстан көз ашпай келе жатқан Сириядағы отандастарымызды елге жеткізу үшін қазынаның айтарлықтай шығынға батқаны анық. Сол азаматтар «аттандап» соғыс ортасына кетпегенде осы операцияға жұмсалған мемлекет қаржысы үнемделер ме еді?! Әрине, ақша адам өмірінен маңызды емес. Алайда олардың шалт басқан қадамына «құрбан» болған қаржы елдегі талай мәселенің күрмеуін шешуге жәрдем болар еді. Дәл қазір елімізде бұл мәселеге қатысты жұрт пікірі сан қилы. Қалай дегенмен де, олар мұндай ойсыз қадамға неліктен барғанын ойлануымыз қажет. Әлбетте, Қазақстан азаматтарының қақтығыс аймақтарына ойланбастан жол тартуына террористердің теріс үгіт-насихатының ықпал еткені сөзсіз. Олай болмаған күнде де, әке-шешесінің қателігі үшін жазықсыз сәбилер соғыс дәмін сезбеуі тиіс, зардап шекпеуі қажет. Осыны ескерген Қазақстан билігі өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмайтынын күллі әлемге әйгіледі.

Тіпті, Сирияда 5-6 жыл болып, соғыстан әбден зәрезап болған жандар Қазақстанның бұл бастамасына ондағы жұрттың қызығушылықпен қарап жүргенін жеткізген болатын. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті отандастырымызды қайтарудың басты себебін былайша түсіндіреді. Жат ағымның жетегінде жүрген қандастарымыз Сирияда қалып қойса, содырлармен бірігіп, елге лаңкестік шабуыл ұйымдастыруы мүмкін деген қауіп бар. Өйткені, өткен жылдың өзінде терроризм мен экстремизмге қатысы бар 50-ден астам шетел азаматы анықталған. «Ең бастысы біз балаларды құтқардық. Шетелде қалып қойған балалар кім болып өсетіні жайлы ойлану қажет. Олар террористер қатарын толықтыратыны анық. Сондықтан балаларды елге қайтара отырып, біз болашақтағы ауқымды мәселені шешіп отырмыз. Қайтып келген адамдарға тағы бір мүмкіндік беруіміз керек», – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған гуманитарлық операция мұнымен тоқтамақ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ, қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайтынын, гуманитарлық акция жалғаса беретінін атап өткен еді. Айта кетейік, «Жусан» операциясы аясында биыл қаңтар айында жат ағымның жетегіне еріп, қақтығыс аймағына кеткен 47 қазақстандық елге қайтарылған. Олардың екеуі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қала­лары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткен. Ал Қазақстанға оралған балалардың әкелері түгелге дерлік соғыс жағдайында опат болған.  Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің айтуынша, Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына кеткендердің көпшілігі интернет арқылы шетелдік уағыздаушылардың арбауына түсіп қалған. «Онда мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысып жатыр. Яғни, әртүрлі топтар бір-бірімен қырылысуда. Ол жаққа бір барғаннан кейін қайта шығу мүмкін емес десе де болады. Өйткені ондай әрекет байқалған жағдайда адамдар өлім жазасына дейін жазаланады. Біздің азаматтардың қашпақ болғаны үшін өлім жазасына кесілгені туралы мәліметтер бар», – дейді Бақытбек Рахымбердиев.

Жақында келген 20 азамат та (16 ер, 4 әйел) Қиыр Шығыста ДАИШ құрамында болған. Қылмыстың ауырлығына қарай олар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін. Қазір бұл азаматтарға қатысты ҚР ҚК-нің 257-бабының 2-тармағы (Террористiк топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актiлерiне қатысу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарымен Атырау облыстық ҰҚКД айналысуда.

Жалпы, еліміз Сириядағы жанжалды тоқ­тату және сол елде бейбітшілік пен тұ­рақ­ты­лық­ты орнату процесіне бел­сенді атсалысып келе жатқандығы бел­гілі. Оның бір жар­қын дәлелі ретінде Сирия бойынша соңғы екі жыл ішінде Астана процесінің 11 раун­ды өткізілгендігін айтуға болады. Бұл келіссөздердің Сирияның көп­теген аймағында бейбітшілік орнап, қан­төгістердің тоқтауына ықпалы зор болды. Соған қарамастан, «Жусан» операциясын табысты жүргізу оңай болған жоқ. Ұзақ уақытты талап еткен операция аясында талай шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, тіпті, соғыстың бел ортасында жүрген топтармен де келісімге келуге тура келген. Әсіресе, «Жусан» операциясын жүзеге асыруда АҚШ-тың көмегі көп болғанға ұқсайды. «Бұл гуманитарлық операция қарулы шиеленіс аумақтарында болған азаматтарымызды құтқаруға, сондай-ақ олардың балаларына Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде бейбіт өмір сүруге мүмкіндік беруді көздеді. Операция АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, бұл жобадағы Сирия демократиялық күштерінің маңызды рөлін де атап өткен жөн», – деді Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Сонымен, қазір «Жусан-2» операциясымен елге оралғандар қазір Ақтаудағы оңалту орталығында. Олармен теологтар бірнеше ай жұмыс істейді. Теріс ағымға алданып, тұзаққа түскендер алдымен психологтардың көмегіне зәру. Бір қуантарлығы, соңғы екі жылда ел аума­ғынан Сирия бағытына қарай бірде бір адам шықпаған.

Теріс ағымға алданып, елінен безгендердің алды Отанына орала бастағанымен шам елінде от пен оқтың ортасында әлі 300-ге жуық отандасымыз жүр екен.  Олардың ішінде 170-ке жуығы бала. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл соңына дейін оларды елге қайтаруды жоспарлап отыр. Сондықтан «Жусан» операциясы  әлі де жалғасады.

Әсел ӘНУАРБЕК

Соңғы жаңалықтар