15 Мамыр 2019, 19:31 730 0 Білім Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Henkel компаниясы балаларды қуантқан күн

 Бала – ерекше көңілді қажет етеді. Бала – жақындарынан жылу күтеді. Бала алдында мақсатқа жетелейтін адамның болғанын қалайды. Ол сол үшін де бала. Ал балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көңілін кім аулайды?

Өткен аптаның демалыс күнінде «Қазақстанды жасылдандыр» атты акция аясында ағаш егу дәстүрі жалғасын тапты. Бұл шараның басқа емес, Алматы облыстық №1 балалар үйінде өтуі балаларға қуаныш сыйлады. Әрі түрлі көкжиекті кеңейтетін ойындар ойнап, бір сергіп қалды. Мәселен, шараны ұйымдастырушылар балаларға бүгінде әлем елдері бет бұрған жасыл экономика туралы жан-жақты мәлімет берді. Болашақта біздің еліміз де табиғатты ластамайтын осы жолды таңдайтынына сенім білдіре келе, балалардың арасынан экологияның таза болуын қамтамасыз ететін, қоршаған ортаны құрмет тұтатын мамандық иелері шығуы үшін аз да болса қызығушылықтарын оятуға тырысты. Шын мәнінде, әлемде біз білмейтін «жасыл» мамандық иелері қаншама?! Олар қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие. Сондықтан да тәрбиеленушілерге осы сала жайлы жан-жақты мәлімет берген кәсіби архитектор эколқалашықтарды жобалау туралы кеңінен әңгімелеп берді. Бұдан кейін балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қатысушылар «Жасыл Алматының» макетін әр қырынан жасап, таныстырды. Бірі - жасылданған әуежай салса, енді бірі жасы әлемнен сыр шертетін сауда үйін тұрғызды. Тағы бір жасыл полоиция бекетін ұсынды. 5 топқа бөлініп, жүйрік қиялдарын жүгірте білген балалар үшін бұл ерекше жаттығу болды.

Алматы облыстық №1 балалар үйінің директоры Гүлмира Сансызбайқызы: «Бұл акцияның біздің балалар үйінде өткеніне дән ризамыз. Ауламыздың жасылға бөленгені бізді де қуантады. 40 ағаш егілді. Енді әр бала әр ағашқа ат қойып алады. Тіпті, оларға өздерінің інісі, қарындасы сияқты қарайтынына сенімдімін. Кез келген бала бір-біріне қамқорлық жасауды осы ағашты баптаудан үйренеді», –  дейді.

«Қазақстанды жасылдандыр» акциясын осымен бесінші мәрте ұйымдастырған Henkel компаниясы шараны Small сауда желісімен бірлесіп өткізіп келеді. 8 сәуір мен 5 мамыр аралығында Persil, Perwoll,Vernel, Bref, Somat сауда белгісіндегі тауарды сатып алған жағдайда оның 50 теңгесі жасылдандыруды қолдауға жөнелтілді. Henkel компаниясы ұйымдастырған акцияның арқасында Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Тараз қаласында 1705 ағаш отырғызылды. Бұл қалаларда биыл тағы да 150 ағаш егіледі.

Соңғы жаңалықтар