Еңбек өнімділігін ақылды фермерлер арттырған

 Еңбек өнімділігін ақылды фермерлер арттырған

 Еңбек өнімділігін ақылды фермерлер арттырған
ашық дереккөзі
Оңтүстік Кореяда «ақылды фермалар» пайда болғалы бері ауылшаруашылық саласында еңбек өнімділігі 33 процентке артты. Сала министрлігінің дерегі осындай. Алайда жергілікті фермерлер үшін білікті мамандар тапшы. Сеул қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан жылыжай кешенінде қызанақ өсіріледі. Өнімнің жартысы жергілікті жерде сатылады, қалғаны Жапонияға экспортталады. Бұл жылыжайға кіру үшін арнайы киім мен қолғап киіп, дезинфекциядан өту керек. Жұмысты компьютерлердің көмегімен операторлар басқарады. Қызметкерлердің көбін роботтар алмастырған. Адамдар тек жасанды интеллекттің қолынан келмейтін жұмыстарды атқарады. Піскен қызанақтарды жинап, түріне қарап іріктейді және қораптарға салады. «Ақылды жүйелер енгізілгеннен кейін шығын 20 процентке азайды. Өндірісімізді кеңейтуді көздеп отырмыз. Канвондо провинциясында тағы бір кешен ашамыз. Жылыжай ауданы – он жарым гектар. Оның бірегей ерекшелігі, суықта газ, ал жылы уақытта жел энергиясын пайдаланады. Шатырында күн сәулесінің мөлшерін реттейтін аспаптар орнатылған», дейді компания бөлімінің басшысы Ю Хён Сон. Мұнда адамның басқаруынсыз жүретін арбалар да бар. Ішінде музыка ойнайды. Бірақ бұл өсімдіктердің жақсы өнуі үшін емес, қызметкерлердің көңілін көтеруге арналған. Дегенмен оңтүстіккореялық жастар фермерлік кәсіппен айналысуға құлықсыз. Бұл жұмысты олар ауыр әрі тәуекелі көп іс санайды. Сонымен қатар көкөніс пен жеміс өсіру үшін ауылда тұру керек. Сол себепті соңғы 10 жылда 40 жасқа жетпеген фермерлердің саны азайды. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі ақылды фермалар салаға жастарды тартуға септігін тигізеді деп санайды. «Смарт-фермаларға қолдау жасаймыз. Соңғы бес жылда олардың ауданы 10 есе, 400-ден 4 мың гектарға дейін артқан. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 7 мың гектарға дейін жеткізу жоспарымызда бар. Ал білікті мамандар дайындау мәселесін жаңа оқу кешені шешуі тиіс», дейді Корея ауыл шаруашылығы министрлігі бөлімінің жетекшісі Чон Чон Хи. Үш жылдан кейін осындағы білім ордасын 500 фермер бітіреді. Олар ақылды жылыжайларды қалай басқару керектігін үйренеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 7 миллион 780 мың доллардан астам қаражат бөлінеді.