Тартысқа толы бокс турнирі
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» Қоғамдық Қорының филиалы «Арыстан» мамандандырылған лицейі жыл сайын Лицей бастығы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әскери академиясының толық мүшесі Сәбит Сәуменұлы Таулановтың сыйлықтары үшін бокстан турнир өткізіледі.
Биылғы турнир Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің құрметіне арналып, 2002-2003 және 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасындағы түрлі салмақ категориясы бойынша өткізілді. Биылғы жарысқа келген боксшылардың саны 70-тен астам. Алматы облысыныңЖамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарынан, және «Спарта», «Алмалы», «Иссык», «Талғар», «Балтабай» спорт клубтарынан келген жасөспірімдердің боксқа деген сүйіспеншілігі, жеңіске деген құштарлықтары ерекше болды. Ашылу рәсімінен кейін ширек финалға шыққандардың өнері тамашаланды.
Келген командалар «Арыстан» лицейінің оқу, спорт кешендерімен танысты.Содан кейін барыпжартылай финалға шыққандар мен үшінші орынға табан тіреген боксшылардың қызу тартысты жекпе-жектері өтті. Әр сайыс 3 раунд, 2 минутқа созылды. Қызыл бұрыш пен көк бұрышта арнайы спорт киімдерімен бұлшық еттері шиыршық атқан, түрлі салмақтағы жасөспірімдер барлық шеберліктерін салып сайысты. Қарсыластар аянбады. Бокс қолғабын қанша жұмсақ дегенмен, негізінен жеңіл жарақат ретінде көбінің мұрындары қанады, бірі жеңді, бірі жеңілді. Қас қағым уақыттың ішінде жеңімпаз белгілі болып отырды. Бокс аренасын төрт жақтан жіті бақылап отырды судьялар: К.Абдекиримов–ДЮСШ Талгар, С.Бессарабов– «Талғар» бокс клубы, Баққожаұлы – ДЮСШ «Иссык», М. Телтокян – «Балтабай» және Талғар спорт мектебінің бапкері Қаражанов Қуаныш.
Бапкерлерденсұхбат алу барысында олар турнирдің әділетті өтіп жатқандығын, ұйымдастырылу деңгейі көңілден шыққанын айтты. Өздері бастап келген командаларының боксшылары жартылай финалға шыққандықтарын, жеңісті орындар күтіп, жүректері толқып отырғандықтарын да байқатты.