Жаңа технология – заман талабы

Жаңа технология – заман талабы

Жаңа технология – заман талабы
ашық дереккөзі
Цифрландыру – жаһандық трендке айналып үлгергелі қашан. Бүгінде халқының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуды, бәсекеге қабілетті экономика құруды көздеген барлық мемлекет осы үрдісті ұстанып отыр. Бұл үрдістен біз де тыс қалмауға тиіспіз. Соған орай атқарылып жатқан істер де баршылық. «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша құрылған комиссия отырысы өтті. Жиынды партия кураторы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау жүргізіп, оған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Ғылым қоры» АҚ, «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Комиссия отырысында коммерцияландыру тетіктері мен технологиялар трансферті арқылы инновациялық өнімдердің үлесін көбейту шаралары талқыланды. Жиынды ашқан партия кураторы А.Рау: Біздің басты мақсатымыз – ғылымды коммерцияландыру бағыты бойынша қолға алынған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін, оны тиісті заңдық базамен қамтамасыз етіп, барлық жағдай жасау. Сондай-ақ, жаңа технологияларды дамыту үшін инновациялар жасау», – деді. Ал инновациялық саясатты жүзеге асырудың бір тетігі – осы бағыттағы жұмыстарға арнайы гранттар беру. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов: «Гранттарды бөлуді Ұлттық технологиялық даму институты жүзеге асыруда. 2011 жылдың 1 ақпанынан бастап 2019 жылға дейін грант алушылармен арада жалпы құны 18,7 млрд. теңге болатын 356 келісімшарт жасалды. Аталған гранттар 11 басым бағыт бойынша бөлініп отыр. Оның ішінде ең көбі (69) инфокоммуникациялық технологияларға, ал ең азы (1) нано және ғарыш технологияларына бөлінді», – деді. Жиында сөз алған «Ғылым қоры» АҚ төрағасы А.Сұлтанғазиннің сөзіне сенсек, бүгінге дейін 6 жоба өз жұмысын толық аяқтаған. 32 жобаның жұмысы биыл бітеді деп жоспарланған, тағы 52 жоба 2020 жылдың соңында өз мәресіне жетеді. 31 жоба бойынша 2019 жылдың алғашқы тоқсанында өнімдер мен қызмет түрелерін сатудан түскен пайда 955 млн теңгені құраған. «Ғылым қоры» АҚ төрағасы А.Сұлтанғазин өз сөзінде аталған гранттарды алу үшін қойылатын талаптарға арнайы тоқталды. 1) жобаны жүзеге асыру мерзімі – 3 жылға дейін; 2) жобаның жетекшісі ҚР азаматы болуы тиіс; 3) жоба тек ҚР аумағында ғана жүзеге асырылуы керек; 4) жобаға қатысушылардың саны жеті адамнан аспауы қажет. Сонымен қатар, жобаға қатысушылардың бірі міндетті түрде ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижесін коммерцияландыру бойынша маман болуы тиіс; 5) сұралатын грант соммасы 300 млн теңгеден аспауы керек. Комиссия отырысы барысында ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижесін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыруға, жас ғалымдарға гранттар бөлуге, еліміздің жекелеген аймақтарындағы инновациялық белсенділіктерінің төмендігіне қатысты мәселелер де талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді.