«Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі өтті

«Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі өтті

«Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі өтті
ашық дереккөзі
Дәстүрлі музыкамызды тыңдаушылар Достық үйіне жиналды. Олар мұнда  танымал өнер майталмандары – жыршы-термеші Алмас Алматов, Жәкен Омаров, ән өнерінің шеберлері Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, күйші Батыржан Мықтыбаевтың өнерін тамашалады. Алдымен «Nur Оtan» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Ғалымжан Өтелбайұлы сөз алып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға баса назар аударғанын атап өтті. – Партия осы мақалада көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеп келеді. «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі, сондай-ақ партиямыздың 20 жылдығына орай «Зиялы қауыммен жұмыс» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Фестивальдің өскелең ұрпақ үшін рухани-адамгершілік мәні зор. Іс-шара жыл басында Семейден – ұлы Абайдың отанынан басталды. Содан кейін Павлодар, Петропавл, Шымкент қалаларында өтті, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы. Нұротандықтар қазақтың дәстүрлі өнерін тек туған елімізде ғана емес, сондай-ақ, оны әлемдік деңгейдегі сахналарда кеңінен насихаттап, жоғары деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Іс-шарада қоғам қайраткері, мәдениет саласының ардагері Еркін Құрманбеков өз ойымен бөлісті. Ол облыс аумағында жыр өнері жақсы дамығанын айтты. Бұл орайда Қобыланды батыр және қазақ халқының басқа да тамаша ұлдары туралы музыкалық шығарма қалдырған Нұрпейіс Байғанинді еске алу жеткілікті екенін тілге тиек етті. Содан кейінгі кезек музыканттарға берілді. Ақтөбенің 150 жылдығына тамаша сый жасаған әр қонақтың өнерін көрермендер ықыласпен қабылдады.