3 Мамыр 2019, 13:27 718 0 Өнер "Түркістан" газетінің авторлары

Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген шебер

Ұлттық құндылықты сақтай отырып, төл өнерді жаңғырту заман талабы. Жасампаздықпен жарқырап, тың жаңалықтарымен сүйіншілеп жүрген жастардың қатары күн санап артып келеді. Солардың бірі де бірегейі Моңғолия мемлекеті Баян-Өлгий аймағының тумасы Барбол Құмарбекұлы. Зергерлік, ұсталық өнердің қыры мен сырын жетік меңгерген. Ат төбеліндей қазақтың абыройын асқақтатып жүрген азамат темірге тіл, жаңқаға жан бітірді.

Барбол Құмарбекұлы: Қолөнерге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан бастау алды.  Ағаштан түрлі бұйымдар жасап, ою-өрнектер сала бастадым. Негізінен бұл өнерді бойыма сіңіріп өміріме тоғыстырған әкем болатын. Яғни, өнер қонған әулетте дүниеге келдім.

Қазақ ежелден атадан балаға тектілікті дәріптеп, тағылымды ұғындырған халық. Осыдан-ақ  тектілік перзент бойына әкенің қаны, ананың сүтімен даритынын айқын аңғаруға болады. Жастайынан әкесі Құмарбек Қанжарбайұлынан, ағаштан ою ойып, темірден түйін түюді үйреніп, бой түзеді.

Жас шебер Моңғолияның Ғылым және техника университетін «Ағаш жиһаздарының дизайнері» мамандығымен тәмамдаған.  Асқақ арман жолында астасқан заманауи технологиялық ойларын студенттік кезінде ойға алған. Бүгінгі таңда іс жүзінде жүзеге асырып тынбай еңбек етіп келеді. Алтын қолды шебер жасаған киіз үй заманға сай жабдықталып,  жаһандық өркениетке лайықты жаңғырған. Күміспен көмкеріліп,  жақұт тастармен безендірілген туындының тұла бойынан халқымыздың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, бітім-болмысын айқын аңғаруға болады.

Бір киіз үйді толық жасап шығу үшін 2-3 ай уақыт кетеді екен. Жас шебердің көз майын тауысып жасаған туындысын нақтылап таныстырар болсақ, киіз үйдің есігіне батыр және барыстың бейнесі бейнеленген, жасыл жақұт тастармен қатар  ою-өрнектермен безендіріліп тұтқасы мүйізден жасалған. Ал, есіктің ішкі жағына қыран бүркіттің қасқырға түсу сәті өрнектелген. Шаңырақ қошқар мүйiз ою және асыл тастармен  көмкеріліп,  күмic металмен қапталған. Диаметрi 2 метр. Уықтарына Қазақ елінің туында бейнеленген ұлттық өрнек нақышталған. Асыл тастармен безендiрiлiп, бағалы металл жапсырылған. Киіз үйдің ішкі жабдықтарына қазақи  ағаш төсек, сандық, бесік, саба қамтылып, ұлтының салт-дәстүрін, құндылықтарын  паш етіп тұр. Сонымен қатар, қолөнер шебері ер-тоқым, пышақ, жақұт тастардан әшекей бұйымдар жасауды назардан тыс қалдырмаған.

Өскелең ұрпаққа сан ғасырлық тарихы бар зергерлік, ұсталық өнерімізді дәріптеп, ұлттық қолөнерді ұлықтап, ұлылығын ұғындырып жүрген азаматтар барда ұлттық рух асқақтай берер сөзсіз.

 

Қабдуәли СӘУЛЕТ

Тэгтер өнер шебер

Соңғы жаңалықтар