3 Мамыр 2019, 12:39 597 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

«Қазақтану»жобасы қазақты танытуға бағытталған

Мұратәлі Қалмұратов,

Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы хатшылық меңгерушісі:

«Қазақтану»жобасы қазақты танытуға бағытталған

– Мұратәлі Оразалыұлы, өткен жылы құрылған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақыт аралығында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында қандай жұмыстар жүргізді?

– Иә, Елбасының өткен жылы маусымдағы тарихи Жарлығынан кейін шілде айында республикалық деңгейдегі қалалардың санатына қосылған Шымкентте қала әкімі аппараты жанынан құрылымдық бөлім ретінде ассамблея хатшылығы жұмысын бастады. Бір сөзбен түйіндегенде, біздің негізгі мақсат – жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты қала аумағында мақсатты іске асыруды көздейді. Сондықтан жұмысты жүйелеу үшін алдымен этномәдени бірлестіктердің құжаттарын реттеп, оны әділет органдарына тіркетіп, қалалық асссамблея қатарына енгіздік. Нәтижесінде бұрын облыстық деңгейде әрекет еткен 20 этномәдени бірлестіктің 16-сы қалалық бірлестік ретінде қайта тіркелді.

Қалалық ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» мекемесі тамыз айында құрылып, жұмысқа кірісті. Жалпы, өткен жылы құқықтық-құрылымдық, ұйымдастыру, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу бағытында бірқатар жобаларды іске асырдық.

Өткен жылы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бюджеттен қаржы қаралмаса да этномәдени бірлестіктер мен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың әлеуетімен бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында халықаралық «Қазақстан палауы» фестивалі және жастар контингентімен «Жастар – жаңғырудың жаршысы» лекториі, «PRодвигай себя», «Рухани келісімнің қазақстандық үлгісі» семинар-тренингтері мен «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз», «Мен қазақша сөйлеймін» акциялары өтті.

Шымкент қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғ.Әбдірахымовтың жетекшілігімен өткен қалалық ассамблея Кеңесінің отырысында Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Журналистер мен блогерлер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, Ақпараттық-түсіндіру тобы мен «Қазақтану» жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының құрамы жасақталып, аталған құрылымдардың ережелері және 2019 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді.

– Осы «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы туралы ұсынысты Ассамблеяның XXVI сессиясында Шымкент қаласынан қатысқан делегат айтқан еді. Осы жоба бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– «Қазақтану» жобасы қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін Қазақстан халқының қоғамдық санасына сіңіруге бағытталған.

Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қазақстан халқын топтастырушы ортақ құндылықтарды қалыптастыру міндетін көздейді. Ол жалпыға ортақ құндылықтар ретінде қазақ халқының ұлттық тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын белгілеп, олардың біртұтас Қазақстан халқы арасында танымалдылығын арттыруды мақсат тұтады.

Жобаны қала аумағында іске асыруда қалалық ассамблея жанынан құрамына ғалымдар, қоғам белсенділері, өлкетанушылар, мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік орган өкілдері, белсенді жастар кіретін жұмысшы тобы құрылып, қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін қоғамдық санаға сіңірудің бір­ыңғай жүйесін әзірледі.

Бұл жоба ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, жастар, этностық топтар өкілдері арасында жағымды қоғамдық көзқарас қалыптастырып, кең қолдауға ие болды.

– Биыл Шымкентте наурыз мерекесі ерекше аталып өтті. Қала көшелерін ұлттық нақышта көмкерілген «Наурыз керуені» аралап, тұрғындар мен қонақтарға ұлттық ерекшелігімізді паш еттік. Алдағы кезеңдерде кітапханаларда қазақ тарихының айтулы күндеріне арналған «Күнтізбені парақтағанда» тақырыбында көрме ұйымдастыру, жас буын өкілдерін ұлттық қолөнерге баулу, «Қуатты елдің қуатты азаматтары» жобасын іске асыру сынды іс-шаралар өткізіледі. Осы жоба аясында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр туралы кітапша әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

– «Қазақтану» жобасы негізінде «Берекелі Шымкент», «Қазақ дастарханы», «Ұлттық домбыраны сыйға тарту», «Тілге құрмет – елге құрмет» жобалары іске асады. Мұндағы басты мақсат – мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына этнос өкілдерін шоғырландырып, өзара сыйластық пен ішкі бірлікті бекемдеуге бағытталатын болады.

– Биыл Шымкентте 1 наурыз айрықша − Алғыс айту күні атап өтілді. Әрине, мұндағы межелегендеріңіз ән салып, би билеу емес екенін қалың бұқара ұғынды. Дегенмен Алғыс айту күніне орай апталық ұйымдастыру арқылы Сіздер нені көздедіңіздер?

– Жалпыхалықтық сипатқа ие болып, ұлтымыздың байырғы меймандостық, кеңпейілділік қасиеттерін паш ететін бұл мереке жаңа статус алған Шымкент қаласында биыл ерекше ұйымдастырылды. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жаңа сипатта өткізілген мазмұнды іс-шаралар Шымкентте 22 ақпаннан басталып, 1 наурызға дейін 8 күн бойы жалғасты.

Мерекені жер-жерлерде ұйымдастыру мен өткізудің арнайы тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге тұрғындарды берекелі бірлікке үндейтін айрықша атаулар берілді. Іс-шаралар ауқымы мен оның аудиториясы мақсатқа сай белгіленді.

«Сыбаға» үлестіруден (қайырымдылықтан) басталған атаулы күндер «Тазалық», «Көршіге ізет», «Ұстазға құрмет», «Тарихқа тағзым», «Ықылас», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Алғыс айту» күндерімен үйлесімді үндесті.

Мәселен, 22 ақпан – «Қайырымдылық күні» Қазақстан халқы Ассамблеясының Қайырымдылық керуені шеңберінде «Сыбаға» іс-шарасын өткізіп, ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртып, 40 азаматқа, оның ішінде қадірлі қарияларға, абзал аналарымызға, жас отау иелеріне құрмет көрсеттік.

Мұндай шаралар қаланың барлық аудандарында, тұрғын алаптарда ұйымдастырылып, қазақтың игі дәстүрі елді топтастыруға қызмет етті.

26 ақпан – «Тарихқа тағзым күні» болып белгіленіп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында депортация жылдары Қазақстанға қоныс аударған этностар туралы «Тағдыр тоғыстырған» атты кітап, фото, тарихи құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге оқушылар, студенттер, жалпы жастар буыны өкілдері қатысып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған этностардың бастан кешкендерін, мұнда жергілікті халық тарапынан қандай қолдауларға ие болғандығы жөнінде деректермен танысты.

Ал 27 ақпан – «Ықылас күні» саяси депортация қасіретін бастан өткізген этнос өкілдерінің бүгінгі буыны, қиын-қыстау жылдары пана берген, қолдау білдірген қазақ отбасыларының бүгінгі ұрпағымен кездесті. 28 ақпан – «Ұрпақтар сабақтастығы» атауын иеленіп, бұл күні қаладағы білім беру мекемелерінде «Қазақ еліне мың алғыс!» тақырыбында бірыңғай ашық сабағы өткізілді.

Апталық 1 наурыз – Алғыс айту күнімен қорытындыланып, қаладағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары гүл шоқтарын қойды. Қала әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өткізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше болған азаматтарға куәліктер табысталды.

– 2019 жылы алға қойған межелеріңіз қандай?

– 2019 жылы түрлі бағыттар бойынша 31 іс-шара жоспары қабылданды. Оның 16-сы мекемелермен, ұйымдармен болса, 15-і этномәдени бірлестіктермен келісіліп, бекітілді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің жанынан «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедраларымен байланыс орнатылып, қаладағы 29 колледж жанынан «Достық» клубтары құрылуда.

Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдеріне арналған мемлекеттік тілді оқыту курстарын аштық. Қазіргі таңда қаладағы ассамблея ғимаратында этнос өкілдері аптасына екі рет мемлекеттік тілді оқып-үйренуде.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалымен бірлесе жастардың стартап жобаларын іздестіру, тұрғындарды бизнес бастамаларға баулуда шеберлік дәрістерін тұрақты түрде өткізу қолға алынды.

Этнос өкілдері мен ассамблея жанындағы құрылым мүшелерінің қатысуымен «Қайырымдылық керуені» (жыл бойы ай сайын), «Абай оқулары», «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Үздік Қоғамдық келісім кеңесі», «Жастар шақырады», «Ұлы Дала елі – қасиетті мұра» жобалары сынды бастамаларды ұтымды іске асыру жоспарлануда.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Б. Балықбай

Соңғы жаңалықтар