ПРЕЗИДЕНТ 1 МАМЫР МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ПРЕЗИДЕНТ 1 МАМЫР МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ПРЕЗИДЕНТ 1 МАМЫР МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мемлекет басшысы бүгінгі мерекенің еліміздегі барлық халық пен ұлт өкілдерін біріктіретінін айтты. «Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің маңызы зор екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан бүгінде көптеген ұлт өкілдерінің киелі шаңырағына айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Алматының Қазақстан тарихындағы маңызды рөліне назар аударып, осы қалада мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланғанына тоқталды. «Алматы әрқашан өзінің әсемдігімен ерекшеленеді. Алматылық – қайталанбас бренд әрі шынайы интернационализмнің жарқын үлгісі. Бүгінде қала еліміздің іскерлік, қаржы, мәдени, оқу-ағарту және туристік орталығы. Сондай-ақ, Алматы – жаңа жұмыс орындарын ашып, қала бюджетінің кірісін арттыруға үлес қосып отырған шағын және орта бизнестің тартылыс орталығы», – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру мәселесіне және Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына тоқтала келе: «Біз экология мен ауа сапасы, инфрақұрылым және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін бірлесе шешуіміз қажет. Қаламыз тұрғындар мен шетелдік қонақтар үшін жайлы болуы жөнінен үлгі болуы керек. Автокөліктер мен энергиямен қамтамасыз ету салаларында экологиялық таза технологияларға өтетін уақыт жетті», – деді. Қазақстан Президенті әртүрлі этникалық топ өкілдерінің өзара сыйластығының, ауызбіршілігі мен жасампаз еңбегінің арқасында Тәуелсіздігімізді нығайтып, экономикада табыстарға жеткенімізді атап өтті. «Бүгінде әрбір қазақстандық қай этникалық топқа жататынына қарамастан, өздерін біртұтас үлкен отбасының мүшесі сезінеді. Бірлік пен келісім – халқымыздың қиын-қыстау жылдарда да сақтай білген құндылықтары. «Әралуандықтан бірлікке» – біздің саясатымыздың мәні. Бәріміз бірге өзіміздің еңбексүйгіштігімізбен, табандылығымызбен ғана қуатты әрі дамыған мемлекет құра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Салтанатты шара Алматы қаласының этномәдени орталықтарының белді ансамбльдері мен қазақстандық эстрада әртістері қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.