ХАЛҚЫНЫҢ СҮЙІКТІСІ – АЯЗ АҚЫН

Жыршы, термеші Аяз Бетбаевты білмейтін жырсүйер қауым кемде-кем. Былтыр ғана дәл осы мезгілде өмірден озған текті сөздің төресі биыл жетпістің жетеуіне толар еді.

Шу өңірінің сонау түкпіріндегі алақандай ауыл – Алға кеңшарында дүние есігін ашқан Аяз Бекетайұлы туған жердің топырағынан нәр алып, туа біткен талантымен биікке талаптанып өседі.

Термеші Ұлы Отан соғысы тұсындағы қаһарлы қыстың бет қаратпайтын ызғарлы күндерінің бірінде дүниеге келсе керек, жас сәбиге Аяз деп ат қойып, айдар тағады. Әкесі Бекетай ұлы Аяздың бар-жоғы бір айлығында майдан даласына аттанып, отыз төрт жасында ерлікпен қаза табады. Анасы Дәнебала он бір жасар үлкен ұлы Сарноғай, бір жастан жаңа асқан Аязбен жесір қалған екен.

От кешіп,

Отан үшін опат болған,

Әкемнің мұрагері – белгісімін… – деп өзі жырлағандай ақын жасынан жетімдіктің дәмін татып, жоқтықты да, тоқтықты да көрген, аш та, жалаңаш та болған, ыстыққа күйіп, суыққа тоңған. Еміс-еміс есінде қалғандарын айтып та отыратыны есімізде. Асқар таудай әкенің қамқорын көрмей, от пен судан өтіп, уақыттың асау ағысында небір қиындықпен алыса жүріп, ерте есейеді.

1960 жылы Шу ауданының орталығы, бір кездегі Новотроицк, бүгінде Төле би ауылындағы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, әр салада жұмыс істеді. Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан бозбала жігіт бойындағы таланттың арқасында қасиетті қара домбырасымен өлең өлкесіне із салып, қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеді. Өнеріне тәнті болған өңірдегі мәдениет саласы басшылығының қалауымен 1971 жылдан ауылдық автоклуб меңгерушісі қызметін атқарады.

Аяз Бекетайұлының өлеңдерімен қатар толғаулары, арнаулары жетерлік. Оның «Ата-бабаларды еске алу», халық батырлары Сыпатай Әлібекұлы, Бауыржан Момышұлы, ақын Жақсыбай Жантөбетов туралы толғауларын атап өтуге болады. Сондай-ақ, Сауытбек ақынның «Ақбөпесі» «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жинағында әнші Жамал Омарова мен Аяз Бетбаевтың орындауында қалың елге тарады. Мұны қазақ өнерінің бір қуанышы деуге әбден лайық.

Халық жүрегінің үнін, ойы мен сезімін, бар болмыс-бітімін жеткізуге кейде эстрадалық туындылардың шамасы жетпей жатады. Ұлттың тарихи қалыптасуынан бастау алған, қоңыр дауысты домбырадай ұлттық аспаптармен бірге насихатталып, бүгінгі күнге жеткен дәстүрлі жыр-термелер халық өнерінің көп тынысты, сан қырлы күш-қуатына тән сияқты. «Міне, осы асыл қазынамызды домбыра тілімен сөйлеткен Аяздай ағамыздың әруағы үшін құрмет көрсету, оның туындыларын ел ішіне тарату – бізге, осы күн өкілдеріне аманат, – дейді Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Абылайхан Оспанов. – Қазыналы халқымыздан, ата-бабадан мұраға қалған терме құдіретіне бүгінде бас имейтін қазақ болмас. Қай кезде де ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын дәстүрлі өнер Аяз сияқты ағаларымыздың мәңгі есте қалатынына сенімдімін».

Иә, бір замандағы Сүйінбай, Шөже, Жамбыл бастаған ұлы көштің ізін жалғаған қордайлық абыз ақын Кенен Әзірбаевтың 1974 жылы сәуір айында өткен 90 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты Аязға бұйырғаны да тегін емес-ті. Ақынның Кенен атасының ризашылығына бөленіп, бата алғаны ел ішінде әлі күнге аңыз боп айтылады.

Аяз – ақын, күміс көмей, жезтаңдай әнші. Ол шығармаларын өзі нақышына келтіріп орындағанда өте әсерлі естіледі. Музыкалық шығармалары 1975 жылдан бастап радио, теледидар арқылы көпке таныла бастады. Сол жылдары «Жетісу әуендері» күйлер жинағына толғаулары мен әндері енді. Көптеген өлеңдерге ән де жазған Аяздың 1996 жылы Қытай Халық Республикасынан сазгерлік шығармалары жазылған 6 мың данадан тұратын аудиотаспасы шығарылды. Сонымен қатар қазақ қоғамына шығыс шайыры Омар Хайямды қайта таныстырған да Аяз Бетбаев. Қуандық Шаңғытбаевтың аудармасындағы төрт тағандарды әуенге қосқаны да өзгеше бөлек құбылыс ретінде қабылданды.

Осы орайда Жамбыл облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының басшысы, композитор Дүйсенәлі Дыбысәліұлының мына сөзі еске түседі: «Аяз Бетбаевтың ерекшелігі оның дәстүрлі әндерді, ұлттық өнердің інжу-маржаны – жыр-термелерді насихаттауында, өзіне ғана тән әуезді ұлттық нақышта орындау шеберлігінде. Кейде майда қоңыр дауыспен Кененше әуелетіп келеді де, кілт шырқай жөнеліп, әрі қарай төкпе жырды нөсерлете құяды. Бұл, әрине, өнердің құдіреті. Тағы бір артықшылығы – халық шығармашылығын жандандыруында, оған өзіндік реңк, ұлттық сипат беруі», – дейді ол.

«Өнерлінің өрісі кең», ақындықтың биік шыңы айтысқа да қатысып, өз өрнегін таныта білген Аяздың мақамын марқұм Әзімбек Жанқұлиевтен бастап, бүгінгі жас дарын Жандарбек Бұлғақовқа дейінгі буын нақышына келтіріп, әуелетіп, жаңғыртып келеді. Тек өкініштісі, өнерсүйер жұрт ақынның төл мақамын Әзімбекке теліп жүр. Аяз Бекетайұлының жары Гүлшара Сәуірбайқызы осы олқылықтың орнын толтыру үшін мәселені бүгінгі айтыс өнерінің басы-қасында жүрген Жүрсін Ерманға да жеткізген, нотасының түпнұсқасын да табыс еткен.

«Қай ғасырдан бері ақындардың өмір жолының өзі ауыр болғанын уақыт көрсетіп отыр. Мұны тағдыр деген жөн шығар. Өйткені, Құдай сондай сыйды берген соң, ақын жүрек бүгежектеуді білмейді ғой. Айтылған шындықтың пешене жолына кедергі болып шыға келетіні бар. Айекең де сондай күйді басынан өткерді. Ол оқымаса да, университет бітірмесе де, туа бітті талантымен мойындалды. Сұлу болмысына, кескін-келбетіне ақындық, сазгерлік, термешілік өнері тоғысып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Халық әлі күнге жоқтайды, әлі күнге шаңырағы көңіл айтушылардан босаған жоқ.

Кеңес заманында есімі елге тарап, дүрілдегенін жұрт біледі Айекеңнің. Десе де ол мансапқа, атақ-даңққа құмартқан жоқ. Сондықтан болар, әсіресе, егемендігімізді алған соң, ол ұмыт қалды», деп қамыққан ақынның жары Аяздың мақамы өзіне қайтарылса дейді.

Рас, ақынын ұлықтап, есіне алатын қазақ аз емес. Мәселен, саф алтындай ғажап өнеріміз – терме мен жырды құрмет тұтқан, сонау Мәскеуде 1983-2009 жылдары қызмет етіп, сондағы қандастарымыздың ынтымақтасып ұйысуына үлкен еңбек сіңірген, көп жылдар бойы қазақ диаспорасын басқарған қоғам қайраткері, Ресей қазақтары ауыз толтыра мақтаныш етіп айта жүрер өнер жанашыры Жәнібек Елекбаев жуырда халық жүрегін жылдар бойы тербетіп, сөз ұғар ұрпағын рухани бұлақтан сусындатып келе жатқан Аяз Бетбаевтың туындыларын жинақтап, кітап шығарды. «Өнердің қаймағы бұзылмасын десек, сол бір саф өнерді арқалап жүрген Аяздай өнерпаздың артында қалған мұрасы әспеттеліп, құрметтелуі тиіс», – дейді бұл турасында Жәнібек. Ал Мәскеудегі «Қазақ тілі» қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбуислам Тұрсынбаевтың пікірінше, жыр толғаса, қалың жұрттың құлақ құрышы қанатын, аламан айтыста қара үздіріп шабатын, термелетсе көкейіңдегіңді дөп басып айта алатын Аяз Бетбаевтай асыл ағаны қалың көрермен әлі де сағынып жүр. «Бұл жинақ халықтың сол сағынышын басатын, Аяз термелерін жас ұрпаққа таратып, насихаттайтын бір әдістемелік құрал болғалы тұр», – дейді ол.

Ақын перзенті – қызы Айзада да өнерден құралақан емес, әке мұрасын аманаттап, елге таратып жүр. «Әкем соғыс жылдары дүниеге келді, анам Гүлшарамен отау құрып, ұрпақ тәрбиеледі. 1999 жылы Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ қауымдастығының шақыруымен әкем, анам үшеуміз Мәскеуде болып, «Ярославль» мәдениет сарайында өнер көрсетіп қайттық. Халық әкемді жылы қабылдады. Сол жердегі бауырларымыз әкеме ризашылықпен автокөлік сыйлады. Сонда мен дәстүрлі қазақ өнерін әкемнің қаншалықты биікке көтергенін жан жүрегіммен сезгендей болдым» дегені бар Айзаданың.

Елімізге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы, Мәскеуде өткен екінші бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, «Шу толқындары» кітабының авторы, қазақ жыр-термесі әлемінде өз қолтаңбасы бар Аяз Бетбаевтың өмірден озғанына да күні кеше жыл толды. Көне шаһар жұрты Тараз төрінде ақынын еске алып, рухына тағзым етті. Онда облыстың жақсы-жайсаңдары сөз алып, тартымды естеліктерімен бөлісті. Аяз Бекетайұлының өмірінен түсірілген деректі фильм арнайы экраннан көрсетіліп, көпшіліктің сағынышын оятты. Жиында дәстүрлі өнердің бірегей өкілін ұрпақ жадында мәңгілікке қалдыру үшін облыс орталығына ескерткіш қойылса, туған ауданынан көше берілсе деген ұсыныстар да айтылды. Бұл – жергілікті биліктің құлағына алтын сырға!

 

Асхат Қойшығара

Тараз қаласы, Жамбыл облысы

Back to top button