2162
ӘН СӨЗІ ӘСЕМДІКТЕН АДА БОЛСА...
ӘН СӨЗІ ӘСЕМДІКТЕН АДА БОЛСА...
«Біздің қазақ әнқұмар халық... Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады». Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ даласындағы ән мен тыңдарманды осылай сипаттаған. Әнді асыл өнерге балаған бабаларымыз «Беу! Бәрекелді!» деп әншіні қошеметтеп отырған. Әнге теңдесіз өнер, әншіге талант деген теңеу айтылған. Ал бүгінгі қазақ әндерінің жай-күйі қандай?
Қазақ ән өнерінің ерекшелігі мен өзгешелігін сөз етер болсақ, оның тарихына тоқталып, эволюциясына терең көз тастаймыз. Өйткені дала музыкасының түп төркіні әріден басталады. Адамзат-баласы тілсіз ұғынатын ән арқылы асқақ сезім, үлбіреген үміт қана емес, күллі халықтың шындығы да ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Қазақтың халық әндеріндегі тақырыптық, мазмұндық сарынның әрқилылығы осыны аңғартса керек. Қазақ музыкасы дегенде халық композиторлары алғашқылардың бірі болып ауызға түседі. Абай, Ақан сері, Біржан сал бастаған өнер өлкесінің өкілдері дала музыкасына жаңа леп әкелді. Жыр, толғау, терме, айтыс, күй өнерінен бастау алған эпикалық қазақ музыкасы әуендік интонация, орындаушылық мәнер-нақышы мен шырқау шеберлігіне сай бір-бірінен ерекшелене бастады. Осылай Арқа әндері, Жетісу, Батыс, Алтай, Сыр бойы әншілік-орындаушылық мектептері қалыптасты.
Өткен ғасырдың екінші жартысында ән әлеміне сарыны өзгеше, танымы бөлек жаңа заман композиторлар буыны келді. Әбілахат Есбаев, Әсет Бейсеуов, Әшірхан Телғозиев, Бақытжан Байқадамов, Ілия Жақанов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды талантты тұлғалардың халықтық музыкадан бастау алған туындылары Ұлы даланың ән мәдениетінде өзіндік өрнегін қалдырды. КСРО-да Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, ағайынды Абдулиндер сынды дара таланттар танылып, қазақ руханиятын дәріптеуде елеулі еңбек етті. 1965 жылдан кейін қазақ эстрадасының жаңа дәуірі басталды. Сол жылы Алматыда Гүлжихан Ғалиева эстрада-цирк өнері студиясын ұйымдастырып, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов сынды дарынды тұлғалар осы студияда ұстаздық етті.
Бертін келе қазақ эстрадасы қарқынды даму үдерісін бастан өткерді. Кәсібилікті шыңдайтын ән байқаулары тұрақты түрде өткізіліп, қазақ эстрадасы жандана бастады. Осы кезеңде Р.Рымбаева, М.Жүнісова, Б.Исабаев, Б.Шадаева сынды кәсіби өнерпаздар халық ықыласына бөленді. Қазақ эстрадасына олардан кейін де талай таланттар шоғыры келіп қосылды. XXI ғасырдан бастап қазақ әуендерінің заманауилық сипаты күшейіп, әлемдік музыка әсері байқалды. Сан түрлі музыка жанрында қазақ әндері бой көрсетіп, өзіндік деңгейге көтерілді. Қысқаша айтсақ, қазақ әндерінің эволюциясы жаңа кезеңге аяқ басты. Эстрадалық музыка халық әндеріне деген сұранысты азайтқаны рас. Өз кезегінде тыңдарман талғамын бұрып алды десе де қателесе қоймаспыз.
Халық әндері, халық композиторларының туындыларынан кәсіби өрескелдікті кездестіру қиын. Олар сонысымен де халық жадында ұзақ сақталды, әлі де ел аузынан түскен жоқ. Ал жаңа заман әуендерінің көбі неге кәсібилікті екінші орынға қояды? Шыны керек, сөз бен ырғақ қабыспайтын әндер көбейді. Республикалық БАҚ беттерінде бұл тақырып талай қозғалды. Тіпті ақын мен композитордың атын атап, орындаушыны түстеп сын садағы атылды. Бірақ, не өзгерді? Бұл ретте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен министрлік өкілдеріне артылар жүк жеңіл емес. Соңғы кезде әлеуметтік желідегі белсенді жұрт ұлттық менталитетке кері әсер етуші сахна майталмандарын жиі сынға алады. Ал сынды қабылдап, одан нәтиже шығарған сыналушы байқалмай жүр. Мәселен музыкалық арналардан көрсетілетін әндердің бейнебаяны жақсы болса, сөзі келіңкіремейді. Ал кейде әуендер бір-біріне ұқсап кетіп жатады. Мұның астарында қазақ өнерінің болашағын ойлаудан гөрі, басқа бір дүние жасырынып тұрғандай.
Қазақ телевизиясында көптен күтілген, ән мен әншінің кәсібилігін жалпақ жұртқа ажыратып беретін көркемдік кеңес форматындағы бағдарлама «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасынан наурыз айынан бастап көрсетілуде. «BEY» деп аталатын жоба әр шығарылым сайын, қазақ эстрадасының қазіргі жай күйін талқыға салады. Бағдарламаның басы-қасында жүргендер кейбір атағы дардай әншілердің өзі бағдарламаға қатыс десе ат тонын ала қашады дейді. Тіптен, сыналмақ тұрмақ, сыншы боп кел десең, уақытым жоқ деп қашқақтайды екен. Сонда той-томалақ пен ән-кештеріне барып ақша тапқанда алдына жан салмайтындар, қазақ өнерінің өрісін кеңейтуге келгенде неге тарылып қалды екен дейсің?!
ӘН МӘТІНДЕРІНДЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАР
Әннің ең әуелі ырғағы есте қалатыны рас. Көп әншілер соны бірінші орынға қойып, сөздің салмағына баса ден қоймай жатады. Ән мәтіндерінің сауаттылығын сөз еткен тұста, әннен сөзді бөліп алып көзі қарақты оқырманға ұсынбақпыз. Көп сынға ілігетін «шала қазақ» тілінде жазылған, яғни қазақ тілі мен орыс тілінен құралған ән мәтіндері. Мұны кей орындаушылар тыңдарман аудиториясын кеңейту үшін пайдаға асырады екен. Қазақ пен орыс тілінде жанкүйерім болса дейтін пысықайлар осылайша қазақ тілінің шұбарлануын жалғастыра бермек, әзірге. Оларды шетке ысырып қазақ тілінде, қазақ балалары орындайтын әндерге бет бұрсақ.
Халықтың сүйіктісіне айналып үлгірген Қайрат Нұртас жуырда «Кешірейін» атты әнін желіге жүктеді. Әннің сөзі бастала бере қазақ тілінің бір қабырғасы қисайып кеткендей әсер қалдырды. «Айдындағы аққуымдай, Еркемім көркемім сен. Қағып қанатын, Бірге қонатын сезімнің көліне» деп келетін мәтінді Тағайбек Тұрысбек есімді азамат жазған екен. Алғашында орындаушыдан кеткен қателік болар, «еркемім» емес «ерке едің» деп жазса керек деп ақынды ақтап алғымыз келген. Олай болғанның өзінде бұл теңеу «аққудай ерке едің» деп өзгереді екен. Адалдықтың, махаббаттың символын еркелетуге қимадық. Инстаграм парақшасында өзіне ақын, сазгер, журналист деген мамандықты қосақтап қойған әріптесіміздің БАҚ беттерінен бірде-бір мақаласын іздеп таппадық. Есесіне ән мәтіндеріне жазған сөздері менмұндалап алдымыздан шыға келді. Қайрат Нұртас орындауындағы әнге қолданған «Еркемім» теңеуін басқа туындыларынан да кездестіріп қаламыз ба деп мұқият зерделедік. Сөйтіп отырып «6 жарым базар жоқ» деген әнге кезіктік. Руслан Сәтенов, Рақымжан Жақайым есімді әншілер орындайтын бұл ән қазақ тойында біраз шырқалды. «6 жарым, 7 жарым, 8 жарым, 9 жарым мазам жоқ, күн күтемін, түн күтемін, сен келмедің базар жоқ» дейтін әннен көркемдік те, талдауға тұрарлық мән-мағына таппадық. Ақынның шумағы: «Алты жарым болып кетті сағатым, Күте-күте таусылды ғой тағатым, Сағынумен, сарғаюмен отырмын, Санай-санай әр уақыттың арасын» деп әрмен қарай қайталана береді. Тым құрығанда шумақтың төрт тармағын ұйқастырып, бірін-біріне қабыстырмағасын одан қандай ән шығады?
«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей қазақ эстрадасы нағыз масқараның сәл-ақ алдында тұрғандай. Бірнеше күн бұрын Қазақстандағы ең танымал girls band КешЮ-дің экс солисі Ақбота Нұр есімімен танымал Ақбота Сейтмағамбет "Жүрек сыры" атты әнді жарыққа шығарды.
Құлақ салып тыңдап көріп едік, қырғыз ырының иірімдері тұнып тұр. Көшірме екені бірден байқалды. Сорақысы сөзін де айна-қатесіз көшіріп алам деп, ән мағынасын өшіріп алыпты. Ақботамыз қиылып тұрып, нәзік даусымен:
«Шылулық дүние сендегі,
Жүректің қылын тербеді.
Сүюді қайдан сезбедің,
Сүймесем егер, сүймесем егер,
Сүймесем егер мен сені», – деп әндетеді. Біріншіден бұл әнге мазмұндық тұрғыдан зер салсақ ер азаматтың бойжеткенге арнауы іспетті. Екіншіден әу деген шумақтың өзінде стилдік тұрмақ, орфографикалық қателік тұнып тұр. Және әнші де оны сол қалпында орындайды. «Шылулық» деген сөз әлемдегі ең бай тіл болса да қазақ тілінің сөздік қорында жоқ. Керек десеңіз қырғызда да мұндай сөз болмаған. «Сүюді қалай сезбедің, сүймесем егер мен сені» дегені логикаға сыймайтын кемшілік, тұнып тұрған қате. Әні мен сөзі Ишенбек Мұхтар дегесін интернетті түртіп жіберіп әннің қырғыз тіліндегі нұсқасын тыңдадық, Сөйтсек... Ақботаға бұл әнді кімнің таңдап бергені, аударып бергені белгісіз, оның қазаққа да, жас өнерпазға да жаны ашымайтыны байқалып тұр. Мына әнге көркем аударма тұрмақ, сауатты аударма жасалмаған. Қырғызша нұсқасы тәп-тәуір. Лирика бар, сезім бар, орындаушыға да жарасып кеткен. Ақботаның "Шылулық" деп созғылап тұрғаны жылулық екен. Тікелей аударма жасасақ:
«Жылулық дүние сендегі,
Жүректің қылын тербеді,
Сүюді қайдан сезбекпін (сезер ем),
Сүймесем егер мен сені!», – деп келеді. Қайбір жылы МС Сайлаубек атты орындаушы желіні шулатқан-ды. Ащы суға масайған ол түсініксіз сөздердің басын құрап, ойына келген әуенмен ән құрайтын. Ақботаның мына айтқаны да соған ұқсас. Не қырғызша емес, не қазақша емес.
Соңғы 10-15 күн ішінде жарық көрген әндер тізімінде Музарттың экс мүшесі Мақсат Базарбаевтың «Қызғанамын» атты әнін байқап қалдық. Талғамы жоғары, тіл қадірін жете ұғынатын Базарбаев таңдаған ән мәтіні мінсіз болар деп күттік.
«Сезімнің бүрін жармай,
Кездесіп гүлімді алмай,
Жүруші ең тілімді алмай,
Көңілім бүгін қандай?
Айтар көп сырым бардай», – деп әдемі алып келіп алғашқы шумақты «Іздеймін тыным талмай» деген ұйқаспен аяқтайды. Өкінішті. «Көзіңнің қайнарында, ғаламның қаймағында» сынды ұйқас қуып ұрынған стилдік қателікті көзіміз шалды. Сөзін Ақжол Уатхан есімді ақын жазған екен.
Жігер Ауыпбаев орындап жүрген «Өзінше қыз» атты ән мәтінінде «Өзінше қыз, өзің арық болсаң да, сөзің семіз» деген сөз бар. Қазақ қызға арық емес, талдырмаш деп теңеу айтатын емес пе еді?! Сосын Ютуб желісінде Айқын Төлепбергеннің «Тоқта» әні 3 миллионнан астам қаралым жинап, 5 жүзге жуық пікір жазылған. Сол ән мәтінінде:
«Көздерің әдемі көрікті ең қандай,
Жанары жалғандай жүректе қалғандай.
Қалдым-ау шырмалып жәй жәй,
Ну менде хайп Көргенде қағатын таңдай,
Барамын асық боп өзіңе ғашық боп,
Қалдым-ау мен сүйіп махаббат әлемі сондай», – деген шырмалған шумақ бар. Жаңағы 500 пікірдің арасынан «көздерің әдемі емес, көзің әдемі болады» деп сөзге зейін қойған адамды кездестірмедік. Бұл ән мәтінін Айқынның өзі және ақын Құрманай Бақтиярқызы жазыпты. Мұндай олқылықты айтыскер ақын Ринат Зайытов та Ернар Айдарға жазған «Жүз әнім» әнінде қайталаған. Ән әу дегеннен «көздеріңнің мөлдірлігі» деп басталады. Айқынның да, Ернардың да кәсіби шеберлігі мен өнердегі еңбекқорлығына тағар сынымыз жоқ. Ринат Заиытов та, Құрманай Бақтиярқызы да дарынды жандар. Бірақ ән мәтіндеріне бей-жай қарамаса екен дейміз. Айқын Төлепбергеннің «Жүрегім ақ» атты әні де аз уақыт ішінде танымалдыққа ие болды. Сөзін Назерке Семей мен Қайрат Нұртас жазған. Алғашқы шумақтағы «Күндерім өтіп барады алысқа» дегені тым түсініксіз. Қайырмасына келсек: «Жүрегім ақ, ақ, ақ, Есігін қақ, қақ, қақ, Кір де ішіне жап, жап, жап, love you janym» деген жолдар бір ерекше тапқырлық емес, қазақ руханиятына жасалған сатқындық деп бағалады көпшілік. Сосын бұл әнде Жеті және De Lacure лақап атындағы екі азамат рэп оқиды. Жұртшылық пен ақындардың ызасына тиген де осы. Мәтінде «Миымның дәмінен ауыз ти», «Біразға дайынмын сен үшін, сенші, Жараңа болайын емші. Бөлмеде өте қараңғы, өртенші» деген жолдар бар. Осыншалықты ән жазардай, қазақ тілі соншалықты жұпыны ма еді дейсің кейде?! Ернар Айдардың бір әнінде «Ғашықпын-ау күлкіңе де әр күлген» дейтін тармақ бар. Мәтін авторы Саят Әбенов «Жақсы көрем дәл осындай қалпыңмен» деген тармақты жалғап, ұйқас қуғаны көрініп тұр.
Осы күнгі эстрадалық ән мәтіндерінің басым көпшілігі жансыз. Біз жоғарыдағы кемшіліктерді іздеп отырып, теріп-теріп айтпадық. Алдымызға кезіккенін сөз еттік. Қазақ сахнасына бертінде келіп қосылған к-поп, рок, джаз сынды түрлі жанрларда өнер көрсететін орындаушылардың ән мәтіндері жайлы жақ ашпадық. Елі сүйген, елін сүйген талай өнерпаз әндерінің мәтініне бей-жай қараса, басқасы жайлы айтып, оны сынағанда не ұтамыз?! Ұлттық арнадағы «BEY» хабарының екінші шығарылымында ақын Бақдәулет Арыстан: «Қазір әншілердің көбі әнге мәтін емес, хит сұрайды. Біз тапсырысқа қарай жазып береміз», – деген еді. Әншінің, ақынның, тыңдарманның қазақ өнеріне жаны ашымаса да, қиянат етпесе екен дейміз.
P.S: Соңғы кезде әнші болғысы келетіндердің саны артты. Сан көбейгенде сапа төмендейтінін былайғы жұрт біледі. Бір анығы, қазақ өнеріне сүзгі болар реформаның кезеңі келген іспетті. Жұрт алғашқы қадамды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен күтеді. Қазақ әндеріндегі идеологияны, көркемдік пен кәсібилікті бақылап, республикалық деңгейде жұмыс істейтін көркемдік кеңес алқасын құру уақыт қажет етіп отырған құбылыс. Осы кеңес талқысына түсіп, сыннан өткен әндер ғана жарыққа шығарылса, қазақ өнеріне көлденең келіп қосылған көк аттылар қатары күрт кемір еді. Сосын, фонограммада ән айтуға қатаң тыйым керек. Халық алдында бетпердесін шешуден қорыққан талай әншісымақ сахнаны амалсыз талақ етпей ме сонда?! Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз кезегінде рейтинг пен коммерциялық табысты көздеген телеарналарға тоқтау салса, өнердің өрісі тарылып қалмайды. Керісінше деңгейі көтеріліп, бәсекелестік арта түсер. Сонда ғана қазақ өнері тазалығын, мөлдірлігін, ерекшелігі мен сезімталдығын сақтап қалады. Әйтпесе...
Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН