681
ТУБЕРКУЛЕЗ ӘР МИНУТ САЙЫН 3 АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚИЯДЫ
ТУБЕРКУЛЕЗ ӘР МИНУТ САЙЫН 3 АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚИЯДЫ
Туберкулез – бүгінгі қоғам үшін таңсық дерт емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек те бар. Десе де жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Сондықтан бүкіл әлемде 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні деп белгіленген. Жалпы, бұл ауру туралы не білген жөн, одан төнетін қауіп қандай? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының Стратегиялық даму, эпидемиология, мониторинг және бағалау бөлiмiнің басшысы Панагүл Жазықбековадан сұрап көрген едік.
– Бүгінгі күні туберкулез дерті бойынша еліміздегі жəне əлемдегі статистика қандай?
– Туберкулез әлі күнге дейін әлем үшін, соның ішінде, Қазақстан үшін де маңызын жойған жоқ. Себебі ол дүние жүзінде болатын өлім-жітімге әкеп соқтыратын 10 түрлі дерттің қатарына жатады. ДДСҰ мәліметінше, 2017 жылы әлемнің 10 миллионнан астам тұрғыны туберкулезге шалдыққан. Оның 1,7 миллионға жуығы көз жұмған. Яғни, әр минут сайын туберкулез 3 адамның өмірін қияды. Статистикаға сүйенсек, аурудың 45 пайызы – Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, 25 пайызы – Африкада, 17 пайызы – Тынық мұхитының батыс бөлігінде тіркелген. Жалпы, жұқпалы дерттің 2/3 бөлігі Үндістан, Индонезия, Қытай, Нигерия, Пәкістан, Филиппин және Оңтүстік Африка сынды 7 мемлекеттің еншісінде.
Мамандар дерегіне сүйенсек, біздің елімізде соңғы он жылда туберкулезге шалдығу көрсеткіші 2,2 есе, одан болатын өлім-жітім – 5,4 есе қысқарды. Мәселен, дертке шалдыққандар саны 2009 жылы 100 мыңға шаққанда 105,3-тен келсе, 2018 жылы 100 мыңға шаққанда 48,2-ден тура келіпті. Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 35 мың 181 пациент диспансерлік есепте тұрған болатын (оның 14 мың 874-і туберкулездің белсенді түрімен ауыратындар). Соның ішінде 8 мың 942 адам пациенттер қатарына жаңадан қосылғандар.
– Туберкулез жаңадан пайда болған ауру емес. Бірақ одан бейхабар адамдар да баршылық. Жалпы, ол қалай тарайды, қалай жұғады? Аурудың алғашқы белгілері қандай?
– Туберкулез жұқпалы ауру және ол адамның кез келген ағзасын зақымдауы мүмкін. Алайда уақытылы емделсе одан толық айығуға болады. Ауру қоздырғыштары ауа арқылы таралады. Сондықтан 85-90 пайыз жағдайда туберкулез өкпені зақымдайды. Сол себепті жөтел екі аптадан ұзақ уақытқа созылса дәрігерге қаралу керек. Ауызды жаппай жөтелу, көрінген жерге қақырып-түкіру де аурудың таралуына септігін тигізеді. Осы қарапайым шарттарды сақтасақ, қоршаған ортадағы микробактериялар азайып, аурудың таралу қаупі де төмендейді.
Алайда ауру қоздырғышы жұққан бетте бірден туберкулез дамымайды. Оның белгілері де бірден пайда болмайды. Әдетте, ауру бірте-бірте дамып, көбіне өкпе тінін зақымдайды. Сондықтан туберкулезге шалдыққан адамдарда ұзақ уақыт бойы жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, арықтау, тәбеттің төмендеуі сынды белгілер пайда болады.
– Ауру жұқтыру қаупі қандай?
– Иммунитеті әлсіз адамдар үшін ауру жұқтыру қаупі жоғары. Ал иммунитеттің әлсіреуіне шаршап-шалдығу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қорғаныс жүйесі жұмысының бұзылуына әкеп соқтыратын басқа да аурулар себеп. Әсіресе, адамның иммун тапшылығы вирусы (ВИЧ) жұққандарға төнетін қауіп жоғары. ДДСҰ мәліметінше, туберкулез АИТВ жұққандар арасындағы өлім-жітімнің бірден-бір себепкері. Мысалы, 2016 жылы АИТВ жұқтырған науқастардың 40 пайызының өлімі осы құрт ауруынан болған. Әдетте, иммунитеті әлсіз болып келетін балалар мен қарттар, жүкті және жас босанған әйелдер де ауру жұқтыру қаупі жоғары санаттарға жатады.
– Ауру қалай жəне қайда емделеді?
– Аурудың «ашық» түріне шалдыққандар туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде ем алады. Қазіргі таңда Қазақстанда 27 облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері және Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы бар, қалаларда және аудандарда туберкулезге қарсы диспансерлер мен ауруханалар бар. Бактерия бөлу тоқтағаннан кейін науқас емін амбулаторлық жағдайда, үйіне жақын маңдағы емдеу мекемелерінде немесе туберкулезге қарсы диспансерде жалғастыра алады.
Ем ұзақтығы туберкулездің түріне байланысты. Мысалы, аурудың дәріге сезімтал түрі 6-11 ай бойы емделсе, көптеген дәрілерге төзімді түрін 20-24, кейде тіпті, 33 айға дейін емдеу қажет. Қазіргі таңда еліміздегі науқастар туберкулезге қарсы қолданылатын жаңа дәрілермен және мерзімі қысқартылған ем кестелерімен ем алуға мүмкіндіктері бар. Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 48 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
– Жалпы, туберкулезді емделетін ауру түріне жатқызуға болады ғой...
– Дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса, туберкулезді толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауларын орындаудың маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2000 және 2016 жылдар аралығында туберкулезді ерте анықтау мен емдеу нәтижесінде әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған.
Ауру уақытылы анықталып, дұрыс ем тағайындалса, туберкулезден толық сауығып кетуге болады. Дәрігерге қаралмаса және берілген емді толық қабылдамаған жағдайда ауру созылмалы, ем қонбайтын түріне ауысып кетеді. Туберкулез қоздырғышы қайта жұғып немесе қандай да бір себептерге байланысты иммунитет әлсіресе, ауру қайталануы мүмкін.
Қазіргі таңда аурудың сезімтал түріне шалдыққандары арасында 86,9 пайызы толық сауықса, дәріге төзімді түріне шалдыққандардың 77 пайызы толық емделеді.
– Дерттің алдын алу жолдарын айтып өтсеңіз...
– Жаңа туған нәрестелерге перзентхана қабырғасынан шықпай жатып туберкулезге қарсы арнайы вакцина (БЦЖ) егіледі. БЦЖ вакцинасы құрамындағы арнайы әлсіретілген және ауру қоздырмайтын бактериялар ағзаға түскеннен кейін, баланың бойында туберкулезге қарсы иммунитет қалыптасады. Алайда баланың жалпы иммунитеті төмен болса және туберкулезге шалдыққан адаммен жақын байланыста болса ауырып қалуы әбден мүмкін. Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы баланы 6-7 жыл бойы құрт ауруынан қорғайды. Бала 1-сыныпқа барғанда, алдын ала манту сынамасы жасалып, оның ағзасына туберкулез микробактериялары жұқпаған болса, қайтадан БЦЖ вакцинасы жасалады. Манту сынамасы – вакцина емес, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс.
Профилактиканың негізі – емханаға барып уақтылы тексеруден өтіп отыру. Оның бәрі емханаларда мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін жүргізіледі. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанудың да, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданудың да маңызы зор.
– Маңызды мағлұматтарыңыз үшін рахмет!
Дайындаған Әсел ӘНУАРБЕК