11 Сәуір, 17:30 251 0 Білгенге маржан "Түркістан" газетінің авторлары

БІР ЕРЛІКТІҢ АҚИҚАТЫ АҚИҚАТЫ (жалғасы)

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ

(Соңы. Басы газетіміздің өткен санында)

Осындай тірлікпен 1920 жылдың күз айлары да таусылды. Қыс түсті. Қасымханның шекарадан ары-бері өтіп сабылумен күні өтті. Келген сайын аса құпия жағдайда ЧК-ның өкілі Асан мен Смағұлға Қытай жерінде көрген-білгендерін, ойға түйгендерін жіпке тізеді. Әрқилы қиындықтарды қоса атайды. Сондай шақта ЧК-ның өкілі осы соңғы айлардағы қызмет барысында Сүйдіннен ары, сонау Құлжа қаласында өзіне таныс бір орыстың тұрып жатқанын анықтаған еді. Ол жай орыс емес, патша заманында, осы Жаркент өңірінде үлкен қызмет атқарған, әрі бұрынғы режимге, қоғамдық құрылысқа жан-тәнімен қызмет еткен үлкен шенеунік. Фамилиясы Миловский. Қызылдар өкіметінің басым шығуына кесе-көлденең тұрып, сөйтіп көзге түскендердің біреуі. Сосын да қызыл өкіметтің қармағына ілінуден бас сауғалап, шекара асқан. Міне, Қасымханға Құлжадағы сол Миловскийді тап деп кеңес береді, тіпті оның тұрағын да мөлшерлеп ұқтырады.

Сол орыс шенеунігі Қасымхан Чанышевтың не мақсатпен жүргенін естігенде екі көздері оттай жанады. «Қызыл өкіметке қарсы көкіректегі қыжылға бұл да бір сеп» дегендей Сүйдінге Қасымханмен бірге келіп, Иона-әкеймен беттестіреді. Бұл қашқын орыс тіл мен жағына біраз күш түсіріп, Иона-әкейді көп сөздің астына алады: «Мына Қасымхан Чанышев Жаркентте аудандық милиция бастығы, міне, сондай кеңестік үлкен лауазым иесі сіздерге, атаман Дутовқа қызмет етсе үлкен олжа ғой, дұрыстап пайдалансаңдар бір өзі он, тіпті жүз тыңшының қолынан келместі тындырады ғой», – деп төпелетті. Иона-әкей бұл орыстың сөзіне де, Қасымханның өзіне де құлай сенгендей түр көрсетті, бірақ бәрібір Қасымханды атаманмен жолықтыруды ұзын арқан, кең түсауға салып, кейінге қалдыра берді.

***

Жоқ, екінші Николай патша құлап, ескі құрылыстың аяғы көктен келгесін Қытай жеріне шекара асқан Дутов Александр Ильич жай сағым қуған қысыр қиялдың құлы емес-тұғын. Әйгілі казак-орыс әскерлерінің атаманы, генерал-лейтенант, аса білімдар, асқан талант иесі бұл не қарекетте де мәселенің артын таразылай білетін ысқаяқтығымен де белгілі. Егер мұның патша заманындағы, одан кейінгі қам-қаракеттерін тізсек ұзаққа кетесің. Қысқартып, жинақтап жеткізсең былай: Әскери училищені және Ресей армиясы Бас штабының академиясын бітірген. Бірінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. 1917 жылы ақпан төңкерісінен соң казак-орыс әскерлерінің Бүкілресейлік одағының бірінші басшысы. Сол жылы маусым айында Керенскийдің тапсыруымен Бүкілресейлік казактар съезін басқарды. Күзге салым Орынбор казак-орыс әскерлерінің атаманы, әрі әскери үкіметтің төрағасы атанды. Дереу бес-алты айдың ішінде бәлшебектерге қарсы бірнеше дүркін көтеріліс ұйымдастырды. Чехосоловак корпусымен ауыз жаласып, адам қанын судай ағызды. 1918 жылы А.В. Колчактың қарамағына келіп, мұнда жеке казак-орыс әскерін басқарды. Колчак армиясы күйреген соң Дутовтың аздаған қарулы тобы Жетісуға ентелеп, осындағы атаман Щербаковпен қосылды. Енді екі атаман атышулы атаман Анненковтің қолтығын паналады. Бірақ Анненковтің да күні санаулы еді. Мұндағы Қапал, Лепсі уездері қызылдар қолына өткесін Дутов пен Щербаков мардымсыз күшпен Қытайға қарай шекара асудан басқаға амал таппады. Бұлар үшін ең ауыр күндер енді басталды. Қытай жерінде Бөрілідала өзенінің бойында кешегі қара қалмақтар қалдықтарына тап болды. Аш-жалаңаш орыс әскерлерінің өкпе тұстан шыға келуіне бұл қара қалмақтар тосырқай қарады. «Қонақжайлылық» атаулының ауылы алыс еді. Орыстар өздеріндегі ер-әбзел, темір пышақ, белдік сияқты бұйымдарды ұсынып, бірнеше күн талғажау етерлік нан, жарма, сүт алды. Соңынан Қытай армиясының отряды келіп, жағдайды ұққасын олар ең алдымен Дутов әскерінің өздеріндегі бар қару-жарақты түгел өткізуін талап етті. Жат жерде мұндай бұйрықты орындамасқа лаж жоқ! Өздерінде небәрі айдауыл-күзетшілер үшін қажетті он бес винтовка ғана қалдырды. Қытайлықтар Дутов пен Щербаковты сондағы Чимпандзи деревнясына орналастырып, ал жай әскери казак-орыстарға Бөрілідала өзенінің бойынан қуыс-қуыс бірдемелерді тауып берді.

Міне, осы халде, 1918-19 жылдар тоғысындағы қыс айларында Дутов екінің бірі көтере алмас құлазыған ауыр көңіл-күй зардабын шекті. Бірақ бұл атаманның періштесі бар еді. Ол періштесі жоғарыда аталған осы атаман Дутов әскерінің рухани жетекшісі, діни басшы, иеромонах Иона-әкей еді. Бұл тақуа неме Дутовтың тар бөлмесінде атаманмен тізе түйістіре отырып, оны өзіндегі әулиелікке ұқсас қасиеттер барына сендіруге жанталасты. «Александр Ильич, ішім сезеді, сізді бұрынғыдан да зор мәртебе күтіп тұр, Ресей империясының алтын тағы сізге бұйырады, аздаған шыдамдылық, өзіңізге тілеулес жандармен жең ұшынан жалғасу, әсіресе, сарыуайым аталатын дертті маңайлатпау, міне, әзірше сізге қажетті ең үлкен ырзық осылар», – деп бастайды да өткен күндердің әпселеңдерін інжілдегі хикаяттармен байланыстыра сағыздай созады. Төрт аяғы тең жорға Иона-әкей өзінің табиғи қабілетін сарқа жұмсады. Бұл діни басшы тек атаман Дутовпен ғана емес, онда-мұнда тентіреп, әрқилы тәсілмен өздеріне қорек тапқан қарапайым әскери казак-орыстар арасында да осылай тілдің майын тамызып, оларға да жігер беретін.

Сол 1919 жылдың сәуірінде полковник Завершинский басқарған бірінші Орынбор полкі де Қытай жеріне қарай шекара асып, осы Чимпандзи деревнясына келіп құлады. Бұлардың да күйі аса кісі қызығарлықтай емес еді. Соның өзінде де атаман Дутов бұлардан үлкен таяныш тапқандай дүр сілкіне көтерілді. Завершинский полкі Мазар деревнясына орналастырылды. Ал мамыр айының соңына қарай атаман Дутов шоғыры Құлжадан сәл берідегі, көбіне ұйғырлар мекендеген Сүйдін қалашығына көшірілді. Тек ашып айтар бір жай – Сүйдін қалашығының дәл өзіне емес, одан бес шақырымдай қашықтықта, атақты Бурақара жотасының бір сілемі Сарыбұлақ тауынан бастау алатын Сарыбұлақ өзенінің арғы оң жағалауындағы Күрә атты көне заманғы қала-бекініс орнына келтірілді. Бұл Күрә қыстау мен жайлау ортасында ары-бері сабылғанда жұрттың тоғысатын жері. Кішкентай отырықшы ауыл да бар. Уақыт тезіне төтеп берген ескі бекіністердің, тас қамалдардың біраз қалдықтары да бар. Міне, сол қалдықтардың бірін атаман Дутовтың штаб-пәтеріне айналдырды. Ал Сарыбұлақ өзені осы Күрәні жанап өтіп, Іле дариясына құяды. Осы Күрәда полковник Сидоров дейтіннің Жетісу өлкесінде көп жылдар ойран салған әскерінің де тамтығы бар. Басқа да бәлшебектер өкіметінен қашқан-пысқандардың топ-тобы табылып жатты.

Ал иеромонах Иона-әкейдің белсенділігі күннен-күнге өршіді. Ол Құлжа қаласына жиі-жиі қатынап, өзіне кездескендердің алдында тіл мен жағын безеп, тотыдай сайрап баршасын ұйыта білді. Сөйтіп, сонда ескі Ресей консулдығының үйіне кіріп алып, оны өзіне тұрақ етті. Мұндағы ең басты олжасы сол, бұл тақыс неме сол жылдарда Қытайдың шығыс бөлігінде орналасқан, Орынбор казак әскерінің бұрынғы әскери үкіметінің мүшесі полковник Анисимов дейтінмен тіл таба білді. Онымен тығыз байланыс орнатты. Анисимовтың қолында біраз қаржы бар еді, сол арқылы Дутов тобына едәуір көмек көрсетті. Дутов қарақшыларының біраз еңсесі көтерілді.

Бұл атаманды басқа да бір үлкен олжа күтіп тұр екен. Осы Қытай жеріне табан аударған Завершинский полкы, полковник Сидоров әскерінің қалған-құтқаны, басқа да жекелеп, топталып бас сауғалағандар, тіпті, сонау Қытайдың алыс шығысындағы полковник Анисимовтың қарамағындағы, мұрты ойылмаған үлкен қарулы күш – бәрі-бәрі бірауыздан атаман Дутовты өздеріне көсем санады. Ресей империясының алтын тағына бірден-бір ықтимал мұрагер осы деп таныды. Оған дәлелдері де көп. Мұның бәрі Қытай мемлекеті басшылығының да құлағына жетіп тұрды. Сөйтіп, кеше ғана осында аш-жалаңаш аяқ басқан Дутов бір-ақ күнде дүрілдеп, үлкен бедел-абыройдың астында қалды. Бұл енді өзінің ең басты арқасүйері иеромонах Иона-әкейдің әулиелігіне, сәуегейлігіне еш күмәнсіз қарайтын шаққа жетті.

Иона-әкейдің қам-қаракеті мұнымен де шектелмеді. Дутовтың абыройын асқақтатып, қолын ұзарта түсу үшін басқа да пайда көздерін іздестірді. Онысы да нәтижесіз емес. Осында Дутовқа тікелей тәуелді «Шанхай» атты орыс коммерциялық қоғамын құрды. Сол арқылы Қытай жерінде қашып-пысқан кешегі Ресей еліндегі шонжарлардың, ірі завод-фабрика иелерінің, басқа да эмигранттардың басын біріктірді. Кешегі ауқатты, бүгінде қалтасы тесік олар аштан өлмеу үшін не жұмысқа да әзір. Осы жағын Дутов пен Иона-әкей шебер пайдаланды.

Дутов ең алдымен өз айналасындағы шоғыр арасында қатаң тәртіп орнатуға күш салды. Атаманның өзімен бірге шекара асқан барон полковник Попенгут дейтін «шаш ал десе, бас алатын» біреу бар еді. Талай қырғынға белшесінен батқан, көз алдында қос аяқты пенделер топ-тобымен туралып жатса да селт етпес, бұл әскери шен иесі мына атаман Дутовтың Иона-әкейден кейінгі үлкен арқасүйері. Міне, Дутов отряд штабын құрып, оның басшылығына осы қаныпезер Попенгутты қонжитты. Бұл, әрине, тәртіп жағын едәуір нығайтуға ықпал етті.

Дутов пен Иона-әкейді мұндай іске жігерлендірген осындай «құлатөбел» жетістіктер ғана емес, басқасы да бар. Сол басқаның ең бастысы, бұлардағы большевиктер жеңісінің өмірі қыршынның жасындай қысқа деген сенім еді. Міне, осы сенім Қытайдағы орыс эмигранттардың қолтығына дым бүрікті. Оған да сол кездің тілімен бейнелесек «объективті», «субъективті» себептер табылып жатты. Сол себептердің біріншісі Дутов айналасындағы әскери эмигранттардың күннен-күнге көптеп бас құрауы еді. Түптің түбінде солардан кеңестер еліне қарсы лап қоятын үлкен қарулы күш құруға мүмкіндік бар деген дәме. Екінші себеп – Дутов шоғырына үнсіз бас изеп, қолдаған Қытай үкіметінің саясаты. Үшінші себеп – Ресей жақтан ауық-ауық жететін әрқилы ақпараттар легі.

Дутов пен Иона-әкей тек Қытайдың ішкі дүниесіне ғана үңгіп тыныш жатқан жоқ, өздеріндегі әскерилердің ең бір ұрымтал қимылдарға бейімділерін оқтын-оқтын Жетісу жеріне шапқыншылыққа да жұмсады. Шекараға таяу ауыл-аймақтарға қырғидай тиіп, мал айдап, дүние-мүлік қана әкетпей, олар әрі Кеңес өкіметі бастан кешкен қиындықтар, жіберген қателіктер жөнінде де сыбыс пен дыбысты молынан әкелетін. Бұл ретте, әсіресе, кешегі полковник Сидоров, атаман Анненков сияқтылардың қоластында қызмет еткен, Жетісу өлкесінің қыр-сырына едәуір қанық қарақшылар ерекше көзге түсті. Ресейдің ішкі губернияларынан да жылыстаған бірлі-жарым эмигранттар да қара көрсетуін доғармады. Міне, солар арқаланған ақпарларды Дутов пен Иона-әкей мұқият екшеп, тиісті қорытындылар жасайтын. Бұған қоса, Ресейдің басты бөлігіндегі Антанта елдерінің әзірге басылуға жоқ соғыс қимылдары да бұлардың көкірегіндегі отты үрледі. Ия, сосын да олар большевиктер өкіметінің күні санаулы деген үмітті мықтап малданды.

***

Қытай жеріне бекінген әйгілі атаман Дутов айналасындағы тірлік 1920 жылдың күз айларына дейін осындай тәртіппен жалғасқан. Жаркент қаласындағы ЧК-ның өкілі Асан, оның қарамағындағы жауапты қызметкер Давыдов екеуі ауыр ойлардың қыспағынан құтылар емес. Енді қалай, сонау Мәскеудің, ВЧК-ның орталық органынан құйылған күннен-күнге қатаң, әрі құпия мазмұнды телеграммалар бұларды тықыршытпай қайтсін. Бұлар өз кезегінде Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышев пен оның ресми емес көмекшісі Смағұл Диханбай қажы баласын  мойыннан қысады. Ақыры, аздап сең бұзылғандай күн туды. Әлгі Мұқа болыс тауып берген үш жігіттің біреуі Махмұд Қожамияров Жаркенттегі Қасымхан Чанышев пен атаман Дутовтың арасында хат тасушы қызметіне жоғарылатылды. Жоғарысы сол – Махмұд Қасымхан жіберген хатты Дутовтың штаб-пәтеріне кіріп, оған өз қолымен табыстайтын еді. Алайда, оған кірерде Махмұдтың қойны-қонышы үш мәрте тінтуден өтеді. Тіпті әбден сенімге кірді дегенмен де солай. Ал Тоқтам мен ұйғыр жігіті Нұқайдың да «мәртебесі» өсті. Олар әлгі Меделханның көмегімен атаман Дутовтың тағам, аяқ-табақ тасушы қызметіне тағайындалды. Бұлар да күн сайын жалақтаған аш қасқырлардай күзетшілердің тінтуінен әлденеше мәрте өтетін еді. Ия, атаман Дутовқа қарумен кіру мәңгі-бақи мүмкін емес іске айналды.

Енді 1921 жылдың қаңтар айы туды. Сонда ғана әлгі Миловский мен Меделханның көмегімен Иона-әкейдің иі жібіп, Қасымхан Чанышев атаманның бөлмесіне кірді. Әрине, қарусыз, бұл да үш мәрте тінтуден өткен.

Атаман Дутов Қасымханды жылы шыраймен қарсы алды. Иона-әкей мен Меделхан арқылы Қасымханның өмірбаянына жақсы қанық ол мынадай әрі-сәрі күй өзін де қажытқасын, бір батыл қимылды қажетсінгендей. Жетісу жерінде Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырмағын, қолайлы жағдай туса өз әкесінің кәсібін жалғастырмағын, қоңторғай тірліктен құтылып, үлкен байлыққа иегі қышитынын баяндаған жігерлі жастың түр-түсі атаманға ұнағаны рас. Екеуара сыр тартып біраз әңгіменің басына су құйылғасын атаман «менің бір сенімді адамымды өзің басқаратын Жаркент милициясына қызметке тұрғыз, ол түбінде саған да, маған да керек», – деді. Бұл ұсынысты естігенде Қасымхан орнынан ұшып тұрып:

– Мынауыңыз табылған ақыл, Александр Ильич! Тек ол адамыңыз осы Қытайдан шекара асып келген емес, Ресейдің ішінен арып-ашып жеткен қашқын солдат түрінде болсын! Қару ұстауға жарайтынды қызметке алу мен үшін сіріңке шаққандай ғана шаруа! – деді.

Ақыры солай болды да. Жаркент милициясына жаңадан қосылған бейтаныс қызметкердің Дутовтың адамы екенін Қасымханның өзі, ЧК-ның өкілі Асан, жауапты қызметкер Давыдов, ресми емес көмекші Смағұл – төртеуі ғана білетін еді.

Осындай тірлікпен 1921 жылдың қаңтары да өтіп, ақпан айының алғашқы жұлдыздары туды. Осы аралықта хат тасушы Махмұд Қожамияров Жаркент пен атаман Дутов бекінген Күрә атты мекеннің екі ортасында талай сабылды. Бұл әлі де Қасымхан жөнелткен хатты немесе ауызша сәлемдемені Дутовқа жеткізу үшін үш мәрте тінтуден өтетін. Айнала толған саққұлақ қарулы күзет, саңылау тауып тапаншамен кірудің еш мүмкіндігі жоқ. Қалайда шешуші сәт туды. Бұдан арыға созылса іс басқаша ауан алып кетері хақ. Себебі Дутов айналасы, Иона-әкей, басқалар әрқилы жоспарларды жасаудан жалығатын емес еді.

Ақыры, Жаркенттегі ЧК-ның өкілі Асан, Давыдов, Смағұл, Қасымхан Чанышев, тағы біреулердің қатысуымен сәл жетілдірілген жоспар жасалды. Ақыры, сол жоспар жүзеге асырылды. Бұдан  әрі сағыздай созбай болған жайды қаз-қалпында қағазға түсірелік.

Шамамен ақпан айының ортасында Қасымхан оқта-текте Сүйдінге келгенде өзі түсетін танысының үйінде Махмұд Қожамияров, Тоқтам, ұйғыр жігіті Нұқай – үшеуінің құпиялап бастарын қосты. Бұл үшеуі алдағы атқарылар науқан жөнінде талай суарылған еді. Мынау соңғы пысықтамасы. Қасымхан олардың алдына едәуір мөлшерде апиын, алтын теңгеліктер қойып:

– Кәне, осыларды үшеуің бөліп алыңдар! Бұл алғашқы сыйақы! Егер шаруа тап-тұйнақтай орындалса әрқайсың бұдан үш есе көп сыйлық тағы аласыңдар! Өзге марапаттар да бар! Кеңес өкіметі бұл жолы тым жомарттық жасап отыр! Бұл үшін мына мен жауап беремін! – деді.

Сонымен тағы үш күн өткенде, сәрсенбінің сәтінде, қыстың қысқа күні таусылып, кеш қараңғылығы туғанда Қасымхан Сүйдіндегі өзі қонған үйдің иесінен ер-тұрманы сай үш сәйгүлікті жалдап, жетекке алып, Күрәға, атаман Дутов орныққан бекіністің сыртына жеткен. Бұл атаманның кешкі ас ішетін шағы еді. Міне, осы шақта ішкі, сыртқы қарауыл бір аңдаусыздық жіберді. Өздерінің көзі үйреніп қалған ұйғыр жігіті Нұқайдың әртүрлі тағам түрлері салынған үлкен жайпақ табағында, орамал астында тапанша барын байқамады.Алдымен Нұқай, соңынан шай, басқа да сусын, бұрыш, қасық, шанышқы сияқтылар салынған екінші табақты көтеріп Тоқтам кіреді.

Ал осы сәтте Махмұд Қожамияров бұлардан да бұрынырақ атаманға қарай өтіп, Қасымхан Чанышевтің жолдаған хатын, әрі ауызша сәлемдемесін жеткізіп тұруға тиіс еді. Алайда, Нұқай мен Тоқтам ішке табалдырық аттағанда хат тасушы Махмұд Қожамияров онда жоқ болып шығады. Екі табақ тасушы Махмұдтың кірген-кірмегенін неге байқамаған, ол жағы жұмбақ күйінде. Сірә, қарауыл оның асығыс-үсігіс түрінен сезіктеніп, үсті-басын көбірек тінтсе керек. Соңғы пысықталған жоспар бойынша алдын-ала кірген Махмұд Қожамияров тез қозғалып, Нұқайдың табағынан тапаншаны алып, атаманды атуы керек еді. Алайда ол жоқ. Нұқай мен Тоқтам сәл абдырасып қалғаны заңды еді. Міне, сол шақта әккі де, жырынды Дутов қауіпті аңғарып, стол суырмасындағы өз тапаншасына қол созады. Сонда Нұқай амал жоқ, өз табағындағы тапаншамен атаманды атады. Есік аузындағы күзетші бері ұмтылғанда оған да оқ жұмсап, жалпасынан түсіреді.

Міне, хат тасушы Махмұд Қожамияров сүріне-қабына осы мезетте ғана жетеді. Нұқайдың қолынан тапаншаны алып, Дутовты қақ жүректің тұсынан көздеп, өзі де бір атады. Сыртқы қарауыл алғашқы екі оқ дыбысына мән бермей үшінші атыстан соң ғана ентелей ішке енгенде Махмұд оның да жанын жаһаннамға жібереді. Бұлар үшін енді қарайлайтын дәнеме жоқ. Тез сыртқа ұмтылып, бекініс сыртында, қараңғылықта өзі бір атқа мініп, тағы үш атты тізгін, шылбырларынан мытып ұстап тұрған Қасымханды табады. Енді төрт атты түн түнегін жамылғы етіп, құйындай жүйткиді. Бірден шекараға, Жаркентке қарай тартса Иона-әкейдің қуғыншы жіберуінен сескеніп, айналма жолмен Құлжа қаласына жетіп, үш күндей сонда жасырынады.

Бұдан кейін де Сүйдін мен Күрә мекендерінде шат-шәлекей оқиғалар өрбіді. Иона-әкей атаманның өлігін өз көзімен көрген соң бұл жайды құпияда ұстап, Дутовтың алтын, күмістерін алып, Гонконгқа кету үшін уақыт ұтуға тырысты. Қасымхан Чанышевтің әкелген хабарына сосын да Жаркенттегі ЧК-ның өкілі, Давыдов, тағы басқалар сенбеді. Тіпті, Қасымханды қамауға алып, атаманның өлгенін анықтау үшін бұлар тағы да көмекші Смағұлға жүгінді. Ал Смағұл бері Қытайға қарай шекара асып,  Сүйдінге жетіп, бұл да өз кезегінде суан болысы Мұқаның көмегімен осындағы атаман Дутовтың тілмашы, әрі көмекшісі әлгі төре тұқымы Меделхан Абылайхановты табады. Анық шындықты білетін осы адам еді.

Смағұл  мұнда да құр қол келген жоқ екен, Меделханның алдына апиын, тағы біраз алтын теңгеліктерді жайып салып:

– Сен – асылдың сынығы, шұғаның қиығы! Мынау саған сыйақы! Сен шындықтың бетін аш! Атаман Дутов өлі ме, тірі ме? Құран ұстап, Алла-тағаланың атын атап, солқылдамай жауап бер! – деді.

Атаман өлімінен соң өзі де астынан су шыққандай екіұдай күйде сенделген төре тұқымы солқылдап қайтсін, дереу Мұқа мен Смағұлдың алдында зар шынын төкті:

– Жаратушы ием өзі куә, атаман кешкі астан соң ұйқы алдында мені қабылдайтын. Бірінші көрген менмін. Дереу Иеромонах Иона-әкейге хабар салдырдым. Ал сол күнгі кештен соң-ақ әлгі атаманға тағам тасушы екі даяшы жігіт – Тоқтам мен Нұқайдың орнын сипап қалдым. Бұл сұмдық сол екеуінің ісі ме деген күдік те көкірегіме қара дерттей жабысты.

Меделхан Абылайханов  атаманның өлгенін ауызша растап қана қоймай оның генералдық погоны мен бірнеше құжатын да алдарына тосты. Сөзінің соңын:

– Иеромонах Иона-әкейдің бұл хабарды құпия ұстайтыны, сірә, атаманға қарасты едәуір қазына бар, соны арқаланып шетел аспаққа дайындық үстінде шығар! – деген өз тарапынан жасалған қорытындымен тиянақтады.

Осындай деректерді тізе келіп, сол кездің тілімен айтқанда «үстем тап өкілдері» Смағұл Диханбай қажы баласы мен суан болысы Мұқаның осы большевиктер үшін өте маңызды, басқалар үшін өте қауіпті науқанды жүзеге асыруда қолқабысы тигенін мөлшерлейміз.

Сөйтіп, Смағұл Жаркентке кетті, ал Қасымхан Чанышев әлі де сонда қамауда еді. Ал Құлжада жасырынған үш ноян –  Махмұд Қожамияров, Тоқтам және ұйғыр жігіті Нұқай бастарын қатерге тігіп, осыншама ерлік жасағанмен елеусіз, күлді-көмеш тірліктің астында қалғанына іштері удай ашитын еді. Осыдан екі аптадай өткенде атаман Дутовтың өлгені, жерленгені хақында ресми хабарлама да таратылғанда Махмұд дүр сілкіне қандыкөйлек достарына ұсыныс жасады:

– Біз атаман Дутовты көрден қазып алып, басын Жаркентке, сондағы ЧК-ның бастығына апарайық та, өзімізге тиісті сыйақыны талап етейік!

Бұл сөздерді естігенде Тоқтам жаман шоршып түсті:

– Бізге сыйақы түгіл көк тиын да тимейді, қайта біздің аузымызды біржола құлыптау үшін атаман Дутовтың соңынан даяшылық жұмысқа жібереді! – деп, ащы әзілін қоса тастады. Сөйтіп, бұлардан ат тонын ала қашып, ізім-қайым жоғалды. Ал Махмұд пен ұйғыр жігіті Нұқай атаманның басын көрден қазып алып шекара асарда Нұқай сондағы қарауылдың оғы тиіп, ажал құшты.

Ал Махмұд Қожамияров  Жаркентте Мәскеу тарапынан келген естелік сыйлық – алтын сағат алды, өзге жөнінде мағлұмат жоқ. Ал Қасымхан Чанышев қамаудан босағанмен «бұл сенің қызмет бабыңдағы ісің» деген желеумен ешқандай марапат иеленбеді.

Атаман Дутовтың көзін жоюға қатысты оқиға нобайы осы, ал сол заманғы бірен-саран чекистер жазбаларында және жұртқа белгілі «Атаманның ақыры» атты кинофильмде көп шындықтар өрескел бұрмаланған.

Соңғы жаңалықтар