4 Сәуір, 10:25 521 0 Ішкі саясат Арман Құдайберген

«ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ!»

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aıqyn» газеттеріне сұхбат берді. «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» деген тақырыппен жарық көрген сұхбатта Президент бірқатар мәселені тілге тиек етті,  соның бірі – латын әліпбиіне қатысты. 

Президенттің айтуынша, әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», – деді мемлекет басшысы. Тоқаевтың пікірінше, отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп атап өтті ол. Осы орайда, президент бүгінде Қазақстан халқы замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отырғанын айтты. «Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі», – деп түйіндеді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент шетелдегі қандастарымызды «оралман» деуге қарсы екенін білдіре келе, «Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз. Елбасы әлеуметтік әділетті мемлекет құру бағытында орасан зор жұмыс атқарды. Биылғы Жастар жылының ашылуы және Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген бес әлеуметтік бастамасы мен тапсырмалары кешенді жүзеге асырылатын болады. Бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын бір ай бұрын – 1 маусымнан бастап өсіруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал «Aıqyn» газетінің бас редакторы  Нұртөре Жүсіптің «Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінез-қалыбын барынша өткір сынға алып еді. ХХІ ғасырдағы кердең мінезге нені жатқызар едіңіз?» деген сұрағына: «Ұлы Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», – дейді. Бізге надандықтан құтылу қажет.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!» деп жауап берді.

 

«Түркістан-ақпарат»

Соңғы жаңалықтар