ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ БІР СИПАТЫ

ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ БІР СИПАТЫ

ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ БІР СИПАТЫ
ашық дереккөзі
406
Шымкент қаласында жоғары білікті маман-кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындары жетерлік. Қаһарлы қыстан кейін жер бетін нұрландырып, сәулесін шаша келетін әз-Наурыз мейрамының қарсаңында аталған қаладағы бірнеше жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесу өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының жүйесімен биылғы жылдың «Жастар жылы» аталуы да тегіннен тегін болмаса керек. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы бойынша филиалының бастамасымен Аграрлық колледжде «Студенттерге қызмет көрсету» орталығы жұмыс істеп келеді екен. Орталықтың негізгі мақсаты – цифрландыру жүйесімен барлық салалардағы мүмкіндіктерді пайдалану, жастарды цифрлық-электронды түрде қызмет алуға үйрету және электрондық үкімет порталында қызмет алуды жетілдіру аясында қырықтан астам мемлекеттік қызмет көрсете алады. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру осы орталықта жүзеге асып келеді екен. Кездесуді осы білім ошағынан бастағанды жөн санадық. Ел экономикасына қажетті техникалық және кәсіптік білімді мамандарды даярлау мәселесін қолға алып, нәтижелі еңбек етіп келе жатқан Түркістан жоғары аграрлық колледжінің іргетасы 1972 жылы қаланған. Республикамыздағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында білім беру сапасы мен тәлім-тәрбие жағынан үздік ондыққа кірген бұл ошақтың тұтқасын ұстап отырған Гауһар Бекбергенова да білімді, өз ісінің озық ойлы маманы. Өйткені колледж қабырғасында білім алатын он екі мамандық бойынша мың жеті жүзден астам студенті бар үлкен ұжымды басқарып, ұйытып отыру да оңау тірлік еместігі белгілі. Толығырақ айтар болсақ, 323 электр-механика, 515 зооветеринариялық, 497 технологиялық және 328 студент аграрлық бөлімде дәріс алады. Жоғары біліктілігін арттыру мақсатында 26 білім алушыны тағы қосыңыз. Білім беру жүйесін дамыту барысында әлемдік озық технологияларды қолдана отырып, дамыған шетелдік оқу орындарының бай тәжірибесін батыл енгізіп, инновациялық тұрғыдан қалыс қалып қоймау мәселесі де үнемі назарда ұстанып отыратын үрдіс. Сондықтан колледж дәрісханалары мен зертханаларында қажетті оқу-құрал жабдықтары мен техникалық оқу құралдары жеткілікті жабдықталған. Оқу-тәрбиелік үдерісін ұйымдастыру үшін колледжде 58 оқыту кабинеттері, 25 зертхана, 5 оқу шеберханасы, дербес компьютерлермен жабдықталған 4 сынып жаңа оқу жылында соңғы жаңа үлгідегі 75 компьютермен және 10 принтермен жабдықталды. Оның барлығы дерлік локальдық желіге біріктірілген және интернетке қосылған. 2018-2019 оқу жылында агротехнологиялық, ауылшаруашылығын механикаландыру және ветеринарлық кафедраларында он үш дәрісхана мен зертхана жұмыс жасады. Түркістан жоғары аграрлық колледжінде елімізге белгілі қоғам қайраткері, «Жасыл экономика», баламалы энергетика көздері және ТДМ-2030 тұрақты дамуының насихаттаушысы Салтанат Рақымбекованың қатысуымен ашылған жасыл инновациялар мен технологияларды оқытатын ресурстық орталықтың жұмысы да өз нәтижесін беруде. Бұл орталыққа еліміздің экономика және экология саласында еңбегі ерен, ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесінің мүшесі, экономика ғыымдарының докторы, профессор Салтанат Темірқұлқызының есімі беріліпті. Орталық заманауи жабдықталған әдістемелік талаптарға сай. Мақсат – болашақ ауыл шаруашылығы мамандарына «Жасыл экономика» бағыттары бойынша білім беру, Қазақстан экономикасы салаларын жаңғырту барысында «жасыл» стандарттарды енгізуге ықпал ету және білім алушылардың халықаралық һәм отандық жобаларды жүзеге асыруына жол ашу. Кездесу барысында «Жастар» жылының ресми басталуына орай Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Sаpаly urpaq» жобасы фронт-кеңсесінің нәтижелі жұмыстары да сөз болды. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің қысқаруына, болашақ ұрпақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы ой-өрісті және мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру бағытындағы жобаның жұмыс стилі де ерекше екен. «Жемқорлыққа қарсы технологиялық зертхана болып табылатын орталықтың негізгі міндеті: сыбайлас жемқорлықтан азат Қазақстанда тұратын патриот және бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру болуы тиіс», – дейді республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайырдан Тоқышев мырза. Сондай-ақ колледжде 50 мыңға жуық кітап қоры бар орталықтандырылған кітапхана жұмыс істейді. Білім ордасының ішіндегі білім отауында болған кездесу осындай біраз мағлұматтар беруімен қатар, ондағы студент-жастардың бүгінгі күннің өзекті мәселелері жайлы қойған сұрақтарынан да Шымкент жастарының отанға, туған жерге деген махаббаттары сезіліп тұрды. Гуманитарлық-рухани әлемнен сәл-пәл алшақ жатқан ауылшаруашылығы саласында білім алып жүріп, осынау мәдени-рухани дүниелерден де мазмұнды сұрақ қойып, мұқият тыңдаулары жанымызды сергітті.

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары