711
КӨРКЕМСУРЕТ КӨКЖИЕГІ
КӨРКЕМСУРЕТ КӨКЖИЕГІ
Көркемдік өнердің дамуы қоғам қажеттілігіне қарай маңызды. Себебі ғылым мен техниканың өріс алуы көркемдік шығармашылыққа әсер етуде. Осыған орай көркемдік білім беру саласындағы педагог-суретші мамандардың сауаттылығы мен кәсіби шеберлігіне, заманауи бағыттағы өнер түрлеріне көңіл бөлінуі уақыт талабы.
Көркемдік өнер оның ішінде графика, көркем сурет, мүсін, қолданбалы сәндік өнері, дизайн шеберлері алғашқы өзінің бастауын шынайы табиғаттан алады. Қоғамдағы өзгерістер, қоршаған орта құбылыстары мен ондағы тыныс-тіршілік көркемдік өнердің дамып, өркендеуіне ықпал етеді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Өнер, мәдениет және спорт» институтында көркемдік өнерден жоғары білімді маман дайындау мақсатында Қазақстандағы тұңғыш «Көркемсурет» факультеті. Оның құрылғанына биыл жарты ғасыр толып отыр. Бұл жоғары оқу орны ғасырлар бойы жинақталған қазақ халқының асыл мұрасы – көркемдік өнерден жастарға патриоттық тәрбие берді. Қазақстан Республикасының жалпы орта мектептеріне, училищелері мен техникумдарына, арнайы өнер мектептеріне, жоғары оқу орындарына көркемдік білім беретін педагог-суретші маман дайындаудың көкейкесті мәселелерін көтерген білім ордасы болды.
Қазақ халқының көркемдік өнерінің табиғатын жан-жақты этнографиялық тұрғыда қарастырудың ғылым үшін маңызы зор. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың көркемдік өнерін ұлы даланың жеті қырының ішіндегі негізгі салаларының бірі ретінде қарастыру керектігі айтылған. Жарты ғасыр бойы көркемдік өнерден дәріс беріп, педагог-суретшілер дайындап келген тұңғыш білім ордасындағы «Өнер, мәдениет және спорт» институтының ұжымына университет ректоры Такир Балықбаев «Халықаралық ғылыми-тәжірибелік шығармашылық» мерекелік концерттік бағдарламасын өткізуді ұсынды.
Жарты ғасырдан бері Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты «Көркемсурет» факультетінде «Бейнелеу өнері және сызу» пәні мұғалімі мамандығын бітірген жастардың көркемдік өнер бағытында орындап жатқан ғылыми және кәсіби шығармашылық тұрғысындағы іс-әрекеттері шет мемлекеттерді бұрынғы Одақтас Республикаларды, Мәскеуді бей-жай қалдырмаған.
Кеңес Одағына танымал болған РБА-ның академиктері, п.ғ.д., профессорлары Е.В. Шорохов, С.П. Ломов, В.С. Кузин, Г.В. Беда сынды майталман мамандар «Көркемсурет» факультетінің «Бейнелеу өнері және сызу» пәні мұғалімі мамандығын бітірген Қазақстан жастарының Отанға деген патриоттық сезімі мен ғылымға деген бағытын жоғары бағалады.
«Көркемсурет» факультетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын бітірген түлектерден педагогика, философия ғылымдарының докторлары, педагогика, философия, өнертану ғылымдарының кандидаттары мен PhD докторлары, профессорлар мен доценттер шықты.
Құрманғазы Жеделов,
п.ғ.д., профессор
Абай ат. Қаз ҰПУ-нің
Өнер, мәдениет және спорт институты
«Көркем білім» кафедрасының меңгерушісі