335
МӘДЕНИЕТ ЕЛШІСІ
МӘДЕНИЕТ ЕЛШІСІ
...Жылда бір түрік жұртына ғылыми ізденіспен сапарлап қайтатын әдетім. Биыл Таулы Алтай өлкесін аралап келемін. Түркология бастау алатын өңір. Алтай – бауырлас этнос. 70 мың шамасындағы түрік нәсілі. Айнала Алтай таулары. Сапардан сәл бұрылыс болса да Бийск қаласына бұрылдық. Сыңсыған орман. Арша дейсіз бе, шырша дейсіз бе, ақ балтырлы ақ қайың, самырсын, қарағай, қызыл ағаш... Құдай-ау бетегелі беткейден белуарлап Алтайдың құзар басына дейін тұнып тұрған көкше сұлулық. Көк бояуды төге салғандай! Мен Алтай тауы баурайында, сыңсыған орман арасында тұрып аға-дос Дүйсен тағдыры туралы ойладым.
Осындай сұлу өңірде жан-дүниесі сұлулыққа мелдектеген сұлу мүсін Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов 1947 жылы наурызда жарық дүниеге келген. Әрине, қайда тууды сәби шешпейді. Сәбиге осындай көркем өңір, әсем өлкеде тууды Алла нәсіп етеді. Ташкенттегі әскери училище түлегі, жас офицер Қорабай әскери қызмет бабымен Бийскіге түскен. Бас себепші әкенің әскери қызметі. Бес жасқа дейін Дүйсен ағамыз түріктік тарихымыз туысып жатқан осы Алтай өңірінде өскен. С.Сейфуллиннің дәйектеуіне қарағанда ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Таулы Алтай өңірінде бес болыс қазақ жайлап жатқан. Бийск ірі облыс орталығы екен. Тіпті Томбының өзі осы Бийскіге қараған. Бийскіде алтай этносын шоқындыратын ірі орталық жұмыс істеген. Бүгінде Бийск табиғат сұлулығы тұнып тұрған Алтай таулары алқалаған әдемі қала. Бәлкім ананың ақ сүтінен кейінгі Дүйсекеңдей кейіпкер көңіліне ұялаған сұлулық – осы аяулы Алтайдан болса керек.
1987 жыл шамасында біз Дүйсен Қорабайұлымен Құрманғазы атындағы консерваторияда әріптес болдық. Ол – ректор. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, жастардың орынсыз жазалануы ұлтшыл ректорды шамырқандырды ма, әйтеуір Жоғары мектептің алды болып «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасын ашты да тастады. Қайыра еске салсақ, 1987 жыл КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаралы Қаулысын қабылдап тұрған сәт. Бодан елсің. Ұлттан басшы кадр өте-мөте аз. Бас көтердің-ақ, коммунистік империяның жендеттері (оның көбі қазақ) қылтадан қиып тастайды. Міне, сондай қысылтаяң шақта консерватория қабырғасында бұрын-соңды болмаған «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасын ашу сұмдық ерлік. Ол аз болса, Дүйсекең сол жылдары «Халық әні» кафедрасын да Москваға мойын бұрмай (Москваға қарайтын кез.) өз бетінше ашқаны бар. Шынына келсек, бұл да ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тігу! (Шамасы Г.В.Колбинге Желтоқсан қозғалысы ұлт тілі теңсіздікке ұшыраған себебінен деп дәлелдеп, қазақ тілін өркендетуге қол жеткізген Орталық Комитеттің идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібектің ықпалы да болса керек.) Мәдениет министрлігінде қызмет еткен 1975 жылдан таныс-білістігіміздің әсері болар «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істейтін мені кафедраға шақырды. Кафедра меңгерушісі Байқадамова. Оның күйеуі шенді қызметкер... Ол басшы, мен қосшы осы жылдары Дүйсекеңді тіпті жанына үңіліп жақыннан біле түстім. Ол кабинеттік ректор емес. Қолы қалт етсе, Москвамен ақылдаспай ашқан «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасына келеді. Шамасы, әрі қауіп ойлайды, әрі қуаныш көреді. Әңгімелесеміз. Журналист емеспін бе, сөз арасында тілі орысша шыққан басшымның ана тіліне арнап кафедра ашуына, ұлттық пішіміне ризашылығымды айтып, «оу, бұл ұлтшылдық» қайдан?» – деп сыр тартамын. «Әкей Ташкент училищесін бітірген, офицер болып қызмет еткен әскери кісі», – дейді ол миығын тартып, сұлу мұртын бір сипап қойып. − Маған не келсе де Анамнан келген болар. Анамның ақ сүтін ақтасам!»
Дүйсеннің анасы Күләй кейуананы көзіміз көрді. Дүйсендей азаматты тапқан анамен Жаңаарқа ауданының 70 жылдық тойында кездесіп әңгімелескенім бар... Бүкіл Сарыарқа өңіріне, Ұлытау аймағына аты шыққан Байдалы бидің келіні болғандығын мақтан тұтатын жарықтық. Үлкен түрколог Мырзатай Жолдасбеков Президент жанындағы Музейді басқарған жылдары Байдалы бидің шапанын осы біздің Дүйсекең туған-туыстарынан (Хамзе Сәтжановтан) қиылып сұрап алып реставрация жасатып асыл жәдігерлікті музей экспонатына айналдырғанын біз арнайы жазған едік. («Егемен Қазақстан» 16.02.2008 ж.) Бізге Байдалы би арқылы жетіп отырған қамқа тон хан Абылайдың тоны! Соны сақтаған әулет Дүйсен әулеті болып отыр. Әдетте кеше тас кедейдің ұрпағымын деп мақтанатын қазақ (С.Мұқановтан бастап), бүгін шіріген байдың ұрпағымын деп төс соғады. Әрине, ол әркімнің өз ісі. Алайда тектілік осындай тарих ісінен, ұлтқа жасалған қызметтен көрініп отыруы керек емес пе?! Дүйсекең арғы тегі Абылай ханмен астасып жататын текті әулеттің жалғасы. Жақсының көзі! Оны өзі біле ме? Білгенде қандай: «Мені жұрт жақсыдан қалған көз дейді, Мені жұрт жақсыдан қалған сөз дейді, Жаман болсам төзбейді, Жақсыдан жаман туған ез дейді...» (М.Мақатаев) – деген өлең жолдарын жанында жұптап жасап келе жатқан жампозымыз!
Қарағандыда мектеп есігін ашу, Тәттімбет училищесінде оқу, Құрманғазы атындағы Консерватория, П.И.Чайковский атындағы Москва Консерваториясында аспирантурадан өту өмір белестері. Жас маманның қалыптасу жолдары. Балауса Дүйсеннің ұстаздан жолы болған. Алматыда даңқты И.Б.Коган, аспирантурада И.Безродный мен Ю.Янкелевичке шәкірт болу қайталанбас бақыт. Бұлар баяғыда Совет одағын талақ етіп тастап шет ел асып кететін Растроповичтің үзеңгілестері ғой.
Мехикода президенттік оркестр құрылып, соған скрипкашылар, виолончелистер, альтистер керек екен. Аяулы Ғазиза Жұбанованың бағыт беруімен конкурсқа қатысып, оркестрге қабылданды. Сол жолы ғой оркестр құрамында әлемнің 32 елін аралап, айтулы концерт залдарында өнер көрсететіні. Ұзын-ырғасы 82 елде концерт көрсетсе, оның ішінде әлемге әйгілі Карнеги-холл, Гевандхаус, Шаушпильхаус, Концертбаум сияқты әлемге әйгілі концерт залы болса өнерпаз бақыты емес пе?! Бір ғана мысал, Дүйсенге дейін Карнеги-холда қазақ өнерпазы концерт қойып көріп пе, бұрын-соңды?! Әлемнің 82 елін шарлап концерт қойып, жаһан жұртшылығын сүйсіндіру өнерпаз бақыты дегенде міне, осы жайларға сүйеніп айтамыз.
Тәуелсіздікке әлі жетпеген сексенінші жылдардың аяғы. Асылы бәрі басшыға байланысты. Әдетте басшың ақырып-шақырмай-ақ, бетегеден биік, жусаннан аласа жүріп те батыл істерге бастамашы бола алады екен. Оны біз сол жылдардағы ректорымыз Д.Қ.Қасейіновтен көріп білдік. Біздің кафедраға ғылыми атағы болмауына қарамастан батыл ана, ана тілінің жанашыры Байқадамованы басшы етті. Күйеуі КГБ-да басшы секілді еді. Ғылыми атағы бар біз Байқадамоваға қосшы болуға қуана келістік. Өйткені ректорымыз бізге ұлт мерейін көтерер игі істердің төбесін көрсетті... Қара басымызға таңбай сөйлесек ол кезде ұлттық патриотизм, бодандықтың әсері ме, қазақтарда сұмдық болатын. Батыл да мәдениетті білімді басшыға арқа сүйегендік қой, замана зәйіліне қарамай оқу орнынан Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестік ұйымдастырып жіберейін... Бірлестіктің алғашқы ісі – Т.Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, А.Бақтыгереевамен кездесу өткізу. «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ киносының ұлттық беті қайда?» (29 май 1987 ж.) деп аталатын мақаладан, Р.Сейтметовтің – Ш.Мұртазаевтың «Сталинге хат» пьесасы бойынша қойылған спектакльден («Кезең қасіреті және оның көркемдік толғауы» аталатын мақалада айтқанбыз «Социалистік Қазақстан») кейінгі сенсация осы Дүйсекеңе сеніп ұйымдастырған Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестіктің кездесуі болды. Консерваторияның залына Алматы түгел көшіп келгендей күйде. Ине шаншар орын жоқ. Түннің бір уағына дейін ақындар өлең оқып, қазақ ұлтының қысаң тағдыры ащы айтылған әңгіме жүрді. Бәрі де әлі ақталып жетпеген Мағжан Жұмабаев тағдыры арқылы жүріп жатты... Ертең шығатын газеттерге алдын ала орын алып қойып, таңға жақын апарып әдеби бірлестік жайлы хабарды салып жібердік... Екі-үш күннің ішінде Түркияның Измир қаласынан Фикрет Түркпеннен Мағжан Жұмабаевтың түрік тіліндегі бір томдығы келіп жетті... Сый! Іле-шала КГБ қызметкері де жетті... Басымыз шатыла жаздаған ұлтшылдық ісінен сол жолы Дүйсекең аман алып қалып еді. Тек Консерваториядан қызметтен кетуге тура келді...
Одан бері де қанша су ақты, қанша уақыт зымырап өтті. Дүйсен Қорабайұлы Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет министрінің орынбасары, министр қызмет жолдарынан өтті. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының ТМД елдерімен гуманитарлық байланыс жүргізу ісінің ЮНЕСКО және ЮНОСКО істері жөніндегі бас хатшысы қызметі... Сонымен қатар, атақты академик Е.М.Примаков басқаратын «Ресей және ислам әлемі» атты стратегиялық бағамдау тобының мүшесі ретінде қаншама қоғамдық қызметтер атқарды.
Дүниежүзілік беделге ие болған әйгілі өнер, мәдениет, әдебиет кайраткерлері: Н.Михалков, П.Бюль-Бюль-оғлы, М.Швыдкой, В.Спиваков, Н.Гутман, Тонино Гуэро, Марио Мелани, Джузеппе Вальденго, Я.Скорик, Богодар Которовичтермен қоян-қолтық араласып, шығармашылық тығыз байланыста жүруі қазақ азаматы Д.Қасейіновтің құлаш-қарымының ауқымдылығын көрсетуге әбден жарайды. Таулы Алтай республикасында болған сәтте мен аға, дос, қазақ өнерінің дарабозы, мәдениетіміздің жанашыр ұйымдастырушысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов туралы осындай ойларға берілген едім. Көптен көріспеген қамқор аға, айтулы өнерпазды сағынғанымды сездім сол жолы.
Сөйткен, Дүйсен Қорабайұлымен Түркістан аспаны астында кездесудің сәті түсті. Түркістанды ТҮРКСОЙ аясында «Түрік халықтарының мәдениет астанасы» деп жариялау қашанғы арманы, құдай-ау?! Міне, соған қол жеткізген. Тамыры бір түрік жұртының азаматтары әдетте мұндайда Бас хатшыға қарай сабылады. Өз елінің жауһар бір шаһарын осындай ортақ мерейге көтеру үшін. Ал Дүйсекең болса соңғы жылдары Анкарадан Түркістанға ат басын әлденеше рет бұрды. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен, сол кездегі облыс әкімімен (Жансейіт Қансейітұлы) әлденеше кездесіп, әңгімелесті. Ақыры, Түркістан «Түрік халықтарының мәдени астанасы» болып жарияланды.
Бұл − халықаралық іс-шара! Мерейімізді көтерер айтулы мереке! Оған дүниежүзінен 800-ден астам сыйлы қонақ келді. Түркістанның көк күмбезі көкке қайта көтерілді. Ғасырлап қазақ хандығының астанасы болған жәдігер қала енді бүгін күллі түрік жұртының Мәдениет астанасына айналып отыр! Бұл Түркістанның, түрік халықтарының тойы! Тарихи тамыры бір түріктен тараған түрік ұлт-ұлыстарының тойы! Сөйтіп, Түркістанда той басталды. 22 Наурыздан бастау алған Түркістанның мәдениет мәртебесі жыл бойы тойланды.
Көктемнен күллі түрік дүниесінің мәдениет жорықшылары дүбірлеп Түркістанға келіп жатыр. Дүние мұсылмандарына софылық ілімі жеткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін тамашалап, әріптестерімен түріктік туыстық жайында ой бөлісіп қайтып жатыр олар. Өнерпаздар, жазушылар, тәржімашылар, мәдениет қызметкерлері сөйтіп Түркістан аспаны астында бас қосты. Түрік халықтары қуыршақ театрлары гастрольдік сапармен келіп өнер көрсетті. Дүние-ғалам журналистері тамыры бір, тарихы ортақ түрік ұлт-ұлыстарын ынтымақтастыру шараларын қарастырды. Өрелі іске жарғақ құлағы жастыққа тимей мұрындық болып жүрген кәнігі өнерпаз – сиқырлы скрипкашы-сазгер, мәдениет қайраткері Дүйсен Қорабайұлымен емен-жарқын әңгімелесіп, өткен-кеткенді еске алдық. Түркістаннан «Бейсембай Кенжебайұлының Түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» ашқанымды айтып мақтанып та алдым. Ал ол болса қашанғысындай қамқор үнмен құптап бақты: «Елбасымыз «Түркістан – түрік халықтарының рухани астанасы» райында өсуі керек» – деді. Менің «Түркістан түрік халықтарының мәдени астанасы болсын» деп шырылдап жүргенім, сенің үнсіз ғана осыншама мәдени ошақтар ашуың... бәрі де Елбасының Түркістан туралы ізгі ойларын жүзеге асыру амалдары ғой» – деді сосын.
Есіме әйгілі әдебиет зерттеушісі, Еңбек Ері Д.С.Лихачевтің сөзі түсті. «Жаратылыста басы артық ұлт болмайды. Әр ұлт, тіпті ұлыс өз мәдениетімен жаратылады. Соңғы жылдары орыс шовинизмі әсерінен Сібірдің қаншама ұлты жоғалды тарих бетінен. Олармен бірге қаншама қайталанбас мәдениет үлгілері жойылды. Егер КСРО саясаты осылай ауыздықтаусыз кете беретін болса, мен Академиядан мүшеліктен бас тартамын» – деген еді ол сәруәр. Бас хатшы ұстанымы да – осы! Д.Қасейінов – мәдениет жоқшысы. Түрік ұлт, ұлысының бірінің мәдениетіне ақау түсіпті, жойылып барады екен десе жан-жүрегі бозторғайдай шырылдайды...
Жақында Дүйсекеңмен Түркістан аспаны астында тағы кездестік. Аяулы Түркістан бұл жолы жаңа мәртебеде – жаңа облыс орталығы еді. Түркістанның келешегі жайында жаңаша тебірендік. Жаңа міндеттер алдық мойнымызға. Көктен тілегеніміз Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығы болып жарыққа шықты. Енді Жарлықты жүзеге асыруға жаппай жұмылып, жабыла кірісуіміз керек. Дүйсекең жайында ойланып отырғанда есіме Шыңғыс Айтматовтың аталы сөзі оралды: «Табиғи қабілетің бойынша сен, Дүйсен, жасампазсың. Сенің қандай орасан жұмыс атқарып жүргендігіңнің талай рет куәсі болғаным бар. Заманауи қоғам сен сияқты адамдардың арқасында жетілдіріле түседі. Біз түрлі халықаралық конференцияларда ұшырасқан сайын осы туралы ойлаймын». Қашанғыдай Шықаң әріптес ізбасарының табиғатын тап басып айтып отыр!
Бийск қаласын айнала қоршап тұрған Алтай тауының мұзарт шыңына көз тастадым. Қазақ-алтайға ортақ тау Алтайдың шағырмақ аспанына көз тастап аға-дос Дүйсен Қасейіновтің ақша бұлтпен араласқан тұлғасын көргендей болдым...
Бұл күнде Д.Қасейінов кіндік қаны тамған Таулы Алтайда да, жанындай сүйетін Қазақстанда да емес, туыстас Түркияда. Онда ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы. ТҮРКСОЙ – мәдениет ұйымы. Түрік халықтарының ЮНЕСКО-сы! Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов – түрік дүниесінің Мәдениет ЕЛШІСІ!
Құлбек ЕРГӨБЕК