Баянды бірлігіміз үшін мың алғыс

Баянды бірлігіміз үшін мың алғыс

Баянды бірлігіміз үшін мың алғыс
ашық дереккөзі
270
«Таудың биіктігі алыстағанда ғана байқалады...» Еліне еңселі егемендікті, табанды тәуелсіздікті тарту еткен, қуатты мемлекетті қалыпты етіп, зиятты ұрпақ қалыптастыруға бағыт берген, сөзсіз бірегей тұлға, Алаштың асыл Ұлы, қазақ елінің қаһарманы – Тұңғыш Президентіміз өз шешімімен өкілеттігін тоқтатты. Санада түрлі сезім. Ықылас, құрмет, қимастық, ризашылық... Бейбітшілік, ынтымақтағы алаңсыз өміріміз бен жыл сайын жаңарған, заманауи, серпінді көңіліміз үшін қазақ халқының Елбасына шексіз риза екені сөзсіз. Аса шебер сауаттылықпен, жан-жақты, қырағы көргенділікпен тар, қыспақ жолдардан қиналмай алып шығып, әлем кеңістігіне бет бұрғызған елінің Тұңғыш Президентіне ықыласы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалары сөзсіз. Қоғамдағы әр азамат сияқты, мен де Елбасының елге жасаған шексіз жанашырлығына тәнтімін. Әлеуметтік сала, жас ұрпақты тәрбиелеу саласында жүргеннен кейін, жылт еткен жақсы жаңалықтар, заманауи өзгерістер жүректі жылытқаны рас. Өмірдегі көкірегімді қуаныш кернеген, ерекше сәттерімнің бірі де Елбасымен жүздескен, өңір туралы ой бөлісіп тілдескен кездерім екенін жасырмаймын. Алғашқы кездесу 2009 жылдың аяғында, ірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің ашылу салтанатында орын алған еді. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген кезімде Елбасының отты көздері мен данышпан бейнесі ғана емес, әр сөзіңе мән берген, биік назары таң қылды. Бүгінгі таңда экономиканың күре тамырына айналған, жол торабы, даму жолына да қан жүгірткен, көреген көшбасшымыздың сара шешімдерінің біріне айналды. Келесі кездесу 2017 жылдың соңында кезекті саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында өтті. Өңірдегі партия бағдарламасының орындалуы жөнінде ақпарат берген мені Елбасы жылы жүзімен зейін қоя тыңдап, болашаққа деген, жастар тәрбиесіне бағытталған жақсы жобалармен қуантты. Өңірдегі  істерге оң баға бергені, оны ықыласпен қабыл алғаны, арқамнан қағып, басымнан сипағаны үлкен әсер берді. Екі кездесу де жүрегіме жігер, талабыма қанат байлап, болашағыма бағыт, бастаған істеріме табыс әкелгені де жадымда. Отандастарымыздың әр шаңырағының тірегіне де, тілегіне де айналған Елбасы Қазақ Елінің бағына жанған таңғажайып жарық жұлдыз болды. Ел өсті, өркендеді, әлеует артып, мәдениет дамыды, ұлттық құндылықтар қайта оралды. Жас ұрпаққа жаңаша жолдар ашылып, тамаша мүмкіндіктер туындады. Баға жетпес Тәуелсіздік тұғырына мінген еліміздің көк байрағы желбіреп, болашағы айқын, әрбір күні жарқын бола бастады. Осы ұлы істің басында дара тұлғасымен, дана бейнесі берік қалыптасқан Тұңғыш Президент еңбегі ел есінде жатталып, тарих бетінде қатталып қалары хақ. Көкіректі кернеген түрлі сезім, жанарға тұнған жас – ол әрқайсымыздың Елбасының бүгінге дейін халқына жасаған жанашырлығын сезіну, құрметпен риза болу. Қайсар шешімдеріңіз бен ұшқыр саясатыңыз үшін, тыныш тірлігіміз бен баянды бірлігіміз үшін мың алғыс сізге, Нұр аға! Тарих толқынында ғана емес, ұрпақтарымыздың санасында мәңгі қаларыңыз сөзсіз...  

Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАИЗОВА,

Ақтөбе көлік, коммуникация және  жаңа технология

колледжінің директоры, Ақтөбе облыстық мәслихатындағы

Nur Otan  фракциясы мүшесі

Серіктес жаңалықтары