14 Наурыз, 11:25 256 0 Қоғам Ахмет ӨМІРЗАҚ

КӨКТЕМНІҢ БАСЫ – КӨРІСУ

Күн мен түн теңеліп, жер жаңарып, көктемнің келгенін, жаңа жылдың лебін айқын сездіретін Наурыз мейрамы – еліміздегі басты мейрамның бірі. КСРО дәуірінде, яғни 1926 жылдан бастап мерекеленуі тоқтатылған наурыз мейрамы араға 62 жыл салып, 1988 жылы Қазақстанда қайта жалғасын тапты. Содан бері үздіксіз тойланып келе жатқан халықтық мейрамға соңғы жылдары «Көрісу күні» немесе «Амал мерекесі» атты жаңа бір мейрам қосылды.

Жаңа деп отырғанымыз, бұрын еліміздің батыс өңіріне ғана белгілі «Амал» соңғы жылдарда ғана жалпақ қазақ даласына қанатын кең жая бастады. Бірақ әлі күнге дейін «Амалды (Көрісу күнін)» бүкіл халық жете түсініп, толық қабылдап кетті деу қиындау. Тойлағандар тойлап жатыр, тойламағандар мән бермей жүр. Бұл наурыз туралы ұғым-түсінігіміздің әлі күнге толыққанды бір тоқтамға келмей жатқанының белгісі болса керек. Сондықтан осы сауалға жауап табу үшін түрлі пікірлер сорабынан өзімізше ой қорытып, «Амал» туралы нақты шындықты білуге талпындық.

2002  жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген  «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясында бұл туралы былай деп түсініктеме берілген: «Көрісу – Батыс Қазақстан аймағында ғана сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды байбақты Қазыбек календары бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді». Ал бұны уикипедия – ашық энциклопедиясы былайша толықтырады: «Көрісу (Амал мерекесі деп те аталады) — Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында сақталған ежелгі дәстүр.

Жаңа жылды байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.

Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс».

Былай қарасаң, бәрі ұғынықты – бәрі орнында сияқты. Алайда бұған қосылмайтын кісілер де бар. Дегенмен олардың да уәжі шындықтан алыс кетпейтін тәрізді. Мысалы 2009 жылдың 15 сәуірінде  abai.kz ақпараттық порталында жариялаған «Көрісу күні» дейтін қазақ этнографиясында күн жоқ!» деген мақаласында этнограф Серік Ерғали:

«Наурыздама («наурызнама» емес, қазақтың тойлату секілді «наурыздату» етістігінен) дәстүрі бұрынырақта наурыздың алғашқы күнінен бастап елдің батыс өңіріне қоса, Сыр өңірінің барлығы, Қостанай, Торғай аймағы, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самар, Орынбор облыстары атап өтетін. Бірақ оны «амал» деп те, «көрісу» деп те атамаған, «Наурыз» деген. «Амал» деп атау 1988 жылдан мерекенің 21-22 наурызға ресмиленуінен бастап, халықтық Жыл басы күнінен ажырағысы келмеген бұқара 14 наурызды «Амал» атауға мәжбүр болды» дейді бұл туралы. Және өзінің бұл ойын нақтылау үшін «Қазақтың белгілі білімдары – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, кәзіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» дей келіп, «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың (ұлы істің)  ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс (ұлы іс)  күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлы іс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс (ұлы іс) күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген Ахат Шәкерімұлының естелігінен үзінді келтіреді. Осылай дей келе ол: «14 наурыз – жылдың, көктемнің басы! Сол себепті қазақтар бір бірімен қауышу рәсімін жасап, көріскен, яғни қауышу рәсімін жасаған. Мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да кірмейді, қазақтың есебі бойынша 14 наурызда кіреді. Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда болып өтеді» деп ойын тұжырымдайды. Демек автордың ойынша, жыл басы – наурыз мейрамын 14 наурызда тойлау керек. Яғни, бүгінгі біздің 22 наурызда тойлап жүргеніміз – ескі күнтізбедегі 14 наурыз.

1918 жылдың 24 қаңтарында В.И.Ленин «Россия республикасында батысеуропалық күнтізбені қолдану туралы декретін» жариялап, ол бойынша Кеңестік Ресейдің григориан күнтізбесіне өту жайында құқықтық-нормативтік акт қабылданды. Осылайша 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі бірінші күні ақпанның бірі емес, 14-інен басталғаны мәлім. Содан бері осы күн санау жүйесімен жүріп келеміз. Осыны есепке алсақ – Серік Ерғалидың пікірін дәлелсіз дей алмаймыз. Демек, бүгінгі көрісу күні дегеніміз – бұрынғы наурыз мейрамы болып шығады. Екінші жағынан, 22 наурыз – ерте заманда тәңірлік наным-сенімге орай күн мен түннің теңесуін қасиетті сәт деп санаған Күнге табынушылардың мейрамы деген де пікір бар ғалымдар арасында.

Ендігі бір мәселе жоғарыда уикипедия мәліметіндегі «Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні деп атайды» деген сөзден туындайды. Расында ол туралы не білеміз? Сондай кісі, сондай кісі жасаған күнтізбе бар ма қазақта? Бұл жайында белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан «Жас наурыз бен қарт наурыз» атты мақаласында былай деп жазады:

«Батыс Қазақстан», «Солтүстік Қазақстан», «Жетісу» энциклопедияларымызға сұрау салдық, «Қазыбектің Наурызын кім біледі?» деп. «Қазаққа төл календарын жасап берген Байбақтының Қазыбегі деген кісі болған» дегенді алғаш күнделігіне араб қарпімен жазып кеткен Ғабит Мүсірепов болатын. «Қазақ әдебиетінде» (18.03.1977 ж.) классик жазушының тағы бір қайталап жазғаны бар: «Марқұм, ақын Нұрпейіс Байғаниннен «Алматыға қашан келесіз?» деп сұрағанымда: «Қазыбек қазаны өткен соң келеміз» дегені бар еді. Соған қарағанда, өткен «наурызға» қосылған 12-13 күн күзгі айларға да қосылғаны ғой. Бұл жайды Батыс Қазақстан ғалымдары білуге тиіс. Өйткені Қазыбек астрономның өзі байбақты ішінде тұратын Сиық Сұлтанның тұқымы көрінеді». Әріректегі тағы бір жазбаға иек артсақ, 1869 жылы Санкт-Петербордан түрколог Л.Будаговтың 2 том сөздігі шыққан. Оның құндылығы – барша түркі тілдерінің тіл байлығы салыстырыла қамтылғандығында. Ғалым бір жарым ғасыр бұрын жазып отыр: Қазақта 2 Наурыз бар. Бірі – Жас Наурыз, марттың 22-сінде тойланады; екіншісі – Қарт Наурыз, ол «Қазыбек Наурызы» деп те аталады, Жас Наурыздан 10-11 күн бұрын тойланады... Ақ патша заманында қазақты қайтсем тезірек шоқынды қылам деп жанталасқан А.Е.Алекторов деген миссионер өткен еді. Бірақ сол қаскөйіңнің қаламының ұшына қазақтың бұрынғыдан қалған талай-талай сөз маржандары іліккенін де ұмытуға болмайды. «Байбақты Қазыбектің календары болған» дегенді ол да айтып өтеді». Осылайша қазақ күнтізбешісі туралы мәлімет бере келе ғалым өз пікірін «еліміздің батыс өлкесінде жоғалмай сақталып, күні бүгінге дейін жаңа жылдың үшінші айының 14-ші жаңасында аталып өтетін «Көрісу» – осы Қарт Наурыз, байбақты Қазыбектің Наурызы» деп бекітеді. Оның бұл айтқанына назар аударсақ, «Амал» мерекесі бұрыннан келе жатқан мейрам, тек ол «Қарт Наурыз» деп аталған болып шығады.

Бұл да бір қисыны бар тұжырым. Дей келгенде, әзірше бұл екі көзқарастың (С.Ерғали мен Ғ.Әнес) бірін таңдай салу оңай емес. Екі жақтың да өз дәлелдері бар. Солай да болса, бұл жайында ұлт болып бір тоқтамға келгенше бізге наурыздың 14-ін көрісу күні, 22-сін жыл басы ретінде тойлай беруге тура келеді. Көктемнің басын көрісуден бастағанның артығы жоқ шығар, ағайын.

Соңғы жаңалықтар