Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов атына жолдаған депутаттық сауалында интернет кеңістіктегі псевдодіни ақпараттардың ықпалына алаңдаушылық білдіріп, олармен күресті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде діни тақырыпты жамылып, қоғам санасына әсер ететін, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дінді бұрмалайтын тұлғалар көбейген. Ол мұндай құбылысты тек жеке мәселелер шеңберінде қарастыру жеткіліксіз екенін, бұл ұлттық мәдени бірегейлік пен ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін атап өтті.
Сауалда келтірілгендей, жуырда интернеттегі подкастардың бірінде өзін «имам» ретінде таныстырған азаматтың адамгершілікке де, заңға да қайшы мәлімдемелері қоғамда резонанс тудырған.
Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек! Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуға тиіс! - деді депутат.
Депутат мұндай әрекеттерді тек моральдық тұрғыдан емес, құқықтық тұрғыдан да бағалау қажет екенін айтты.
Ал мұны бүкіл елге дәріптеген подкаст иесі журналист қарындасым Жанар Байсемізова ең құрығанда журналисттік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамауы – нағыз хайп қуу, ақырында оның өзі әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырманын! Әрбір редакция мен журналистің есінде болсын: мыңжылдық ұлттық мұраттарқа қастық жасауға, кәсіби сананың іріп-шіруіне жол берілмеуі тиіс. Мұндай сандырақтарға жол беру – заңға өрескел қайшы әрекет деп саналуы керек! - деді Ермұрат Бәпи.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Наурыз мерекесін жоққа шығаратын пікірлердің таралуы да сынға алынды. Депутаттың пікірінше, бұл – халықтың ғасырлар бойғы дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне қарсы әрекет.
Ермұрат Бапи діни алауыздықты қоздыратын және теріс діни насихат жүргізетін тұлғаларға қатысты тек әкімшілік жаза жеткіліксіз екенін айтып, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормаларды қарастыруды ұсынды.
Құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын, - деді ол.
Оның айтуынша, әсіресе жастар әлеуметтік желілердегі мұндай ықпалға тез ұшырайды. Егер ақпараттық кеңістікте ресми және сенімді діни ұстаным жеткіліксіз болса, бұл орынды радикалды әрі қауіпті көзқарастар басуы мүмкін.
Теріс діндарлар риторикасындағы о дүниеге барып, көріп келгендей айтылатын махаббат жұмағы мен “нәпсі ләззатына кенелу” насихаты нақты руханияттан жұрдай, табиғи руханилықпен ешқашан сыйыса алмайды. Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту - харам! Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар - харам, ешқайсысын тойлауға болмайды. Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен! Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: “Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!”.
Сондай-ақ депутат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметіне де назар аударып, ресми діни институттар онлайн кеңістікте белсенді болып, қоғамдағы даулы мәселелерге дер кезінде үн қатуы тиіс екенін жеткізді.
Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдырған, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда.
Сөз соңында Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткнрлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің" кебін киген тәрізді.
Қарапайым тілде “ДУМК” деп, қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауға тиіс!