Қыздар университетінде республикалық «Қыз Жібек» форумы өтеді

Қыздар университетінде республикалық «Қыз Жібек» форумы өтеді

Қыздар университетінде республикалық «Қыз Жібек» форумы өтеді
ашық дереккөзі
12-наурыз күні Қазақ қыздарының парасат мектебі, отандық жоғары білікті педагог кадрлар даярлайтын іргелі білім ұясы – Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қыз Жібек» клубының республикалық форумы өтеді. Бұл туралы университеттің Баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан хабарлады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалым-педагогтар, үлгілі көпбалалы аналар мен еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысады деп күтілуде.  width= «Бүгінде еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарындағы «Қыз Жібек» клубы ең алғаш Қыздар университетінің қабырғасында ашылған болатын. Қоғамда өзіндік азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен  ұштастыра  білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін ұйым идеясын кеңінен тарату мақсатында оның бөлімдері өзге де білім ордаларында ашылған болатын. Алдағы уақытта аталған клуб көптеген игілікті істерге ұйытқы болуды көздеп отыр», – дейді Жандар Асан. Форум аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздарға арналған студенттік клубының белсенді мүшелері онлайн байланысқа шығып, ұлттық салт-дәстүр, қыздар тәрбиесі төңірегінде атқарып жатқан жұмыстарымен, қолға алған жобаларымен таныстырмақ.  width= «Форум зияткерлік әлеуеті биік, салауатты өмір салтын ұстанатын қазақ қызының жаңа образын насихаттау және еліміздегі қыздар клубтары арасында өзара ынтымақтастық байланыс орнатуды басты мақсат етеді», деп атап өтті Жандар Асан.