7 Наурыз 2019, 11:47 870 0 Сыртқы саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

ӘР ЕЛДІҢ ӨЗ МҮДДЕСІ БАР

Қоғамның көп бөлігі белгілі бір мәселеге пікір білдіруде эмоцияның жетегінде кетіп жататыны рас. Ал үлкен саясатта эмоцияға орын жоқ. Оны білу де сауаттылықтың бір белгісі.

Еларалық саясатта дініне немесе тілдік, тектік жағынан жақындығына қарап қарым-қатынас жасай бермейді. Сондай-ақ, діндік, тілдік жағынан мүлде алыстығы да саяси, экономикалық байланыстар жасауға кедергі келтіре қоймайды. Мұны біз Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салманның Қытайға жасаған ресми сапарынан да көре аламыз.

Осыдан біраз бұрын саудиялық оппозиционер журналист Жамал Хашогги Сауд Арабиясының Түркиядағы консулдығында өлтірілгені белгілі болып, кейін бұл оқиға туралы әлемдік ақпарат құралдары біраз шу көтерген-ді. Түркия, АҚШ секілді елдер оған Саудия басшылығын кінәлаған. Тіпті оқиға белгілі болған кезде АҚШ президенті Дональд Трамп The Washington Post газетіне берген сұхбатында Жамал Хашоггиді саудиялық арнайы қызметтің адамдары өлтірген, оған мұрагер ханзада жауапты деп мәлімдеме де жасаған. Ал Түркия басшылығы журналистің өз елі аймағында өлтірілуін арандатушылыққа балады. Ал Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин оппозиционер журналистің қаза табуын «адам шошырлық қылмыс және барлық саудиялықтар үшін өте ауыр оқиға» деп санайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен Хашоггидің өліміне Сауд Арабиясының қаншалықты қатысы барлығы дәлелденбеді, солай болса да әлемде ханзаданың абыройына біраз нұқсан келген-ді.

Аталмыш оқиғадан соң Еуропа елдерінің сынына ұшыраған Мухаммед бин Салман өзіне өзге елдерден жақтастар іздеп жатыр деген хабар тараған. Сондықтан болар, ханзаданың Қытайға сапары туралы болжамдарда жоғарыдағыдай пікірлер басым болды.

Десек те, бір елдің екінші елмен қарым-қатынасы туралы айтқанда тараптарды кінәлау орынсыз, өйткені әр елдің мемлекетаралық байланыстарда өз мүддесі бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Саудияның Қытаймен экономикалық саладағы байланысын кеңейтуге деген ұмтылысы – ол елдің ішкі мәселесі.

Мұны неге айтып отырмыз?

Саудия ханзадасы Мұхаммед бин Салманның Қытайға сапар жасайтыны белгілі болғаннан кейін көптеген этникалық ұйғыр өкілдері оны сол елдегі «қайта тәрбиелеу лагерьлері» мәселесіне назар аударуын сұрап, ондағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымды тоқтатуға көмектесуін сұраған. Бірақ Сауд Арабиясының тақ мұрагері сапар барысындағы кездесулерде сөйлеген сөздерінде Қытайдың мұсылмандарды «лагерьлерде қайта тәрбиелеу» тәжірибесін қолдағаны белгілі болды. Қазір ханзаданың «Қытайдың ұлттық қауіпсіздікті сақтау үшін терроризм және экстремизммен күрес жүргізуіне құқығы барын» айтып, көзқарасын білдіргені жайында әлемдік БАҚ-тар жарыса жазып жатыр. Ханзаданың пікірін Қытайдың мемлекеттік арналары жұртқа жеткізген.

Ал Мұхаммед бин Салман Қытайдың вице-премьер Хань Чжэнмен кездесіп, екі тарап энергия өндірісі мен химия өнеркәсібі саласында әріптестік орнату бойынша маңызды келісімдерге келген. 2018 жылы Қытай мен Сауд Арабиясы арасында 63 миллиард АҚШ доллары көлемінде сауда-саттық жүргізілген.

Айта кету керек, Қытайдағы «мұсылмандар мәселесіне» Саудия ғана емес, өзге елдерде де оң пікір білдіріп жатқандар бар. Мәселен, Саудия ханзадасы Пәкістанда болған кезінде ол елдің ресми адамдары Қытайдың Шыңжаңдағы әрекеттерін мемлекеттік тұтастығы үшін жүргізіліп отырған шара деп қабылдайтынын білдірген. Бұдан бұрын «қысымға ұшыраған мұсылмандар» мәселесіне Түркия мәлімдеме жасап, Қытайға «қайта тәрбиелеу лагерьлерін» жабуы керектігін айтқан-ды. Алайда кейін екі ел бұл мәселеде келісімге келіп, Түркия мен Қытай бұдан кейін бір-бірінің ішкі ісіне араласпауға келісті.

БҰҰ Қытай батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде шоғырланған саяси тәрбиелеу лагерьлерінде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкіндігін айтады. Қытай мемлекеті болса, ол лагерлерді «кәсіптік үйрену орталығы» деуден танар емес. Ал халықаралық қоғамдық ұйымдардың дерегінше ол лагерьлер түрмеге ұқсас және онда тек ұйғырлар емес, татар, қазақ, қырғыз, өзбек секілді ұлттың өкілдері де бар көрінеді.

Бұл мәселе кейінгі кезде еліміздегі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. «Атажұрт» еріктілер тобы бұл мәселе жөнінде жиі мәлімдеме жасап, сол жақтағы қазақтар мәселесі жөнінде түрлі ақпарат таратып жүр. Бірақ олар қазақтар мен бірге өзге ұлттардың да (ұйғыр, өзбек, қырғыз) қысымға ұшырап жатқанын айтады. Дегенмен, олардың ескермейтін бір нәрсесі, Қазақстан Қытайда қамалып жатқан қазақтар мәселесін (сонымен бірге өзге түркітілдес халықтар өкілдерін де) көтеріп, оларды еркіндікке шығаруға тікелей талап қоюы керек деп, дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс нәрсеге эмоциямен қарайды.

Жоғарыда Қытайдағы «қайта дайындау лагерьлері» туралы Қытай, Пәкістан, Түркия секілді елдердің көзқарасы мен әрекеті жайында бекер айтып отырған жоқпыз. Олардың бәрі бұл мәселеде бейтарап отырғанда, қазақ елі өзгелер бармаған әрекетке барады деп сену, соны талап ету – саяси сауатсыздық қана. Сондықтан елдер арасындағы қарым-қатынастың барлық түрі тек дипломатиялық жолмен реттелетінін білуіміз керек. Өйткені әр елді өз мүддесі бар...

 

Соңғы жаңалықтар