Ұлттық ұланға қарасты 5571 әскери бөлімінде қазақстандық танымал спортшы, дзюдодан халықаралық жарыстардың жүлдегері, IJF 3 дан иегері Әбиба Әбужақынова жеке құраммен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған іс-шара әскери қызметшілердің рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Әбиба Әбужақынова спорттағы жетістіктері мен жеңіске жету жолындағы табандылығы туралы кеңінен әңгімелеп, сарбаздарға жігер берді. Ол өз сөзінде табысқа жетудің басты қағидаттарына ерекше тоқталды.
"Әрбір жетістік - үздіксіз еңбектің, темірдей тәртіптің және өз мақсатыңа деген сенімнің нәтижесі. Қандай салада болмасын, адам өзіне талап қоя білсе, кез келген биікті бағындыра алады", - деді спортшы.
Сондай-ақ, ол дзюдо спортының қыр-сырымен бөлісіп, әскери қызметшілердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу жылы әрі әсерлі атмосферада өрбіді.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Алматы қаласының ұлтаралық және конфессиялық келісім орталығының өкілдері – Болат Оспанов, Долкунтай Абдулхалил, Руслан Калиоллоаев, Даут Мохаммад, Манас Ташыбеков, Салтанат Лекерова, Бекарыс Әбділдабеков, сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаменті есірткіге қарсы күрес жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Сұлушаш Досболова қатысты.
Кездесу соңында әскери бөлім басшылығы атынан қонақтарға алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды. Мұндай мазмұнды кездесулер әскери қызметшілердің рухын көтеріп, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын ұстануға тың серпін беретіні атап өтілді.