Маржан десе, Маржан!

Маржан десе, Маржан!

Маржан десе, Маржан!
ашық дереккөзі

Әйел баласын Алла Тағала өте нәзік әрі әлсіз етіп жаратты. Оған табиғи рең беріп, көркемдеді. Толағай-тағдырдың салмағын нәп-нәзік жүрегімен көтере білсін деп оның әлсіз иығынан бастап, тұла бойын төзімді етіп жаратты. Және дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп оған мықты қажыр берді. Десек те, әйел адамы бәрібір әлсіз, қорғансыз. «Ақылына көркі сай» деген халық даналығын жиі айтамыз. Себебі, ажарлы адамның ой-өресі де биік болады. Табиғатынан көрікті, Алла Тағала берген нығметін иманымен, ақылымен ұштастыра білген қыздан артық сұлулық жоқ. Иманды әйелдің өзі де, сөзі де сұлу, өйткені, ол ылғи да ақылына жүгінеді. Ал әйелдерді қорғайтын ең мықты қалқан, ол – оның иманы. Нағыз сұлулық жан сұлулығы, жүрек тазалығы десек, соның негізі – иман. Өйткені, дүниеге ұрпақ алып келу, оған мәнді тәрбие беру, өз шаңырағының шамшырағы, отбасының ұйытқысы бола білу әрқашан әйел қауымымен тікелей байланысты. Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында нәзік жанды аруларымыз қоғамның барлық саласында да тер төгіп жүр. Тіпті, олардың Қарулы Күштер қатарында қызмет етуі ерекше мақтанарлық жайт. Ер азаматтарымызбен қатар иық тіресе, әскери қызметті өтеуде ерлік танытып жүрген аруларымыздың саны аз емес. Олар алдына қойған мақсаты мен міндетін жүзеге асыруда көштің басында келеді. Солардың қатарында Құрлық әскерлері Әскери институтының оқу-әдістемелік басқармасының ғылыми-зерттеу бөлімінің аға маманы сержант Маржан Мырзабековаға ерекше тоқталуға болады. Мемлекеттік қызметтің маңызы қашанда жоғары екенін түсінген Маржан Мақсұтқызы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Қорғаныс министрлігінің Әскери институтында бастағанды жөн көреді. Француз ғұламасы Жан Жак Руссо өзінің бір елеулі еңбегінде «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған» деп атап өтеді. Осы тәмсілді   өмірлік серік ете білген Маржан Мақсұтқызы білім беру ісіне белсене атсалысады. Алғашында жай азаматтық қызметкер болып, кейіннен курсанттарға ағылшын тілін үйрете бастайды. Егемен еліміздің болашақ әскери аудармашыларын дайындап, оларға қажетті білім беріп, тынбай еңбек етеді. Жас маман ретінде шет тілдерін оқытудың әдістемесін зерделеуде ізденімпаздық қабілетін көрсетіп, әріптестерімен өзара пікір алмасып, тәжірибе жинақтады. Әскери аудармашыларды дайындайтын шет тілдерінің әскери институты кейіннен Құрлық әскерлерінің Әскери институтының құрамына өткеннен кейін өз қызметін ары қарай жетілдіре түсу мақсатында Маржан Мақсұтқызы әскери қызметке өтуге шешім қабылдап, әскери қызметкер атанады. «Әскери қызметті өтеудің алғашқы күнінен бастап оның қыр-сырын және мәні мен мазмұнын жетік түсінуге үлкен мән бердім. Алайда, әскери қызметті өтеу үлкен жауапкершіліктен, асқан төзімділік танытудан тұратынын әсте назардан тыс қалдырмадым. Осылайша, әскери қызмет пен оқытушылық қызметті қатар ұштастыра жүріп, 2011 жылы АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Тілдік әскери институтында білімімді шыңдап келдім», – дейді Маржан Мырзабекова. 2018 жылдың тамыз айынан бастап сержант Мырзабекова  ғылыми-зерттеу бөліміне аға маманы лауазымына тағайындалады. Осы лауазымға келгелі бері Маржан Мақсұтқызы ғылыми-зерттеу бөлімінің офицерлерінің сенімді тірегі болып келеді. Сержант Мырзабекованы кәсіби шеберлігі, белсенділігі, біліктілігі үшін әріптестері  әрдайым  үлгі тұтады. Ол институттың қоғамдық жұмысына да белсене араласып жүреді. Мемлекеттік мерекелерге орай ұйымдастырылған түрлі мерекелік іс-шаралар мен түрлі байқауларда мың бұрала би билеп, ән салса, спорттан да көп белеске жеткен ару. Оның былтыр   Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бойынша өткен әскери-қолтаңбалы спорт түрлері бойынша өткен спартакиада да тамаша нәтиже көрсетіп, алдыңғы шептегі спортшы қатарына енгенін айта кеткен жөн.