1483
«ӨЗІҢ БІЛМЕ, БІЛГЕННІҢ ТІЛІН АЛМА!»
«ӨЗІҢ БІЛМЕ, БІЛГЕННІҢ ТІЛІН АЛМА!»
«Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 17 тамыз, жұма күнгі №156 санында «Зерде» айдарымен «Тарихи текетірес: Олжабай ма, Жаяу Мұса ма атты» көлемді тарихи материал жарияланған болатын. Онда Павлодар облысының Баянауыл ауданында бір атадан тараған Олжабай батыр мен әнші – композитор Жаяу Мұсаға қатысты келеңсіз жайлар сөз болып, оқырмандар арасында пікірталас туындауына себеп болған. Осыған орай автор бұл кезекті мақаласында жоғарыда айтылған тақырыпты одан әрі жалғастырып тарих, рухани жаңғыру, халық алдындағы адамгершілік парыз туралы сөз қозғайды.
Өткен 2017 жылы Павлодар облысы бойынша жергілікті кәсіпкер Айтмұханбет Қожабековтің басшылығымен «Айдабол» қоры құрылып, халық игілігіне қызмет ете бастады. Олардың ең бірінші қолға алған істері Айдабол руынан шығып, атағы «Он сан Орта жүзге ұран болған Ер Олжабай» қорымын қайтадан жөндеуден өткізіп, бүгінгі күн талабына сай зәулім кесене тұрғызу еді. Әрине, үлкен бір аймақ көлемінде қор құрып, қаражат жинау, одан жиналған қаржыны орнымен жұмсау оңай шаруа емес екендігі белгілі. Алайда «Көп түкірсе көл» демекші, мол қаражат қысқа мерзім аралығында жиналып, құрылысқа қажетті материалдар сатып алынып, көп ұзамай шебер қолдар іске кірісіп те кетті.
Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі күні ә-дегеннен-ақ, «Айдабол» қоры төрағасының көмекшісі, бұрын милиция қызметкері болған Жұмабек Беков бастығының жұмысбастылығын пайдаланып, басқарудың негізгі тізгінін: қаржылық, ұйымдастырушылық және т.б. жеке дара өз қолына жинап алғандығы анықталып отыр. Соның себебінен жаңадан құрылған қордың жұмысында қарапайым халық үшін кейбір түсінбеушілік пайда болып, уақыт өткен сайын ұлғая түсіп, ушығып бара жатқандығы байқалуда. Ең алдымен Олжабай батырдың жатқан қорымын жөндеу ісіндегі олқылықтар жайлы айтар болсақ, ақыр соңы келіспеушілікке ұласып отырған басты мәселелердің бірі құлпытас орнатуға қатысты жай.
Қордың алғашқы ұйымдастыру жиыны Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданындағы Олжабай батыр ауылында өткізілді. Жан-жақтан ағылған жүз қаралы адамға «ұйымдастыру алқасы» алдын-ала дайындап әкелген өздерінің атүсті, асығыс жасалған жоспарларымен таныстырды. Онда қордың нақты төрағасы кім болатыны және алқа мүшелері кімдерден тұратыны әлі де болса айқындалмаған еді. Осы сұрақтар бойынша біраз пікірталастар болды. Екіншіден, қорға қайдан, қалай қаржы жиналуы туралы ұсыныстар айтылды. Үшіншіден, Олжабай батыр қорымның нақты қай жерінде жатқандығы белгісіз болғандықтан, болашақ кесенені қалай тұрғызу керектігі талқыға түсті. Осы арада айтпай кетуге болмайтын бір қызық жай бар. Пайғамбар жасынан асып кеткен екі ақсақал соңдарынан шұбырған бір топ адамдарды ертіп алып, аяқ астында тапталып қалып жатқан ондаған төмпешіктердің обал-сауаптарына да қарамастан қорымның ортаңғы тұсына келіп бір-ақ тоқтады. Біреуі жер шұқылап, екіншісі жасаураған көзін қалта орамалымен қайта-қайта сүртіп тұрып, бір-бірінен қалыспай жарыса сөйлеп кетті. «Иә, иә Мәшекең ғұлама ғой, Марғұлан одан да өткен ғұлама. Сол жарықтардың айтуы бойынша батыр бабамыз нақ осы жерде жатыр» деп, осыдан екі жарым ғасырға жуық бұрын өтіп кеткен оқиғаның дәл бел ортасында болып, Олжабайды көздерімен көріп, қолдарымен қойғандай, тұрған жерлерін қолдарына ұстаған шыбық таяқтарымен айнала сызып, тірі адам сенгісіз, кез келген есті жанды есінен адастыратын ертегі айтумен айналысып кетті.
Бұл арада менің есіме бұдан он шақты жыл бұрын болған осыған ұқсас бір күлкілі жай түсті. Тағы да осы Олжабай батырдың ұрпақтары бабаларының басына кесене орнату ниетімен, оның ат шаптырым үлкен қорымның нақты қай жерінде жатқанын анықтау мақсатында, сонау Алматыдан аттай қалап, атағы біраз жерге жайылған бір көріпкел, тәуіп әйелді шақыртып алдырған ғой баяғы. Ол бейбақ масқара болғанда жоғарыда сөз болған екі ақсақал секілді қорымның ортасына барып, әбден сілесі қатқанша жынын шақырып, тайраңдап билеп, батыр аталарың осы жерде жатыр деп, аузынан ақкөбік ағып, өзі шаршап құлаған орынға ағаштан қада қаққызып, бір зираттың көлеміндей алаңды белгілеп берген екен. Абырой болғанда ол жолы белгісіз себептермен кесене көтеру кейінге қалдырылыпты. Ал, мына ақсақалдардың гөй-гөйі сол баяғы көріпкел әйелдің айтқанын қайталау емес пе екен деген бір беймаза ойдың санамды билеп алғаны рас. Осы екі «көріпкел» ақсақалдардың ешбір дәйексіз, дерексіз сөздеріне әбден елтіп алған көпшілік менің қарсылық білдірмекші болған ниетіммен есептеспегені де есімде. Айтпақшы, сол көріпкел әйелдің оқиғасы туралы мен 2010 жылы Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жарияланған «Тарихи тұлғаларға мәңгілік мекен болған жер қайсы?» деген мақаламда тоқталып, бірсыдырғы айтып кеткен болатынмын. Ұзын сөздің қысқасы, бұл жолы қорым басында аруақтарға бағыштап оқылған құраннан, берілген мол астан соң арнайы шараға шақырылған көпшілік «тамақтары тоқ, уайымдары жоқ» кейіппен өзара бір-бірімен қауқылдасып, үйді-үйлеріне тарасып жатты.
Қор алқасының екінші жиыны араға ай салып, тағы да сол Олжабай батыр ауылының кеңсесінде өткізілді. Бұл жолы жан-жақтан келген елу шамалы адамның нақты көзқарастары, айтар сын пікірлері ортаға салынды. Басты мәселе қорымның қалай жөнделетіндігі, құлпытас орнату жайы болды. Жиынға арнайы шақырылған сәулетші Бота Машрапов өз жобасын, яғни болашақ жаңартылатын қорым эскизін ортаға салды. Оның бұл ұсынысы кейбір ескертулермен, негізінен алғанда бірауыздан құпталды. Екінші мәселе қорым басына қойылатын құлпытас жайы еді. Бірінші болып қорымға қандай тас қойылуы керегі жайында жаңадан құрылып жатқан қор төрағасының көмекшісі Жұмабек Беков ұсыныс жасады. Оның биіктігі 5-6 метрлік Баянауылдың жақпар тасына Олжабай батыр туралы мәтін жазу қажеттігі туралы ойы қабылданды. Бірақ ол дайындап әкелген, бас-аяғы үш-төрт сөйлемнен тұратын мәтін сынға ілікті. Расын айтқанда, басты сыншы мен болдым. Себебі оның он шақты сөзден тұратын қарадүрсін мәтінінде 5-6 емлелік, фонетикалық және стилдік қателер бар болып шықты.
Мен осындай кемшіліктердің шығып қалатынын алдын-ала сезгендей-ақ, өз мәтінімді дайындап әкелген болатынмын. Жиналғандарға оны оқып бергенімде олар менімен бірден келісіп, құлпытасқа осындай мәтіннің лайық екендігін айтып, құптаған. Ал, менің жоғарыда айтқан сыныма шамданған төраға көмекшісі болса «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаға» басып, құлпытасқа жаңа мәтінді қасында еріп жүрген Сайлау Байбосынов ақынның жазатындығын алға тартқан. Сонымен не керек, бұл жолғы іс-шара аяқталған соң ол менің қасыма келіп, дөрекі түрде бұл іске араласпауымды сұраған. Бірақ мен онымен келіспейтінімді бір-екі ауыз сөзбен түсіндіріп, сенімен тәжікелесуге уақытым жоқ, ойыңа келгенді істеп бақ деп қолымды бір-ақ сілтегем.
Естуімше, бұдан кейін де қордың бірнеше жиыны өткізіліпті. Бірақ мен оған шақырылмадым. Расымды айтсам, жоғарыда болған келеңсіздіктен соң басқа шараларға қатысуға өзімнің де бастапқыдай ерекше ықыласым болған жоқ. Тіпті, олар өздері ашқан «Айдабол» чатына мені қосуды да жөн көрмепті. Сылтаулары − негізгі шаралар Павлодар аймағында өткізіледі, ал ол болса Астана қаласында тұрады екен. Сондағы Астана мен Павлодардың қашықтығы 400-ақ шақырым. Қазақтың «иек астындағы» жері. Ең бастысы, олар менің Керекулік, оның ішінде Баянауылдық екендігімді, Баянауыл тарихына арналған бірнеше зерттеу кітаптардың, оның ішінде бүкіл Айдабол руының үш ғасырлық тарихын қамтитын 1200 беттен тұратын «Орта жүз: Арғын-Айдабол тарихы» жылнамасының авторы екендігіммен де санаспайтындықтарын білдіріп, әлі күнге дейін доқ көрсетумен келеді.
Осының барлығын автор неге тәпіштеп жазып отыр дегендер де табылып қалар. Ондай адамдарға берер жауабым да даяр. Ең бастысы былтыр күз айында Олжабай батырға арналған іс-шараның алғашқы бастамасы жүзеге асырылыпты. Яғни, қорымның басына ұзындығы жерден 4-5 метр биік құлпытас қойылыпты. Бұл барлық қазақ халқы, оның ішінде Айдаболдар үшін де жүрекжарды қуанышты жай, әрине. Бірақ... Иә, тағы да бірақ... Неге? Өйткені осы құлпытаста жазылған мәтіннің ешбір сын көтермейтіндігі болып тұр. Биіктігінен ені де кем соқпайтын алып таста тағы да алғашқыда айтылғандай қысқа-қысқа, құрау-құрау үш-төрт сөйлем ғана қылаң берген. Шындығына келсек, мен төрағаның көмекшісінің қасында жүрген Сайлау ақын қара сөзбен емес, жыр жолдарымен Олжабай бабама құрығанда, 5-6 ауыз өлең жолдарын шашу қып сыйлар деп дәметіп жүргем. Астананың мен қызмет жасайтын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында ұзындығы 4-5 метрлік «Күлтегін» ескерткішінің көшірмесі тұр. Онда орта ғасырдың бүкіл тарихынан хабар беретін мәліметтер тұтас дастан дерлік жыр жолдарына сыйдырылған. Ал, өкінішке орай ХХІ ғасырдың құлпытасы олай болмапты, тегі төрағаның көмекшісі бүгінгінің ақынының да жазғанын ұнатпай, «списанияға» жатқызып жібергенге ұқсайды. Алдын-ала сезіп отырғандарыңыздай төрағаның көмекшісінің өзі жазған құлпытас мәтінінде «Баяғы жартас, бір жартас» демекші грамматикалық, стилистикалық қателер баршылық. Оны оқырманнан жасырғанмен ертең бәрібір қорым басына барып тәу ететін қарақұрым халық түбі бір күні көріп, оқитын болады емес пе?!. Оның үстіне халқымыздың «Ауруын жасырған өледі» деген мақалы да бар...
Жазғанымыз дерексіз, дәйексіз болмауы үшін алғашқыда құлпытасқа деп мен ұсынған мәтінге назар аударып көрелік:
«Бисмиллаһир рахманир рахим!
Бұл қорымда осыдан үш ғасыр бұрын Абылайхан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Өтеген, Малайсары, Жасыбай, Көкжал Барақ батырлар және Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жыраулармен бірге киелі Түркістаннан бастап қазақтың кең байтақ жерін жоңғар, шүршіт басқыншыларынан азат етуге қатысып, асқан ерлік көрсеткен, дүниежүзіне белгілі ғалымдар И.Я. Коншин, Г.Н. Потанин, Ф.А. Дербин, Ә.Х. Марғұландардың зерттеу нысандарына айналған, ХVІІІ-ХХ ғасыр ақын-жыраулары Сақау, Көтеш, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіптердің жыр, дастан, әңгімелеріне арқау болған, қазақтың Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет хандарының дуалы аузымен «Орта жүзге ұран болған Ер Олжабай» атағын алған Олжабай батыр Толыбайұлы жатыр. Олжабай Толыбайұлы 1709 жылы туып, 1783 жылы қайтыс болған. Руы: Арғын-Құтпан-Мейрам-Сүйіндік-Суғыншы-Шуманақ-Құлболды-Айдабол-Малқозы.«Әмин» - иә, алла өзің қабыл ет!
Ескерткіш иісі Айдабол ұрпақтарынан, 2017 жыл. Ал құлпытастың суретінен көріп отырғандарыңыздай онда қашалып жазылып, қорым басына орнатылып қойылған Жұмабек Бековтің мәтіні. (Осы қорымда) Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр Толыбайұлы Olzаbay Batur Tolubaiuli «Олжабай есен болса – ел аман» – деген атаққа ие, ата жау жоңғар басқыншыларын және 1756 ж. шүршіт әскерлерін талқандауға қатысқан, қазақ хандығының даңқты қолбасшысы (1709-1783) Руы Сүйіндік Айдабол Suindik Aydabol Батыр бабамыздың есімі қазақ халқының мәңгілік есінде. Тас қойған Айдабол ұрпақтары 2017 жыл.» Ойымызды әрі қарай өрбітпей тұрып соңғы мәтіндегі кемшіліктерге тоқталар болсақ, онда (осы қорымда) деген сөз не үшін жақшаға алынып, толық аяқталмаған сөйлемнің себепшісі болып тұрғаны түсініксіз. Екіншіден, Он сан Орта жүзге ұран болған автордың емес, басқаның сөзі болғандықтан тырнақшаға алынып жазылуы керек. Үшіншіден батырдың аты-жөнін осы арада неге латынша жазу қажеттігі болғандығын білмедік. Егер Елбасының жарлығын жүзеге асырғылары келсе мәтінді толықтай ағылшын емес, қазақша латын графикасымен жазулары керек еді. Төртіншіден, осы қорымда болғасын Олжабай батыр осы қорымда жерленуі немесе жатуы керек емес пе?! Мәтінде ондай сөз жоқ. Яғни, сөйлем аяқталмай, баяндауышынан айырылып қалған. Бұл жерде автор айтпақ болған ойын толық жеткізе алмаған. Бесіншіден, құлпытастағы басқа екі қысқа сөйлем де шығарып салма, жалпылама сөздер. Нақтылық жоқ. Алтыншыдан... Айтпақшы, елімізде орын алып отырған осындай келеңсіз жайлар туралы жуырда мен беделді деген бір қазақ сайтынан белгілі ақын, публицист Мырзан Кенжебайдың «Қазақ тобырлық мәдениеттің табынушысына айналды» деген мақаласындағы осындай «рухани жаңғыру» әлеміндегі кері кетушіліктер жайлы: «Бүгінде Қазақстанның қай қаласына, қай аудан орталығына, тіпті ауылдарына барсақ та бір-бір бетон атқа мініп, қолына бетон қылыш не найза (іші арматура) ұстаған көздері бадырайған, мұрты едірейген бірінен-бірі айнымайтын батырлардың ескерткішін көреміз. Олардың әрқайсысы бір-бір рудың, тіпті сол рудың ішіндегі аз ғана аталықтың батырлары. Олар кіммен, қай жерде, қай жылы соғысты, ол туралы қандай дерек бар десең, жоңғарға қарсы соғысқан дейді. Соларға қарап кейде қазақтың батырлары жоңғардың әскерінен де көп болған ба деп қаласың. Олар туралы әр ру, әр аудан, әр облыс кітап шығарады. Ішінде «е, солай болған екен ғой» деп көзіңді жеткізерлік сыңар ауыз дерек жоқ. Сосын оларға арнап шартараптан меймандар шақырылып ағыл-тегіл ас беріледі. Баяғы құнан бәйгі, дөнен бәйгі, балуандар күресі, айтыс, концерт, лепірме сөз! «Өлгеніміз-тірілгеннің, өшкеніміз-жанғанның» әсіре тәуелсіздік алғанымыздың «айқын айғағы осы ғана», – деп ашынған жанайқайын оқығаным бар. Бұған қарағанда біздің Олжабай бабамыз жоғарыда көрсеткеніміздей тарихта болған, жасаған ерліктері қатталып мұрағаттарда сақталған, ғасырлар бойы талай зерттеулер мен шығармалардың нысанына, кейіпкеріне айналған тарихи тұлға емес пе? Тағы да қайталап айтарымыз, ескерткіш, құлпытас бұл аты-жөндері қарт тарихта мәңгілік сақталып қалған біртуар тұлғаларға туған халқының атынан берілген баға, яғни оның бет-бейнесі, былайша айтқанда паспорты десек қателеспейміз. Қабір не қорым басына құран оқып, дұға бағыштауға келген жан ең алдымен тастағы жазу арқылы, сонда жатқан адамның бар тарихын, жан жүрегімен қабылдап, түсініп ата-бабаларына деген ризашылықтан шаттық сезімге бөленуге тиісті. Бірақ, өкінішке қарай біздің мысалымызда олай болмай тұр. Бардың өзін ұқсата алмай, жалпыхалықтық істі бір адамның өзімбілемдікке салып, жеке бастың қамына айналдыру фактісі ешбір шеңберге сыймайтын қылық. Сондықтан Олжабай батыр туралы сол кезеңде, одан кейініректе жазылған тарихи және көркем шығармалардың мол екендігін тағы да бір еске сала отырып, «Жібекті түте алмаған жүн етедінің» кері болып жүрмегей», − дегіміз келеді.Қырықбай АЛЛАБЕРГЕН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор